Accessibility links

Лондондағы «қазақ ауылы» мен алғашқы бәсеке


Қазақ боксшысы Саида Хасенова дайындық кезінде. Лондон, 26 шілде 2012 жыл

Қазақ боксшысы Саида Хасенова дайындық кезінде. Лондон, 26 шілде 2012 жыл

Лондонда бүгін Астана уақытымен түнгі сағат екіде ХХХ жазғы олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Көпшілік үміт артып отырған қазақстандық ауыр атлеттер Арли Чонтей мен Фархад Харки «денсаулығына байланысты» жарысқа қатыспайтын болды.

Бүкіл әлем көз тігіп отырған Лондондағы жазғы олимпиадаға Бейжің олимпиадасынан да көп спортшы (12 жарым мың спортшы) жиналған. Олардың барлығы да олимпиада қалашығына орналасты. Баяғыда бәйге алдында қазақтардың жүйріктерін көптің көзінен алшақ ұстайтыны секілді кейбір мықты спортшылар ғана қалашыққа орналаспай, қаладағы көзге түсе бермейтін қонақ үйлерге жайғасқан.

ЕКІ АУЫР АТЛЕТТІҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ

Олимпиада басталмай жатып, кенеттен үміт артып отырған қазақстандық екі спортшының жарыс алаңына шықпайтыны белгілі болды. Бұлар: Қытайда туып-өсіп, Қырғызстанда тәрбиленген, ұлты дүнген екі ауыр атлет: 56 кг салмақ дәрежесіндегі Чонте Арди мен 62 кг салмақтағы Харки Фархат. Өз салмақтарында Қазақстанның чемпионы болған, рекордтық көрсеткіштер көрсетіп жүрген бұл екі спортшыға «алтын болмаса да, күміс, қола алады» деп Қазақстан жағы зор үміт артып келген еді.

Шілденің 26-сы журналистермен өткен баспасөз мәслихатында жоғарғы спорт және спорт ізбасарлары департаментінің директоры Тастанбек Есентаев бұл мәселеге қатысты:
Қазақстандық ауыр атлеттер. Астана, 12 шілде 2012 жыл.

Қазақстандық ауыр атлеттер. Астана, 12 шілде 2012 жыл.


«Екі спортшымыз осы жаққа келгеннен кейін кішкене науқастанып, соған байланысты олар жарыс жолына шықпайтын болды. Олардың орнына жаңадан алғызған басқа екі спортшы шығады» деді (Бүгін ол спортшылардың Кирилл Павлов пен Александр Зайчиков екені хабарланды – ред.).

Тәжірибелі спорт журналисі ретінде айтарым, спортшылардың «кенеттен ауырып қалғаны» күмән туғызады. Менің пайымдауымша, бұл спортшыларға жарысқа қатысуға туып-өскен Қытай мемлекеті рұқсат бермей қойған секілді. Шын мәнінде жүлдеге таласатын мықты болғаннан кейін Қытай ең соңғы сәтте бұл екі спортшының олимпиадада шығуына рұқсат бермеген. Бұл – жеке ойым.

ОЛИМПИАДАШЫЛАРЫМЫЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ БӘСЕКЕСІ

Олимпиаданың ресми ашылуы әлі болмағанмен футбол, садақ тарту секілді ұзаққа созылатын ойын түрлерінен сайыстар басталып та кетті.

Қазақстан спортшылары Лондон олимпиадасындағы алғашқы жарыстарын шілденің 27-і күні таң атпай бастады. Садақшыларымыз Денис Ганкин мен Анастасия Баннова жарыс алаңына шықты. Сарапшылардың айтуынша, бұлар жүлде әкеледі деген спортшылар қатарынан емес. Іріктеу кезеңінде Ганкин 17-ші, ал Баннова 54-ші орында қалды.

«ҚАЗАҚ АУЫЛЫ»

Шілденің 26-сында олимпиадалық қалашықтың тура түбінде, стадионның жанында «Қазақ ауылы» және қазақ журналистеріне арналған баспасөз орталығы ашылды. Сол күні Лондонға президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да келгені белгілі болған еді.
Трафальгар алаңына жиналып, олимпиада сағатын қызықтаған жұрт. Лондон, 26 шілде 2012 жыл

Трафальгар алаңына жиналып, олимпиада сағатын қызықтаған жұрт. Лондон, 26 шілде 2012 жыл


Лондонның аса бір көрікті, межелі жерінде орналасқан орталықтың ресми ашылуына осында оқып жатқан қазақ студенттер, осы жердегі елшілік өкілдері, жанкүйерлер, қазақ спортына қатысты ресми адамдар қатысты. Олардың арасында Ұлыбританиядағы Шыңғыс Айтматов академиясының ректоры Рахима Абдуллаева, Ұлыбританиядағы қазақ қауымдастығының төрағасы Исмаил Кесиджи де болды.

- Ұлыбританияда жүргенде бір қазақты қайдан көреміз деуші едік. Жүздеген қазақ келіп қалыпсыздар. Құшағымызды қалай ашсақ та сиясыздар, - деп Исмаил көзіне жас ала сөйледі.

Бұл шараға жанкүйерлер қатарында самбодан әлем чемпионы Айтжан Шаңғараев, дзюдошы, бір отбасынан үш бірдей атақты балуан шыққан Талғат Байшолақов (өкінішке қарай Қанат Байшолақов марқұм болып кеткен) та келген.

ЛОНДОН-2012 ЖҰЛДЫЗДАРЫ

Әлемдік баспасөз биылғы олимпиаданың ең қызықты кереметтері - ямайкалық жеңіл атлет Усеин Болт пен америкалық жүзгіш Майкл Фелпстің қандай медальдар алатынын қызу талқылап жатыр. Кеше ғана Бейжің олимпиадасында үш алтын алған Усеин Болт әлем рекордын 100 метрге жүгіруде 9:69 секундқа дейін жеткізген болатын.

Ал осы Лондон олимпиадасында Болтты зерттеп жүрген мамандардың айтуына қарағанда бұл атлет жүз метрге жүгіруден әлем рекордын 9:4 немесе 9:2-ге дейін өзгертуі мүмкін. Яғни, бұл баяғы ертегіде айтылатын құс қанаты жетпейтін желаяқтың өзі жете бермейтін жылдамдық деп айтуға болады. Мұндай көрсеткішке қол жеткізген жеңіл атлет бір секундта 10 метрден аса қашықтықты басып өтуі мүмкін.

Дүбірлі Лондон олимпиадасының жарыстары мен қызықты оқиғаларын алдағы күндері ары қарай әңгімелеп отырмақпыз.

Редакциядан: Несіп Жүнісбайұлы - Қазақстан спорт журналистері қауымдастығының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Спорт" газетінің бас редакторы, қазақтың тәжірибелі спорт журналисі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG