Accessibility links

«Қытай боксшысында кеткен есемді қайтарсам»


Боксшы Біржан Жақып. Алматы, 10 мамыр, 2012 жыл

Боксшы Біржан Жақып. Алматы, 10 мамыр, 2012 жыл

Біржан Жақып – биылғы Лондон олимпиадасына қатысатын қазақстандық тоғыз боксшының бірі. Бүгінде Біржан команда мүшелерімен бірге Алматы шетіндегі ұлттық құрама базасында дайындалып жатыр. Бапкерлері оның «финалға шығатындай шамасы бар» дейді.

Біржан Лондон олимпиадасының жолдамасын алу үшін көп тер төкті. Тіпті олимпиадаға бармай қалу қаупі де төнген. 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында боксшымыз бірінші кездесуінде-ақ кубалық Ясвани Вейтиаға жол беріп, жарыстан шығып қалды. Ал әлем біріншілігінде 49 келі салмақта Азия құрлығына бөлінген бес жолдаманы Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Филиппин және Таиланд боксшылары иеленіп қойды.

ЖОЛДАМА ЖЫРЫ

Осылайша, Біржан үшін Лондон ойындарының есігі жабылған-ды. Дегенмен бапкерлер мен Қазақстан бокс федерациясы араласып жүріп, Халықаралық бокс федерациясынан (AIBA) Азия құрлығына тағы бір жолдама бөлгізді.

- 49 келі салмақ дәрежесі бойынша Азияда бәсеке өте мықты. Соңғы әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарында бұл салмақтың жүлделерін Азия боксшылары меншіктеп алған. Ал Біржан Азияда көшбасшылардың бірі. Сондықтан AIBA-ға хат жаздық. Олар біздің ұсынысымызды ескеріп, Азияға бұл салмақ дәрежесі бойынша бір жолдаманы Еуропа құрлығынан алып берді. Ал Азия аймағы Еуропаға 75 келідегі бір жолдамасын берді, - деді Қазақстан құрамасының бапкері Мырзағали Айтжанов Азаттық тілшісіне.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов (оң жақта) жаттығу кезінде Біржан Жақыпқа кеңес беріп тұр. Алматы, 10 мамыр, 2012 жыл

Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов (оң жақта) жаттығу кезінде Біржан Жақыпқа кеңес беріп тұр. Алматы, 10 мамыр, 2012 жыл


Біржан 49 келі бойынша бөлінген қосымша жолдаманы Астана қаласында өткен олимпиадалық іріктеу сынында жеңіп алды.

- Біржанға жолдама мәселесі психологиялық тұғыдан ауыр тиді. Тіпті «Лондонға жолдама ала алмадым, боксты тастаймын» деген кездері де болған. Біз оны «бұл мәселені көп созбай шешіп береміз деп жұбаттық, - деді Айтжанов.


«НАҒЫЗ ПІСІП-ЖЕТІЛГЕН ШАҒЫМ...»

Біржан Жақып – ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың шәкірті. 14 жасынан бері осы жаттықтырушының қол астында дайындалып жүр. Айтжановтың айтуынша, Біржан биылғы олимпиададан кем дегенде күміс жүлде алуы тиіс. Ал Біржанның өзі алтын аламын деп сөйлейді.

- Бұл менің соңғы олимпиадам болуы мүмкін. Қазір жасым 28-ден асты. Бәлкім Бразилияда өтетін ойындарға да қатысармын. Бірақ қазір менің нағыз пісіп-жетілген шағым. Сондықтан қалайда олимпиадада топ жарсам деймін, - деді ол Азаттық тілшісіне.
Биыл Зоу Шиминьді қалайда жеңуім керек. Басты мақсатым - осы. Бұйырса, Лондоннан құр қол келмеймін.

Қытайлық Зоу Шиминь – Біржан Жақыптың олимпиада ойындарындағы басты қарсыласы. Екеуі Бейжің олимпиадасының ширек финалында кездесіп, қытайлық боксшы жеңіске жеткен. Ал 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының финалындағы кездесуде тағы да Шиминь басым түскен еді.

«Биыл Зоу Шиминьді қалайда жеңуім керек. Басты мақсатым - осы. Бұйырса, Лондоннан құр қол келмеймін» деді Біржанның өзі.

- 49 келіде ресейлік әлем чемпионатының жүлдегері Давид Айрапетян, Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері моңғолиялық Сердамба Пуревдорж, Еуропа чемпионатының жүлдегері түрік Ферхад Пехливан, кореялық Чин Жон Хун сынды боксшылар да жүлде алуға барын салады. Демек Біржан үшін басты қарсылас тек Зоу Шиминь ғана емес, осы аталған боксшылар да қауіпті, - деді бас бапкер.

«ЖАТТЫҒУДАН ШАРШАМАЙТЫН БОКСШЫ»

Біржан күнінің тең жартысын жаттығу залында өткізеді. Таңғы сағат 8-ден басталған жаттығу түскі асқа дейін жалғасады. Одан кейін тамақтанып, сәл тынығып алған соң, залға қайта оралады. Ал кешкі салқынмен 5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтеді.

Боксшының жаттығуын күнделікті бақылап, ақыл кеңес беріп жүретін бапкерлердің бірі Нұрғали Сафиуллин Біржанның өте еңбекқор екенін айтады.
Бокстан Қазақстан құрамасының аға бапкері Нұрғали Сафиуллин, Алматы, 10 мамыр 2012 жыл

Бокстан Қазақстан құрамасының аға бапкері Нұрғали Сафиуллин, Алматы, 10 мамыр 2012 жыл


- Жаттығудан шаршаған емес. Кез-келген қиындыққа төзе біледі. Күніне 10-13 сағатқа дейін жаттығады. Біржанның бабы дайын, енді бағы жанса екен , -деді Сафиуллин.

Біржанның жаттығудан қолы босай бермейді. Сәл босаса, интернет қопарып, спорт жаңалықтарын оқуға құмар. Ол олимпиадаға қатысатын қарсыластары жайлы интернеттен мәліметтер оқып, іштей зерттеп жүр.

- Кез келген спортшы үшін денсаулық – маңызды мәселе. Жарақат алып немесе суық тиіп қалса бокстасу қиынға соғады. Сондықтан қазір денсаулығымды да күту үшін жаттығудан соң бірден қымыз ішемін, - деді Біржан.

Шымкенттік боксшы Лондон олимпиадасына шілденің 25-інен кейін аттанады. Ал шілденің 31-і күні алғашқы жекпе-жегіне шығады.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG