Accessibility links

2013 жылғы медицина cаласындағы жаңалықтар


Денсаулық саласы шенеунігі микроскопқа қарап тұр. (Көрнекі сурет)

Денсаулық саласы шенеунігі микроскопқа қарап тұр. (Көрнекі сурет)

2013 жылы денсаулық сақтау, медицина саласында жаңалық көп болды. Бірақ кіл жетістік емес, арасында алаңдаушылық туғызатын, жаңадан шыққан қауіпті вирустар туралы деректер де бар.

2013 жылы медицина ғалымдары ВИЧ пен полиомиелитке, жаңадан шыққан қауіпті вирустарға қарсы күресте бірқатар табысқа жетті. Адам органдарын қолдан жасау технологиясы дамыды. Осы жылы Украинада өлімге беттеген сырқаттың азабын азайтатын есірткі дәрілерді қолдануға рұқсат етілді. Бұдан басқа жаңалықтар мен оқиғалар толып жатыр, соның ішінде медицинаны тұйыққа тіреген жаңа індеттердің де төбесі көрінген.

СПИД/ВИЧ

2013 жылы қаңтар айында Квинсленд (Австралия) медицина университеті ғалымдары «инфекцияның таралуына тосқауыл қою үшін ВИЧ ішіндегі ақуызын (протеин) өзгертудің жолын таптық» деп мәлімдеді.

Профессор Дэвид Харридің (David Harrich) айтуынша, «егер клиникалық сынақтар сәтті өтсе, болашақта СПИД-пен күрес нәтижелі болмақ».

ВИЧ вирусы.

ВИЧ вирусы.

- Бұл терапия СПИД-тен жазылуға көмектесуі мүмкін. ВИЧ-тің инфекциясы жойылып кетпейді, бірақ осы тәсілмен аурудың асқынуына тосқауыл қоюға болады деп үміттенеміз. Иммун жасушаларында болатын бұл протеин иммунитет жүйесінің мүлде жойылып кетпеуінен сақтайды. Осының арқасында СПИД жұқтырған адам аман-сау жүре береді, - дейді ол.

Ғалымдар тағы бір үлкен жаңалықты наурыз айында жариялады. Дәрігерлер ВИЧ инфекциясымен туылған нәрестені аурудың алғашқы сатысында емдеп жазған. Бұл емнің барлық балаға дәл осылай оңынан әсер ететініне көз жеткізу үшін әдісті тағы да зерттеу керек. ВИЧ-тен айыққан Миссисипидегі (АҚШ) нәрестенің қанынан соңғы бір жылда қауіпті инфекция қайта табылған жоқ.

ПОЛИОМИЕЛИТ

Пәкістан мен Сирияда полиомиелит індетінің тарауы өте қауіпті инфекциямен күресті қиындатып жіберді.

Полиомиелит кең тараған үш елдің бірі - Пәкістан. Бұл елдегі қарулы исламшыл топтар вакцина салатын дәрігерлерді ұрлап әкетіп, тіпті кейде оларды атып өлтіріп, індетпен күресуге кедергі келтіріп отыр.

Дәрігер балаға полиомиелитке қарсы вакцина егіп тұр. Пәкістан.

Дәрігер балаға полиомиелитке қарсы вакцина егіп тұр. Пәкістан.

Осының кесірінен Пәкістанда 2012 жылы полиомиелит жұқтырған 58 науқас тіркелсе, биыл бұл ауруға шалдыққандар саны 70-тен асты.

Ал Нигерияда былтыр полиомиелитпен 110 адам ауырса, 2013 жылы індетті жұқтырған 50 адам тіркелді. Былтыр Ауғанстанда 31 адам осы дертке шалдықса, биыл тоғыз адам ауырды.

Өткен қараша айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Пәкістаннан тараған вирустың кесірінен Сирияда полиомиелиттің қайта шыққанын хабарлады. Сирияда 13 бала осы аурудан сал болып қалған. Сирия бұл дертті 14 жыл бұрын тоқтатқан еді, бірақ азамат соғысының кесірінен соңғы үш жылда вакцина егу жұмыстарын жүргізу қиындап кеткен.

ЖАҢА ВИРУСТАР

Денсаулық сақтау саласының сарапшылары 2012 жылы бірінші рет анықталған аса қауіпті вирусқа байланысты алаңдаушылықтарын білдірді. «Коронавирус» аталатын қауіпті індет ішкі органдарды қабындырады. Одан адамның бүйрегі істен шығып, басқа да дене мүшелері сал болып қалуы мүмкін. Бұл вирус 2003 жылы әлемге тарап, 800 адам өмірден озды.

Коронавирустың таралуы оңай. Бір адамнан екінші адамға тез жұғады. Таяу Шығыс пен Еуропада бұл вирусты 160 адам жұқтырған. Коронавирус жұқтырған адамдардың 68-і өлген.

Коронавирус.

Коронавирус.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жұқпалы аурулар бойынша маманы Грегори Хартли:

- Бұл вирус А типті пневмония мен кәдімгі тұмау вирустарымен бір тұқымнан тарайды. Бірақ бұл вирус олардан сәл ерекше. А типті және жәй тұмау вирусымен салыстырғанда бұның жұқпалы қасиеті кемдеу. Есесіне жұқтырған адамды өлтіріп жіберу қаупі анағұрлым жоғары, - дейді.

Коронавируспен қатар Қытайдан шыққан тағы бір аса қауіпті жаңа індет жайлы да ақпараттар тарады. Былтырғы ақпан айынан бері Н7N9 вирусын жұқтырған 140 адамның 45-і қайтыс болған. Бірақ бұл құс тұмауы вирусы адамнан адамға жұға береді дегенге айқын дәлел жоқ.

МИҒА БАҒЫНАТЫН ПРОТЕЗ

Адамдар миы арқылы басқара алатын протездер туралы да жаңалықтар бар.

АҚШ-тың DARPA әскери зерттеу орталығы биыл жазда Ирактағы соғыста оң қолынан айрылған бұрынғы сержант Глен Лехманның протез қолымен кофе ішіп, мойнына шарф орап, теннис добын көтеріп алып жатқан видеосын жариялады.

Бұл протездің «бұлшық етін» ми сигналдары арқылы қозғалтуға болады.

МЕДИЦИНАДАҒЫ ЕСІРТКІ

2013 жылы мамыр айында Украинаның «Морфи» сияқты есірткі дәрілерді жазылмайтын дертке шалдыққан кісілердің азабын азайту үшін қолдануға рұқсат бергені айтарлықтай жаңалық болды.

Мұндай заң ТМД елдерінің ішінде Украинада тұңғыш рет қабылданып отыр. Заң есірткі дәрілердің сырқат жандардың азабын азайту үшін берілуін жеңілдетті.
Бұл жаңа ереже айықпас дертке шалдыққан адамдар үшін зор жеңіс болды.

Human Rights Watch ұйымының денсаулық саласын зерттеуші маманы Диедерик Лохманның айтуынша, «бұл жаңа ереже айықпас дертке шалдыққан адамдар үшін зор жеңіс болды». Бұрын дауасыз дертке шалдыққан жандар өмірден ауыр азаппен, қиналып жатып озатын.

- Дәрігерлер оларға «Сіз үшінші дәрежелі ракпен ауырасыз, ешқандай жәрдем көрсете алмаймыз». Не болмаса «Антиретровирусты препараттар сізге енді әсер етпейді. Енді үйіңізге барып, өлімге дайындала беріңіз» деп сырқат жандарды үйлеріне шығарып салатын жағдайлар жиі болатын, - дейді ол.

(Антуан Блуаның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Сағынай Кәрім)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG