Accessibility links

«МН17 апатына Кремль жауапты болуы мүмкін»


"Бук" кешені алдында тұрған ресейлік сарбаздар. (Bellingcat баяндамасынан алынған сурет).

"Бук" кешені алдында тұрған ресейлік сарбаздар. (Bellingcat баяндамасынан алынған сурет).

Bellingcat зерттеу тобы МН17 рейсі ұшағының апатқа ұшырауына Ресей билігі мен әскерилерінің қатысы болуы мүмкін екенін көрсететін деректер бар баяндамасын жариялады.

Malaysia Airlines әуе компаниясына тиесілі МН17 рейсі ұшағының апатқа ұшырау себебін тексерумен айналысқан халықаралық Bellingcat зерттеу тобының бүгін жариялаған баяндамасында ұшақ апатына ресейлік әскери бөлімшенің қатысы болуы мүмкін деп көрсетілген.

Bellingcat тобының алдыңғы есептерінің бірінде, Нидерланд әуе саласы билігінің мәлімдеуінше, малайзиялық ұшаққа тиген зымыран Ресейдің 53- зениттік-зымыран бригадасына тиесілі «Бук» кешенінен ұшырылған болуы мүмкін екені айтылған. Ұшақ бортындағы 298 адамның бәрі қаза тапқан.

Bellingcat бүгін жарияланған баяндамада ұшақ апатына қатысты жайттарды білетін әрі «Бук» қондырғысынан «жер-әуе» зымыранын жіберуі мүмкін деп болжайтын ресейлік әскерилер жайлы ақпарат бар. Былтыр желтосқанда Bellingcat баяндаманың толық нұсқасын Нидерланд прокуратурасына берген. Онда Bellingcat сарапшыларының мәлімдеуінше, малайзиялық лайнерді атып түсірген деп болжанатын «Бук» қондырғысының жүріс-тұрысы жайлы ақпаратты білетін ондаған ресейлік әскерилердің аты-жөні көрсетілген тізім бар.

Bellingcat жариялаған баяндамада әскерилердің көбінің аты-жөні өзгерген, фотосуреттері боялған. Олар жайлы деректер мен суреттер ашық ақпарат көздері – көбінесе әлеуметтік желілер мен жаңалық сайттарынан алынған.

MH17 ұшағының зерттеуші мамандар қайта құрастырған қаңқасы. Нидерланд, 13 қазан 2015 жыл.

MH17 ұшағының зерттеуші мамандар қайта құрастырған қаңқасы. Нидерланд, 13 қазан 2015 жыл.

Амстердамнан Куала-Лумпурға ұшып бара жатқан MH17 рейсі ұшағы 2014 жылдың 17 шілдесінде Украинаның шығысында радардан жоғалып кеткен. Ұшақ сынықтары мен қаза тапқандардың дене қалдықтары Ресей қолдайтын сепаратистер мен Украинаның үкіметі әскерлерінің арасында болып жатқан шайқас аймағынан табылған.

Ресей «Бук» зениттік-зымыран кешені біздікі емес» деп мәлімдеген. Ресей Украинаның шығысындағы өзі қолдайтын қарулы жасақтардың МН17 ұшағы апатына қатысы бар болуы мүмкін деген деректерді де терістеген. Сепаратистер батальоны командирінің ұшақты сепаратистердің атып түсіргенін көрсететін мәлімдемесін көп ұзамай жойып жіберген. Ресей билігі МН17 ұшағы апатына қатысты мәлімдеген болжамдардың ішінде жолаушылар ұшағына Украинаның жойғыш ұшағынан жіберілген зымыран тиген деген болжам бар.

Bellingcat тобы зымыран ұшырылған деп болжанған «Бук-М1» кешені 23-25 маусым аралығында Луганск қаласы маңына әкелінген, ал лайнерге тиген зымыран Донецк облысындағы Снежное қаласы түбіндегі позициядан атылған деген ұйғарым жасаған. Bellingcat дерегінше, «Бук» экипажы құрамы көбінесе Ресейдің Курск қаласы түбінде орналасқан 53-зениттік-зымыран бригадасына қарасты 2-автомобиль батальоны әскерилерінен тұрады. Жаңа баяндамада осы батальонның басшылары туралы деректер бар.

«2014 жылдың 17 шілдесінде МН17 ұшағын атып түсірді деп болжанатын «Бук» экипажы құрамында 53-зениттік-зымыран бригадасы солдаттары немесе офицерлері болғанын көрсететін тура айғақтар жоқ» делінген баяндамада. Бірақ баяндама авторлары ресейлік экипаж Украина шекарасынан «Бук-М1» қондырғысымен бірге өтуі мүмкін деп болжамды да қарастырады.

Bellingcat болжамынша, егер «Бук» экипажы ресейлік әскерилерден тұрса, оларды іріктеумен әлгі батальонның командирі болған Дмитрий Т. деген адам немесе 53-зениттік-зымыран бригадасын басқаратын полковник Сергей Мучкаев айналысқан болуы мүмкін. Bellingcat Украинаның шығысындағы сепаратистерге «Букты» беруге Ресей бөлімшелерінің қатысы бар деген болжамды да қарастырады.

«Бірақ бұл сценарий екіталай, өйткені «Бук» зениттік-зымыран кешені басқарылуы қиын әрі қымбат тұратын қару саналады, сондықтан Ресей тиісті дайындықсыз оны сепаратистер тобына берді дегенге сену қиын» дейді Bellingcat.

КӨРНЕКІ СУРЕТ: Bellingcat тобының MH17 апаты жайлы зерттеуінде аталған әскерилер

Bellingcat тобы МН17 ұшағын атып түсіруге қатысы бар деп болжайтын командирлер құрамында 53-зениттік-зымыран бригада бастығы Мучкаев бағынышты Батыс әскери округының зениттік-зымыран құрылымы қолбасшысы полковник Алексей Золтовтың есімдері бар.

Зерттеу тобының мәлімдеуінше, «Бук» экипажына басшылық жасау мен жасақты жабдықтауға Мучкаев жауапты болғанымен, әскери техниканы шекарадан өткізу туралы шешімді Кремльге дейінгі жоғарғы әскери басшылық, тіпті президент Владимир Путиннің өзі қабылдауы мүмкін. Bellingcat тобының хабарлауынша, егер МН17 ұшағына ресейлік «Буктан» атылған зымыран тисе, МН17 ұшағы апатына Ресей қорғаныс министрлігі мен Донецк және Луганск ресубликалары командирлері мен басшылары жауапты.

КӨРНЕКІ СУРЕТ: Bellingcat тобының MH17 апаты жайлы зерттеуінде аттары аталған лауазымды тұлғалар

Кезінде Associated Press агенттігі сияқты Батыс БАҚ-тары ұшақ апатқа ұшыраған күні Ресейдің Мәскеу және өзге облыстарынан келген әрі орысша акцентпен сөйлейтін әскерилері әкелген «Бук-М1» ЗЗК Украинаның шығысындағы Снежное қаласы түбінде болған деп хабарлаған. Украина арнайы қызмет жазып алған тіркеген телефон әңгімелеріне қарағанда, ұшақ апатқа ұшыраған күні бүлікшілер жасағының командирлері әскери ұшақ деген болжаммен әлдебір ұшақты зымыранмен атып түсіргені жайлы сөйлескен.

Халықаралық зерттеу тобы жүргізген тексеру нәтижелері биылғы жылдың аяғына дейін жарияланады деп жоспарланған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG