Accessibility links

Совет кезіндегі ісін айып көрмейтін президент


Молдова президенті Николае Тимофти. Кишинев, 16 наурыз 2012 жыл.

Молдова президенті Николае Тимофти. Кишинев, 16 наурыз 2012 жыл.

Николае Тимофтидің совет кезінде диссидентті жындыханаға жібергенін айыптағандар оның отставкаға кетуін талап етеді. Ал Молдова президенті "советтік ғұмырды артқа тастағанын" айтады.

Молдова президенті Николае Тимофтидің совет заманында судья болған кезде белгілі диссидентті психиатриялық емханаға жібергені туралы газет мақаласынан соң, бұған дейін оны қолдағандар президенттің қызметтен кетуін талап етті. Президенттің өзі өткен ісін «айыпқа» санамайды. Азаттық тілшісі Лилиана Барбэрошиенің жазуынша, бұл оқиға Тимофти қатарластарының «екіге жарылған» өмірін айқын көрсетті.

ШИРЕК ҒАСЫР БҰРЫНҒЫ ШЕШІМ

«Президент жас жігітті шындықты айтқаны үшін жындыханаға жіберген. Ол науқас емес еді! Сондықтан президент отставкаға кетуі тиіс!» деді Молдовадағы батыс коалициясын қолдайтын либералдық партия жетекшісі Михай Гимпу.

Бұрын Молдова президенті міндетін атқарған Михай Гимпу былтыр Николае Тимофтидің президент болуын мақұлдап, «озық ойлы тұлға, 1990 жылы реформаны бастағанда бізбен бірге болды» деп мақтаған еді. Молдовада екі жылға созылған билік дағдарысынан кейін 2012 жылдың наурызында Тимофти президент болып сайланған тұста оның өткенін ешкім қазбаламаған.

Биыл сәуірдің 5-і күні жергілікті «Панорама» газетінде Молдова президенті Николае Тимофтидің совет заманында судья болып істеген кезде Георг Давидқа шығарған шешімі туралы мақала жарияланды. Давид «Румынияның шығыс провинциясы Бессарабияны (қазіргі Молдованың көп бөлігін қамтиды) Совет Одағы басып алды» және «Чехословакия (1968 ж.) мен Ауғанстанға да (1979 ж.) басқыншылық жасады» деп мәлімдеп, советтік режимге қарсы көзқарастағы диссидент болған еді.

Азаттық радиосына сұқбат берген Давидтың қарындасы Мария Вульпе Украинадағы Днепропетровск психиатриялық емханасында ағасының денсаулығына өлшеусіз зақым келгенін айтты. «Олар ағама мәжбүрлеп есірткі салған, ұрып-соққан, тағы қандай сұмдықтарды бастан өткергенін бір Құдай біледі» деді Вульпе.
Молдова президенті Николае Тимофти (сол жақта). Кишинев, 16 наурыз 2012 жыл

Молдова президенті Николае Тимофти (сол жақта). Кишинев, 16 наурыз 2012 жыл


Алғашында Тимофтидің өкілі президенттің сол замандағы заңға сай әрекет еткенін алға тартып, оның кешірім сұрамайтынын айтты. Бірақ Гимпу сияқтылардың мәлімдемесінен кейін, президент Тимофти ашық хат жариялап, 1987 жылы совет судьясы ретінде молдовалық диссидент Давидке қатысты «қатыгез жаза» қолданғанын мойындады.

«Судья ретінде өзімді айыпты санамаймын. Бірақ адам ретінде қателескенімді мойындаймын» деп Тимофти Давидтың отбасынан кешірім сұрады. «Мен тағдыры қақ айырылған буынның өкілімін» деді Молдова президенті. Ол қазір «басқа молдовалықтар тәрізді советтік ғұмырын артқа тастап, батыстық саясатқа жақтас екенін» айтты. Судья ретінде қызмет мансабын 1976 жылы бастаған Тимофти совет дәуіріндегі осыған ұқсас басқа да оқиғаларға өзінің қатысы бар-жоғын ашып айтпады.

ДИССИДЕНТ

Георге Давид 1986 жылы тамыздың 1-інде тұтқындалды. Оны Кишиневтегі түрменің психиатриялық бөліміне жатқызды. 1986 жылдың желтоқсанында психиатриялық комиссия оны «ақыл-есі кеміс» деп таныды. 1987 жылы қаңтардың 12-і күні судья Тимофти оны заңды түрде айыпты деп танып, «ұлтшылық идеясын таратқан, орыс ұлтын жек көруге итермелеп, Совет Одағының лениншіл коммунистік партиясының беделін түсірді» деген сөздері бар үкімге қол қойды.
Молдова президенті Николае Тимофти румын тілі мейрамына арналған шараға келе жатыр. Кишинев

Молдова президенті Николае Тимофти румын тілі мейрамына арналған шараға келе жатыр. Кишинев


Давидтың оқиғасына Батыс елдері, Amnesty International ұйымы да назар аударды. Азаттық радиосы да көп хабарлар арнады. 1988 жылдың ортасында, совет басшысы Михаил Горбачевтің «қайта құру» дәуірінде, Георге Давид емханадан шықты, бірақ биліктің шешімімен екі жылға Днепропетровск қаласында қалды. Совет одағы тараған соң ол биліктен шеккен шығынның орнын толтыруды талап етіп арызданды. 2005 жылы Давидті қайтадан күштеп психиатриялық тексеруге жіберді.

Одан шыққан соң диссидент Страсбургтегі адам құқын қорғау сотына шағым жазды. 2007 жылы Георге Давид дүние салғанда оның ісі қарауда жатқан еді. Келесі жылы Страсбург соты Давидтың шағымын қанағаттандырып, Молдова сотын Давидтың отбасына 4000 еуро төлеуге міндеттеді.

«КЕШІРУДЕН БАСҚА АМАЛ ЖОҚ»

Азаттық тілшісі Лилиана Барбэрошиенің жазуынша, Молдова президентінің өткеніне қатысты газет мақаласы Тимофти қатарлас буынның «екіге жарылған» тірлігін айқын көрсетіп берді. Молдова тұрғындарының көбі Тимофтидің замандастары «іштей екіге жарылып» өмір сүргеніне келісетін сияқты.

«Тимофтиді неге кешірмеске? Адам қателеседі, сосын оны түсініп кешірім сұрайды. Президент айыбын мойындады. Ал Гимпу мырза өткен оқиғаны саясаткер ретінде пайдаланып отыр» дейді Давидтың досы болған Николае Негру атты журналист.

«Молдовада коммунистік билік тұсындағы қылмыстарды әшкерелеу талпыныстары сәтті болған емес. Елдегі коммунистік партияға жетекшілік ететін Владимир Воронин президент болған кезде постсоветтік мұрағаттардың басым бөлігі жоғалып кетті» деп жазады Лилиана Барбэрошие.

Тіпті Давидтың қарындасы Мария Вульпе де кешіруден басқа амалы жоқ екенін айтады. «Басқа не айтамын? Сол заманның заңы соны талап етті, оған бағынған жалғыз Тимофти ғана емес. Бәріміз де соны орындадық. Ол жайында ештеңе демеймін. Дені сау болып, еліне қызмет етсін, Құдайдан қорқатыны рас болса, жарлыларға көмектессін. Халық оны жақсы президент дейді, сол міндетін атқара берсін» дейді Мария Вульпе.

(Мақаланы аударған Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG