Accessibility links

Қажылықта адасқандарға бағдар сілтейтін жүйе жасалды


Ұялы телефонмен сөйлесіп тұрған мұсылман. Пәкістан, 2 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ұялы телефонмен сөйлесіп тұрған мұсылман. Пәкістан, 2 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

The Economist журналы Меккеде адасып кеткен адамның жол табуына көмектесетін ерекше техникалық әдіс ойлап табылғаны туралы мақала жариялады.

Басылымның жазуынша, былтыр Пәкістаннан қажыға барған мыңдаған мұсылманның арасында сынақтан өткізгенде, жаңа әдістің көмегімен Меккеде бағдар іздегендердің барлығы діттеген жеріне дәл тауып барған.

ҚАЖЫЛЫҚ КЕЗІНДЕ ЕҢ ҚИЫНЫ – ЖОЛ ТАБУ

«BlackBerry, iPhone сияқты заманауи байланыс құралдарында қажылық кезіндегі жоралғыларды орындаудың әдіс-тәсілдерін айтып, жол сілтеп отыратын Amir сияқты арнайы бағдарламалар бар. Мұндай құрылғылары бар мұсылмандар ақылы кеңес ала алады. Алайда, қажылыққа келгендер үшін ең қиыны – 3 миллион құлшылық етушінің арасында жүріп қасиетті орындарға барар жолды тауып, кері қайту. Пәкістандық Pakistan Hajj Mission (PHM) мекемесінің өкілі Рафео Шахтың айтуынша, қажылыққа келгендердің көбі өз ауылдарынан сыртқа шықпаған, шетелге өздігімен сапар шегіп көрмеген кедейлер не қарт кісілер, олар арабша жазуларды түсінбейді, смартфон ұстайтындары аз» деп жазады The Economist журналы.

PHM ұйымының мәліметі бойынша, былтыр қажылық кезінде 600-дей пәкістандық жоғалып кеткен. Сондықтан, олар қажылық кезінде мұндай оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік беретін жаңа инновациялық жобаларды іздестіре бастаған. Жаңа байланыс жүйесі 50 метрлік төңіректі дәл айта алатын, қажылық сапарға шыққан кедей жандарға үкіметтің есебінен таратылатын қарапайым, арзан телефондармен жұмыс істей алатын болуы тиіс еді. Ал жасанды жер серігі арқылы бақылау өте дәл әрі сенімді болғанымен, тым қымбат болып шықты. Оның үстіне бұл әдіс интернет жүйесіне қосыла алмайтын телефондарға пайдалануға келмейтін.

ҚОЛАЙЛЫ БАҒДАР СІЛТЕУШІ

Кувейттік Zain Group ұялы байланыс компаниясының Сауд Арабиясындағы еншілес кәсіпорны Zain Saudi Arabia қажылық аймағында көп телефонды бір мезетте қамти алатын шағын байланыс ұяшықтарын жасады. Өзіне тән ерекше нөмірі бар әр ұяшық Меккеге келгенде әр мұсылманға берілетін Zain компаниясына тиесілі SIM-картаның орналасқан орнын дәл анықтайды.

Урду тілінде сөйлейтін электронды көмекші адасып кеткендерге жол сілтеп, эстониялық компания жасап берген интерактивті картадан бақылау арқылы жақын маңдағы жол нұсқаушыға қарай бағыттайды. Былтыр бұл жүйені Пәкістаннан қажыға барған 88 мың адамның арасында сынақтан өткізгенде, бағдар іздегендердің барлығы жаңа жүйенің көмегімен жол тауып, діттеген жеріне жеткен.

Zain компаниясының өкілі Әмір әл-Саидтың айтуынша, бұл қызмет өте арзан әрі тиімді. Ол күрделі проблеманы ескі технологияның көмегімен шешуге бағытталған. Үндістан биыл қазан айында қажылыққа 10 мың адам жіберуді жоспарлап отыр. Ал Пәкістаннан 180 мың адам келеді деген болжам бар. PHM компаниясы өкілінің айтуынша, бұл қызмет түрі Меккедегі құлшылық етушілердің қозғалысын бақылап, автобустарды тиімді пайдалануға, сол арқылы халық кептелісіне, кісі өліміне жол бермеуге мүмкіндік туғызады.

Әмір әл-Саид мырзаның айтуынша, Zain компаниясының бұл қызмет түрін алты елдің қажылық мекемелері пайдалануға ықылас танытып отыр. Бұл жүйені басқа діни шаралар барысында да қолдануға болады. Мәселен, Үндістанда Ганг өзеніне шомылу науқаны кезінде бақылаушылар 80 миллион адамның жүріс-тұрысын 40 метрлік мұнаралардан биіктен дүрбімен бақылап отырады. Олар енді адасқандарды ұялы телефон нөмірлері арқылы анықтап, жол сілтей алады.
XS
SM
MD
LG