Accessibility links

Адамның табиғаты сөйлейтін тіліне тәуелді ме?


Ұлыбританиялық артық салмағы бар әйел. Манчестер, 10 қазан 2006 жыл

Ұлыбританиялық артық салмағы бар әйел. Манчестер, 10 қазан 2006 жыл

Тіл туралы қалыптасқан алуан түрлі (француз тілі – ең романтикалық тіл, неміс тілі – ең тәртіпті тіл деген сияқты) стереотиптер бар. АҚШ-тағы Йель университетінің бір экономисі жасаған жаңа зерттеу бойынша ана тіліңіз ақша үнемдеу қабілетіңізге, темекі шегу, жаттығу жасау, тіпті салмақ қосуыңызға дейін әсер етіп, бүкіл өміріңізге ықпал етуі ықтимал.


Регина Нохова Чехияға көшіп келген соң ең алдымен сөйлегенде ауызды қалай кеңірек ашу керектігін үйренуге мәжбүр болған. "Эстонияда туып өскендіктен бұлай сөйлеуге үйренбеген едік" дейді ол.

- Эстонияда біз ақырын сөйлесеміз. Әңгімелескенде тіпті аузымызды ашпаймыз десе де болады. Сөздерді анықтап айтпаймыз. Бұл – біздің табиғатымыз. Ол жақтың ауа-райы суығырақ және адамдар көп уақытын үйінде өткізеді, сондықтан осындаймыз. Меніңше, эстондықтар мен чехтар сөйлегенде, ойларын білдіргенде көп айырмашылық байқалады, - дейді Регина.

Прагада чех күйеуімен және екі қызымен бірге тұратын Нохова чех тілінде сөйлеуді де, сөздерді анықтап айтуды да меңгеріп алған.

35 жастағы йога жаттықтырушысы күйеуі екеуі бір тілде сөйлесе де, әлі де келіспеушіліктер болып қалатынын, әсіресе салауатты өмір салтына келгенде арадағы айырмашылық байқалатынын айтады.
Регина Нохова, Эстонияда туған Чехия азаматшасы. Прага, 22 наурыз 2012 жыл

Регина Нохова, Эстонияда туған Чехия азаматшасы. Прага, 22 наурыз 2012 жыл


- Меніңше, әу баста, әсіресе қызымыз туған соң ас-ауқатқа қатысты пікіріміз әртүрлі екені байқалды. Денсаулыққа пайдалы тағамдар мен оның маңыздылығы жөнінде әңгіме қозғалғанда, ойымыз бір жерден шықпайды. Ол маған "бұл нәрселер сондай маңызды емес" дейді. Дене шынықтыру жаттығуы жайлы да ойымыз да екі түрлі. Мен йогамен шұғылданамын, ал ол шұғылданбайды. Тіпті қазір де солай, - дейді жаттықтырушы әйел.

«ТІЛГЕ ТӘУЕЛДІ ДЕНСАУЛЫҚ»

Мұндай қарама-қайшылық барлық отбасында бар деп уәж айтуға да болады. АҚШ-тағы жаңа зерттеу қазір сіз тұтынатын тіл қалыпты әдет-дағдыңызға – диета ұстауыңыздан бастап жаттығу жасауыңызға, тіпті зейнетке шыққанда қанша ақша үнемдейтініңізге дейін түгел әсер етеді дейді.

Йель университетіндегі экономист-доцент Кейт Чен грамматикалық құрылымында келер шақ жоқ қытай (мандарин), жапон, неміс, және эстон тілдерінде сөйлейтін адамдар, статистика бойынша, денсаулықтары мықты және бақуатты өмір сүреді деп мәлімдейді.

- Жапондар ондаған жыл бойы ақшасын тиімсіз өсім шарттарына қарамастан сақтап келеді. Қытайлар одан асып түседі. Немістер ақша үнемдегіш халық ретінде танымал. Барлық Скандинавия елдері мен солтүстік Еуропа халқы қаржыларын тұрақты түрде үнемдей алады. Менің бірінші қызыққан нәрсем де - адамның тілі мен тұрмыс-тіршілігі арасындағы осы байланыс. Егер де тіліңіз сізді осы шақ пен келер шақ туралы екі түрлі ойлауға мәжбүрлеп тұрмаса, онда болашақ үшін ақша үнемдеп жүру сізге оңайырақ соғуы мүмкін. Себебі сізге келер шақ осы шаққа ұқсас болып көрініп тұрады, - дейді ғалым Кейт Чен.
Келер шақты анық айтпайтын тілде сөйлейтін елдің халқы – денсаулығы жағынан да, қаржылық жауапкершілік жағынан да басқалардан жоғары тұрады.
Чен бірнеше елден экономикалық және әлеуметтік мәліметтер жинап, оны сол елдердің тілдерімен салыстырып, осындай тұжырым жасады.

Ғалымның айтуынша, келер шақты анық айтпайтын тілде сөйлейтін елдің халқы денсаулығы жағынан да, қаржылық жауапкершілік жағынан да басқалардан жоғары тұрады.

(Еуропа Одағының экономикасы ең мықты мүшесі Германияны алып қараңыз - ол жақтың халқы Morgen regnet es, яғни «Ертең жаңбыр жауады» деп келер шақты анық білдірмейтін құрылыммен сөйлейді.)

Керісінше ағылшын, чех, орыс, түрік, грузин және тағы басқа келер шақты нақтылап жеткізетін ережелермен сөйлейтін елдерде айырмашылық анық байқалады. Денсаулық сақтау және қаржылық жауапкершілік жағынан салыстырғанда бұл елдердің халқы төменгі балл жинады (зерттеу бойынша қазақ тілі де осы топта – ред.).

(Еуропадағы тұрмыс деңгейі өте төмен және денсаулығы ең нашар ел Ресейді алып қараңыз. Орыстар келер шақты арнайы көмекші етістік арқылы анық білдіреді. Мысалы: «Завтра будет дождь», яғни «Ертең жаңбыр жаумақшы»).

БОЛАШАҚТЫ БҮГІНДЕЙ КӨРУ

Чен өз зерттеуі арқылы тілдерінде келер шақты анықтап сөйлемейтін адамдардың болашақтарын көп ойлап, уайымдамайтындарына көз жеткізгенін бірнеше мәрте мәлімдеді:

- Сіз олардың барлығына тән ортақ сипат көре аласыз. Келер шақты анық білдірмейтін тілде сөйлейтін адамдардың темекі тарту жиілігі 24 пайызға азырақ. Олардың артық салмақ қосу ықтималдығы да 13 пайызға кем. Зейнет жасына жеткенде де бойларында күш-қуаты молырақ болады. Көптеген басқа өлшемдер бойынша да олардың денсаулықтары біраз жасқа дейін сыр бермейді.
Бұндай пікірлер тілдің өзіне тән табиғатынан туындайтын ерекшеліктерінен гөрі сол тілде сөйлейтін адамдарға қарап қалыптасады.
Лингвист ғалымдардың ортасында Ченнің зерттеуі сенсация туғызды. Сарапшылар мен кейбір пікір иелері Грецияда туған қаржылық дағдарыс пен кейбір адамдардың джинс шалбарын кие алмайтындай толып кететініне кінәлі феномен табылды деп әзілдесіп жатыр.

Бірқатар лингвистер Ченнің жаңалығын теріске шығарады. Канаданың Калгари университетінде психология мен лингвистикадан сабақ беретін ұстаз Джули Седиви көп адамдардың тіл мен тіршілікті байланыстыруға дайын тұратынын айтады.

Бірақ, оның ойынша, Чендікі сияқты зерттеулер тілдің грамматикасы мен дәстүрлі мінез-құлықтың арасында қандай да бір байланыстың барын айғақтамайды.

- Біз әлі де кейбір тілдердің басқалармен салыстырғанда логикаға бейім, немесе жүйелі, тәртіпті, немесе романтикалық болатынын білеміз. Бірақ бұндай пікірлер тілдің өзіне тән табиғатынан туындайтын ерекшеліктерінен гөрі сол тілде сөйлейтін адамдарға қарап қалыптасады, - дейді ол.

Ченнің жаңалығы енді академиялық зерттеу саласында қаралып, формальды түрде жариялануы керек.

Ал сіз соңғы бір айдың ішінде екі килограмм артық салмақ қосып алған болсаңыз, ана тіліңізді кінәлауға асықпаңыз.

(Мақаланы қазақша тәржімелеген – Сағынай Кәрім)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG