Accessibility links

Нобельдің бейбітшілік сыйлығы иегерлері аталды


Тунистің Ұлттық диалог төрттігі өкілдері.
Тунистің Ұлттық диалог төрттігі өкілдері.

Норвегиядағы Нобель комитеті 2015 жылғы бейбітшілік сыйлығын Тунистегі 2011 жылғы революция кезінде плюралистік демократияны қалыптастыруға қосқан үлесі үшін сол елдің Ұлттық диалог төрттігіне берді.

Тунистегі Ұлттық диалог төрттігінің құрамына сауда-өндірістік конфедерациясы,Тунис жұмысшыларының бас кәсіподағы, құқық қорғаушылар лигасы мен адвокаттардың ұлттық ассоциациясы кіреді. 2014 жылы төрттіктің бақылауымен елдегі парламент және президент сайлауын реттеудің жоспары жүзеге асты.

Лауератты марапаттау рәсімі 10 желтоқсанда Ослода өтеді. Жеңімпазға медаль және дипломмен қатар 972 мың доллар көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылады.

Нобельдің бейбітшілік сыйлығын Норвегия парламенті таңдайтын бес адамнан тұратын комитет тағайындайды. Нобель қорының жарғысына сәйкес үміткерлер мен сыйлықтың болашақ иегерлері туралы ақпарат құпия түрде ұсталады. 2015 жылғы кандидаттар туралы толық ақпарат та тек 50 жылдан соң жария етіледі.

Биылғы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына 273 кандидат, оның ішінде 68 ұйым үміткер ретінде тіркелген. Сыйлыққа номинанттар арасында Германия канцлері Ангела Меркель, Рим папасы Франциск, 1945 жылғы Хиросима мен Нагасакидегі атом бомбасынан аман қалған 83 жастағы Сецуко Турлоу мен 86 жастағы Сумитеру Таниути болған.

БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары да кандидаттар қатарында аталған. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен шілде айында Иран сыртқы істер министрі Джавад Зариф те сыйлыққа үміткер делінген.

Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы берілуі мүмкін үміткерлер қатарында ресейлік «Новая газета» басылымы, тұтқынға түскен сауд блогері Раиф Бадави, америкалық арнайы қызметтің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден де болған.

Былтыр Нобельдің бейбітшілік сыйлығы пәкістандық қыздардың білім алуы үшін күрескен Малала Юсуфзайға берілген. Юсфузай ВВС-дегі радикалды исламшылар қысымы туралы блогынан соң 2012 жылы талибтердің қастандығына душар болған.

​2015 жылғы медицина мен физиология саласындағы Нобель сыйлығын ирландиялық Уильям Кэмбелл мен жапониялық Сатоси Омур және қытайлық Юю Ту алды. Физика саласындағы Нобель сыйлығы биыл Такааки Каджите (Жапония) мен Артур Макдональдке (Канада) берілді. Нобелдің химия саласындағы сыйлығын биыл швед Томас Линдал, америкалық Пол Модрич пен түркиялық Азиз Санжар иеленді.

Әдебиет саласы бойынша 2015 жылғы Нобель сыйлығы «осы заман адамдарының қайғысы мен ерлігіне сөзден ескерткіш қойған» беларусь жазушысы Светлана Алексиевичке берілді.

​Швед химигі, динамитті ойлап тапқан өнертапқыш Альфред Нобель негізін салған Нобель сыйлығы 1901 жылдан бері тапсырылып келеді.

XS
SM
MD
LG