Accessibility links

Мұнайдың арзандауы біреуге пайда, біреуге - зиян


"Башнефть" мұнай компаниясы кенішіндегі жұмысшы. Ново-Березовка ауылы, Ресей, 28 қаңтар 2015 жыл.

"Башнефть" мұнай компаниясы кенішіндегі жұмысшы. Ново-Березовка ауылы, Ресей, 28 қаңтар 2015 жыл.

Мұнай бағасының құлдырауы әлемдік нарыққа өзгеріс әкелді. АҚШ-та көлік иелері бұған қуанса, Ресей мен Иран сияқты мұнай өндіруші елдерді зиянға батырады.

Бір жылға жетер-жетпес уақытта мұнай бағасы 60 пайызға арзандады. Наурыздың басында жағдай оңала бастаған тәрізді көрініп еді, бірақ осы аптада баға қайтадан күрт құлдырады.

АҚШ-тағы мұнай бағасын өлшеуге негіз болатын West Texas Intermediate мұнай маркасының бағасы алты жыл бұрынғы деңгейіне төмен түсіп, барреліне 43 долларды құраған. Ал Brent маркалы мұнай баррелі 50 долларға жуықтап қалды.

Мұнай бағасының арзандағанына қуанғандар көп. АҚШ-та автокөлік иелеріне бензин бағасының арзандағаны өте тиімді. Бірақ, Ресей мен Иран сияқты негізгі кірісін мұнайдан көріп отырған елдер қиналып қалды.

РЕСЕЙ МЕН ИРАН ЖАПА ШЕГЕДІ

Соңғы рет бұндай жағдай орнағанда әлемдегі мұнай тасымалдау мөлшерінің шектен тыс көбейгені мен АҚШ-тағы тақтатастан мұнай өндірушілердің ісі өрге басқаны көп айтылды. Тақтатастан мұнай өндіретін озық технологиясының арқасында Америка әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елге айналып, күніне 9 миллион баррельден аса мұнай шығаратын болды. Баға бұдан ары төмендей берсе тақтатастан мұнай өндіруші шағын кәсіпорындар өнімді азайтуға мәжбүр болмақ, бірақ, деректерге қарағанда ондай жағдай жуық маңда орнай қоймайтынға ұқсайды.

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісім нәтижелі болады деген үміт те мұнай бағасының арзандауына әсер еткен болуы мүмкін дейді сарапшылар.

Иранның Бендер-Аббас порты маңындағы теңіздегі мұнай танкері.

Иранның Бендер-Аббас порты маңындағы теңіздегі мұнай танкері.

Мұнай өндіру және экспорттау бойынша ежелден көш бастап келген Иран ядролық бағдарламасына қатысты дау туып, халықаралық санкциялар салынғалы бері өнімін әлемдік нарыққа шығара алмай қалған еді. «Егер толыққанды келісім орнап, санкциялар күшін жойса Иран күніне 800 мың баррель мұнай сата алады, бұның өзі жетіп артылады» дейді Дубайдағы Manaar Energy консультациялық компания сарапшысы Робин Миллс.

Лондондағы Capital Economics дамушы нарығының маманы Лиза Ермоленконың айтуынша, экспортының жартысынан астамын мұнай құрайтын және мемлекет бюджет кірісінің жарымына жуығын мұнайдың арқасында көріп отырған Ресей соңғы бірнеше жылда мұнай бағасына бұрынғыдан да тәуелді бола түскен.

«Мұнай және мұнай өнімдері мен газ Ресейдегі негізгі экспорт тауарлары, олардың бағасы түссе – Ресейдің экспорттан көретін пайдасы да азаяды. Ресейдің салық салу құрылымына сай, мемлекетке түсетін пайда кемиді. Себебі, мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттаудан түскен пайдаға үкімет салық төлейді» дейді ол.

Ақша айырбастау орнындағы электронды табло. Мәскеу, 16 ақпан 2015 жыл.

Ақша айырбастау орнындағы электронды табло. Мәскеу, 16 ақпан 2015 жыл.

Ермоленко мұнай бағасының арзандауының астарында рубльді құнсыздандыру саясаты жатуы мүмкін деген ой айтады. Былтыр 1 доллар 30 рубльден асып тұрған болса, биыл 60 рубльге жетіп отыр.

«Ресей билігі мұнай бағасының арзандауымен күресуді негізгі стратегияға айналдырған тәрізді. Олар рубльді еркіне жіберіп, оның айтарлықтай құлдырауына мүмкіндік жасады» дейді Ермоленко.

Нақтырақ айтқанда, ол стратегия мынадай: Ресей мұнай сатудан түскен долларды рубльге айналдырып, жалақы мен жеңілдіктерді сонымен төлейді. Әлсіз валюта мен күшейген инфляциядан айналып келгенде қарапайым жұрт зардап шегеді дейді маман.

БАҒА БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР

Мұнай бағасының болашағына болжам жасау оңай емес. ОПЕК мүшелері – Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағы және Венесуэланы қамтитын елдер мұнай бағасының арзандауы Америкадағы тақтатастан мұнай өндіруші ұсақ кәсіпкерлерді бұл нарықтан кетуге мәжбүр етіп, баға қайтадан қалпына келеді деп үміттенеді.

Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кеніші.

Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кеніші.

Бірақ, іс жүзінде басқаша болуы да мүмкін. Уақыт өте келе нарықтың күші өзіне қысым көрсетіп, компаниялар мен тұтынушылар мұнай арзандаған сайын автокөлікті көбірек сатып алуы да ықтимал. Солайша, тұтынушылар сұранысы артқан сайын баға қайтадан өсуі мүмкін.

Бірақ дәл қазіргі кезде мұнай бағасы күрт өседі деген болжам айтушылар аз. Кейбір бақылаушылар Иран мәселесі сәтімен шешілсе, мұнай бұрынғыдан да арзандайды дейді. Оған Америка мұнай сақтайтын орындардың жетіспей отырғаны да әскер етпек.

АҚШ-та мұнай сақтайтын қоймалар лық толы, себебі, трейдерлер болашақта баға қымбаттай қалса сатып пайдаға кенелеміз деген үмітпен сақтап отыр. Бірақ, қоймада бос орын қалмаған сәтте олар арзанырақ бағамен сатуға мәжбүр болуы әбден мүмкін.

Ал мұнай бағасының арзандауы Ресей тәрізді ірі мұнай өндіруші елдер мен оның ауыр зардабын қазірдің өзінде тартып жатқан қарапайым азаматтарға өте жайсыз тимек.

Марк Бейкердің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG