Accessibility links

Александр Казулин: Біздің жан айқайымызды ешкім естігісі келмейді


Президенттіктен үміткер болған Александр Казулин Азаттық радиосына сұхбат берді. Прага, 18 наурыз 2009 жыл.

Президенттіктен үміткер болған Александр Казулин Азаттық радиосына сұхбат берді. Прага, 18 наурыз 2009 жыл.

2006 жылы Беларустегі президент сайлауына қатысқан Александр Казулинді билік орындары түрмеге жапқан болатын. Ар-ождан тұтқынына айналған Казулин қамауда 56 күндік аштық жариялады, жұбайы Ирина қайтыс болды. Қазір бостандықтағы Казулин Лукашенконың өткір сыншысына айналды.

Азаттық радиосына берген сұхбатында ол Минскінің ЕуроОдақтың шығыс әріптестігі бағдарламасына қосылуын қолдаған көптеген Шығыс Еуропа елдері өздерінде болған тоталитарлық қылмыстарды ұмытуда деп мәлімдеді.

- Александр, әңгімемізді таяуда орын алған қайғылы оқиғадан бастасақ. Полицияның ар-ожданына нұқсан келтірді деп айыпталған адам құқығын қорғаушы Яна Палякова осы айдың басында өзіне-өзі қол жұмсады. Бұл оқиға Беларустегі қазіргі жағдай туралы нені білдіреді?


“Меніңше, бұл - адамдардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқандығын көрсетеді. Егер жас келіншек өзін өлтіруден басқа ешқандай жол таба алмаса, оны осындай дәрежеге біреулер жеткізген деп ойлаймын. Оны сотқа берген полиция қызметкерлері мен бұл істі қараған сот және сол кезде болған атмосфера, сондай-ақ, еліміздегі танымал “Советская Беларусия” газетінде оған қарсы шыққан мақалалар Палякованы осындай әрекетке мәжбүрлеген. Олар оның ұстанған принциптері мен құндылықтары және идеалдары үшін осындай дәрежеге жеткізген”.

Сіз қамауда болған кезіңізде Палякова сіздің атыңыздан жұмыс істеген болатын. Оның өлімі жеке өз басыңызға қалай әсер етті?

“Мен үшін бұл өте үлкен қайғы мен жан айқайы болды. Бірақ ешкім біздің жан айқайымызды естігісі келмейді. Бұл – жүрегіміздегі қайғы-қасірет. Адамдар бұдан бұрын өздері қалай өмір сүргендерін ұмытып кетеді. Чехтар 1968 жылғы төңкерісті естен шығарса, поляктар ниеттестікті, ал немістер фашизмді естен шығаруда. Беларустегі қазіргі жағдай оларда да болған”.

Сіз таяуда Беларус президенті Александр Лукашенкоға бет бұрған Еуропа Одағының әріптестік жөніндегі бастамасын сынадыңыз. Жалпы сіз Брюсселдің Беларусқа қатысты саясатына қарсысыз ба?

“Жағдайды жақсартуға бағытталған конструктивті диалог пен ынтымақтастыққа және ұмтылыстарға ешкім қарсы бола алмайды. Бірақ моралдық құндылықтарға ие адам мұндай мақсаттарға жету үшін кез келген жолды таңдамауы тиіс. Еуропалықтар соңғы 15 жылда Лукашенкоға қатысты саясатының ешқандай оң нәтиже бермегенін түсінеді, сондықтан олар жаңа саясатты ұстанып отыр. Бірақ олар нәтижеге қол жеткізу мақсатында тым асығуда. 15 жыл бойы нәтиже болмаған, енді олар жарты жылда нәтиже болуын қалайды”.

Еуропа Одағының сыртқы саясат басшысы Хавьер Солана өткен айда Беларусқа сапармен барды. Сіз бұған неге қарсы болдыңыз?

“Солананың сапары елдегі саяси репрессиялардан кейін болды. Азат етілген бұрынғы саяси тұтқындар қайта қамауға алынды. Қасиетті Валентин күнінде жастар соққыға жығылды. Олар қыздарды ұрды, жігіттердің қабырғаларын сындырды. Ал 16 ақпан күні, яғни жоғалып кеткен адамдар мен саяси тұтқындарға ниеттестік таныту күнінде наразылық танытушылар күшпен таратылды.

Бірақ Солана мырза өзінің сапарын кейінге қалдырмады. Моральдық себептерге байланысты ол Беларусқа 7 немесе 10 күннен кейін келсе болар еді. Иә, Солана тәжірибелі саясаткер, бәлки ол біз білмейтін нәрселерді білетін шығар. Алайда Лукашенкомен кездесуінен кейін Солана ешқандай пікір білдірмеді. Осыдан кейін мынандай сұрақ туды: Солана мырза кім үшін келді? Лукашенко ма немесе Беларусь халқы үшін бе? Егер ол Лукашенко мырза үшін келген болса, онда бұл диктатордың жеңіске жеткендігін білдіреді. Бұл Лукашенко үшін үлкен саяси оқиға боп табылады.

Егер Солана Беларусь халқы үшін келсе, онда неге ол оның сапары қарсаңында орын алған репрессиялар жөнінде ешнәрсе айтпады? Солана Еуроодақ пен Беларусь байланыстарына оптимизммен қарайтынын айтты. Ал Лукашенко болса ешқандай шарт қойылмағандықтан Солананың сапарына қанағаттанушылық танытты. Бұл жерде Еуропа бізге қандай құндылықтарды ұсынып отыр деген сұрақ туындайды”

Александр Лукашенко мамырдың 7-де Прагада өтетін ЕуроОдақтың Шығыс әріптестігі бағдарламасына қатысты саммитке шақырылуы мүмкін. Бұл туралы Беларусь оппозициясы не дейді?

“Беларусь демократиялық қауымдастығының 90 пайызы Лукашенконың Прагаға баруына қарсылық танытып отыр десе болады. Олар мұны сатқындық деп санайды. Яғни Еуропа бүкіл Беларусь халқына сатқындық жасап отыр”.
XS
SM
MD
LG