Accessibility links

Ұлыбритания басылымдары Блэрдің Астана сапарының шығынын есептеді


Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр шетелдік инвестор кеңесінде сөйлеп отыр. Астана, 18 мамыр 2011 жыл.

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр шетелдік инвестор кеңесінде сөйлеп отыр. Астана, 18 мамыр 2011 жыл.

Ұлыбритания баспасөзінің жазуынша, елдің салық төлеушілері Тони Блэрдің шығындарына аптасына 16 мың фунт стерлинг жұмсайды, ал оның бизнес-империя құру әрекеттері - «мүдделер қайшылығына» таяу іс. Бұрынғы премьердің өкілі оның әрекеттерінде «оғаш ештеңе жоқ» деп мәлімдейді.

АШЫЛҒАН 10 ҚҰПИЯ

Ұлыбританияның Telegraph газетінің қолына елдің бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр жиі араласатын «халықаралық бизнесмен, қаржы кеңесшілері мен ресми тұлғалардың күрделі желісіне қатысты құпияны ашатын» құжаттар түскен. Болжам бойынша, әлгі құжаттар Блэердің тоқтаусыз өсіп бара жатқан империясының құнын, оған жұмсалатын салық төлеушілердің шығындарын көрсетіп, «мүдделер қайшылығы» деп айыптауға негіз болады.

Telegraph газеті Тони Блэрдің «дүниежүзілік ықпал империясын» сипаттаған мақаласында оның Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысын да көрсеткен. Басылым «2011 жылдың қарашасында Блэр мырза Қазақстанның авторитарлы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болу мәмілесіне қол жеткізген. Болжам бойынша, бұл келісімнің құны миллиондаған фунт стерлинг тұрады. Блэр Назарбаевқа наразылық білдірген қарусыз, бейбіт тұрғындарға оқ атылған қырғыннан кейін беделін қалай жақсартуға болатынын үйреткен» деп жазады. Бұл - Маңғыстау облысында ереуілге шыққан мұнайшылар мен полиция қақтығысынан кемі 17 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жараланған 2011 жылдың желтоқсанындағы оқиғалар.

Тони Блэр (оң жақта) Ұлыбритания премьер-министрі кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алып тұр. Лондон, 21 қараша 2006 жыл.

Тони Блэр (оң жақта) Ұлыбритания премьер-министрі кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алып тұр. Лондон, 21 қараша 2006 жыл.

2010 жылдың мамыры мен 2012 жылдың қазаны аралығында Тони Блэр көптеген елдерді аралаған, ал 2012 жылдың ақпанында бір апта ішінде Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Қытай және Қазақстанда болып үлгерген. Telegraph газетінің жазуынша, бұрынғы премьер-министр бұл сапарларында көбінесе клиенттері - өзге елдердің үкіметтері немесе жеке тұлғалар - ұсынған жеке меншік ұшақтарды пайдаланады. Әлгі ақпарат бойынша, Тони Блэр Албания билігіне кеңес беру жөніндегі жұмысын аяқтаған кезде экс-премьермен байланысты бірнеше компания оған Тиранадан «жұмыс тауып қойған».

Газеттің есебінше, Тони Блэр шейх ханзадасы Мохаммед бин Заед және «Мубадала» қоры басшылығымен кездескен Абу-Дабидағы «Emirates Palace» қонақ үйіндегі бөлмелер тәулігіне 7000 фунт (10 900 долларға жуық) тұрады. Telegraph газетінің жазуынша, авторитарлы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен Астанадағы бес жұлдызды қонақ үйдің нөмірлері тәулігіне 160-3600 фунт стерлинг (шамамен 250-5600 доллар) тұрады. Басылым дерегінше, бұрынғы премьерді кемі 12 қарулы полиция қызметкері күзетеді, олар мемлекет есебінен қаржыландырылады әрі көбінесе әлгі қонақүйлерде тоқтайды.

Telegraph газетінің жазуынша, Тони Блэр Таяу Шығыста банк елшісі ретінде жұмыс істеген кезінде дүниежүзілік банкпен бір миллион фунт стерлингтің жеке келісім-шартын жасасқан. Ол банктің Таяу Шығыстағы елшісі ретінде Абу-Дабиде Палестина билігін 29 миллионнан асатын фунт стерлингке (45 миллион доллар) қаржыландыру жөнінде эмиратпен келіссөз жүргізген кезде де коммерциялық мәмілелер жасаған.

Басылым мақаласында «премьер-министр қызметінен кеткеніне алты жылға жуықтаса да, Тони Блэр шетелдегі Ұлыбритания мемлекеттік қызметшілерінен өзінің брифингтерін өткізуге көмектесуін сұрайды» деп көрсетілген.

«МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ»

Ұлыбританияның Express газеті елдің бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдің әрекеттерін «мүдделер қақтығысына» таяу практика ретінде сипаттайды. Басылым дерегінше, Тони Блэр премьер-министр қызметінен кеткеннен бері 100 миллионнан астам фунт стерлингке (155 миллион доллардан асады) бағаланатын байлық жинап алған. Бірақ жуырда ол байлығы «мұның бестен бір бөлігіне жетпейтінін» мәлімдеген.

Тони Блэр Косовадағы жиында отыр. Приштина, 18 маусым 2012 жыл.

Тони Блэр Косовадағы жиында отыр. Приштина, 18 маусым 2012 жыл.

Express басылымы «Дүниежүзілік бизнес-империясын құрып жатқан бұрынғы премьер-министр Тони Блэрдің саяхаттарына салық төлеушілер аптасына 16 мың фунт стерлинг (25 мың долларға таяу) жұмсайды» деп жазады.

Мақала авторының хабарлауынша, Тони Блэр сапарлары кезінде көбінесе сән-салтанаты келіскен бес жұлдызды қонақүйлерге тоқтайды. Бұл қонақүйлерде күзетшілерге арналған нөмірлер тәулігіне 1 мың фунт стерлинг (1 150 доллар) тұрады. Басылым экс-премьердің күзетшілерінің жалақысы мен өзге шығындарын Ұлыбритания салық төлеушілері есебінен төленетініне де назар аударған. Өйткені бұрынғы премьер-министр ретінде Тони Блэрге өмірінің ақырына дейін күзет бөлінеді.

«АЙҚЫН ЕРЕЖЕ МЕН ПРОЦЕДУРАЛАР»

Парламент депутаты әрі Тони Блэрдің сыншысы Эндрю Бридженнің мәлімдеуінше, бұрынғы премьер өзінің ресми қызметі мен коммерциялық жұмысын жиі араластырып жібереді, ал оның күзеті салық төлеушілерді қыруар шығынға батырып отыр.

Бұрын лауазымды қызмет атқарған әрі еліміздің бүкіл құпиясынан хабардар адамның шет мемлекеттерге жалданып жұмыс істеуі дұрыс емес.

Express газеті саясаткердің «Бұрын лауазымды қызмет атқарған әрі еліміздің бүкіл құпиясынан хабардар адамның шет мемлекеттерге жалданып жұмыс істеуі дұрыс емес» деген мәлімдемесін келтірген.

Тони Блэрдің өкілі басылымға берген комментарийінде Ұлыбритания баспасөзі мәлімдемелерін «жөнсіз әрі бейберекет айыптау» деп атап, бұрынғы премьер-министрдің жұмысында мүдделер қақтығысы жоқ деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Тони Блэрдің компаниясы дүниежүзілік банкпен келісім-шартты «бәсекелестік негізіндегі тендерде» жеңіп алған, ал Абу-Дабидегі Палестина билігін қаржыландыру жөніндегі ұсыныс Тони Блэр кеңесші болып істейтін «Мубадала» қорынан емес, «жеке ұйымнан» түскен. Оның айтуынша, мүдде қайшылығын болдырмау үшін ұстанатын «айқын ережелер мен процедуралар» бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG