Accessibility links

2050 жылы адамзат шегіртке жей бастай ма?


"Жануарлар фермасы" кітабының мұқабасы. (Көрнекі сурет)

"Жануарлар фермасы" кітабының мұқабасы. (Көрнекі сурет)

ХХІ ғасырдың ортасына қарай адамзат өзін өзі асырай ала ма?

Таяу онжылдықтар ішінде шешімін таппаса, адамзат тіршілігіне қауіп төндіретін проблемалар шығуы мүмкін. Ғаламдық жылыну құбылысы адамзатты 21-ғасыр аяғына дейін апатқа ұрындырмаса да, планетаның үздіксіз өсіп бара жатқан халқы табиғи ресурстардың сарқылу зардабы және ауызсу мен азық-түлік тапшылығымен бұдан ертерек ұшырасуы мүмкін. 2050 жылға қарай адамзат қанша ет жейді? Қоршаған ортаны сиыр мен автомобильдің қайсысы көбірек ластайды? Кейбір елдер мутант шошқасыз күн көре ала ба? Балық аулау мен Эбола дертінің арасында қандай байланыс бар?

Азаттық тілшісі жануар тектес азық-түлік түрлерін өндіру мен тұтыну перспективалары туралы АҚШ-тың ұлттық зерттеу кеңесі тапсырысы бойынша дайындалып, 2015 жылдың басында жарияланған баяндамада келтірілген негізгі фактілерге шолу жасады.

Болжам бойынша, 2050 жылға қарай планета халқының саны үштен бірге көбейіп, шамамен 9-10 миллиард адамға жетпек. Ал жануар тектес белокты, яғни ет, балық, сүт өнімдері мен жұмыртқаны тұтыну бұдан да артады деген сөз. Адамзаттың ет, балық, жұмыртқаға деген сұранысы 2011 жылмен салыстырғанда 73 пайызға, ал сүт өнімдеріне сұранысы 58 пайызға артады.

Баяндама авторлары азық-түлік тұтыну көлемі дамушы елдер есебінен артады деп болжайды. Өйткені АҚШ, Еуропа сияқты дамыған елдердің тұрғындары ет-сүт өнімдерін қазіргіден көп тұтына қоюы екіталай, ал Азия, Африка және Латын Америкасында тұратын халықтың әл-ауқаты біртіндеп жақсарған кезде бұл кедей елдер азаматтарының рационы да өзгереді. 2023 жылға қарай әлемде бір адамға шаққандағы ет тұтынудың орташа деңгейі 36,3 килограмға жетеді, яғни 2013 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,4 килограмға көбейеді. Еуропа мен Америка тұрғындарының ет, балық өнімдерін тұтыну деңгейі онша өзгере қоймайды, бірақ бұл елдерде әр тұрғын қазірдің өзінде жыл сайын 69 килограмм ет жейді.

Ғасыр ортасына қарай планетаның 10 миллиард халқына өте көп мөлшерде жануар белогы (ақуыз) қажет болады. Климат өзгеріске ұшырап, табиғи ресурстар жұтай бастаған тұста адамзаттың өзін тамақтандыруға қауқары жете ме?

ЗИЯНДЫ ГАЗ ЖӘНЕ ЧЕМПИОН МЕКИЕНДЕР

Ауыл шаруашылығы жануарларын көбінесе котлет түрінде ғана көретін немесе теледидар арқылы білетін қала тұрғынына ет, сүт, жұмыртқа өндіру үшін қаншалықты көп ресурс жұмсалатынын елестету қиын. Жердің мұз жаппаған құрлық бетінің 30 пайызы мал шаруашылығы үшін пайдаланылады. Индустриалдық елдерде ауыл шаруашылығына жарамды бүкіл жердің жартысы жемдік дақылдар өсіруге пайдаланылады. Жер бетіндегі орманның 72 пайызы мал шаруашылығы үшін оталады. Адамзат тұтынатын тұщы судың үштен бірінен көбі де жануар тектес белок өндіруге, 75 пайызы жалпы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады екен.

Беларусьтегі интенсивті сиыр фермасы.

Беларусьтегі интенсивті сиыр фермасы.

Мал шаруашылығы - табиғи ресурстарды көп қажет етіп қана қоймай, қоршаған ортаға да зияны көп тиетін сала. Ғаламдық жылыну құбылысының негізгі себебі – антропогендік көмірқышқыл және басқа зиянды (парник – ред.) газ қалдықтарының көп мөлшерде бөлінуі. Ал ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстар бөлетін көмірқышқыл және басқа газдар көлемі зауыт және автомобильдермен шамалас. Планетада бөлінетін мұндай зиянды газдың 14,5 пайызы жануар тектес белок өндірісінен шығады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарлары көмірқышқыл газының 9 пайызын, метанның (жануар өлекселерінің шіріндісінен түзілетін) – 37 пайызын, азот қышқылының 66 пайызын (малдың тезегі мен газды табиғи бөлген кезде) бөледі. Ал дүние жүзіндегі автомобиль, ұшақ, кеме сияқты бүкіл транспорт үлесі бұдан сәл ғана көп - 15 пайыз.

Әрине, аймақтардың газ қалдықтарын бөлудегі үлес салмағы әртүрлі. Мысалы, жануарлар кең далада еркін жайылатын және жем-шөпті тиімді пайдаланбайтын субэкваторлық Африкада мал шаруашылығының түрлі газ бөлудегі үлесі жоғары және климатқа қауіпті газдардың 77 пайызын ірі қара мал бөледі, ал шошқа, әсіресе балық, құс және жұмыртқаның ақуызын өндіретін шаруашылықтардан зиянды газдар азырақ бөлінеді.

Адамзат жануар тектес белокты өндіруге жер мен тұщы суды бұдан екі есе көп жұмсай алмайды, ал зиянды газдардың екі есеге көбеюі экологиялық апатты жақындата түспек. Бұдан шығудың жалғыз жолы - мал шаруашылығы тиімділігін арттыру. Мамандардың пікірінше, бұл – қолдан келетін шаруа.

Кезінде АҚШ-тың ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды тиімді пайдалануы жақсы нәтижелер берген. 1944 жылдан 2007 жылға дейінгі кезеңде сүтті сиыр саны үш есеге жуық, яғни 25 миллион 600 мың бастан 9 миллион 200 мың басқа дейін қысқарғанымен, бір сиырдан сауылатын сүт мөлшері төрт есе көбейіп, сүт өндірісі 59 пайызға артқан. 1997 жылы етті сиыр тұқымы күніне 0,72 килограмм салмақ қосса, 2007 жылы бұл көрсеткіш 1,18 килограмға жеткен. 1957 жылы 42 күндік бройлер тауығының салмағы 540 грамм болса, 2010 жылы бес есеге өсіп, 2,8 килограмға жетті. Тауықтар азырақ жеммен көбірек семіретін болды. Яғни, берілетін жем 2,35-тен 1,70 килограмға азайған. 20-ғасырдың ортасындағы тауықтарға қарағанда, қазір Америкада тауықтар 64 пайызға көп жұмыртқалайды, әрі жұмыртқасының салмағы екі есе ауырлаған.

Ресейдегі шошқа фермасы.

Ресейдегі шошқа фермасы.

Өндіріс тиімділігін арттыру ресурстарды пайдалануды барынша қысқартуға мүмкіндік береді. АҚШ-та сүт индустриясы соңғы 30 жыл ішінде жем-шөп пайдалануды 77 пайызға, жер пайдалануды - 90 пайызға, су қолдануды - 65 пайызға қысқартқан. 1 литр сүтке шаққандағы зиянды газдардың бөлінуі 63 пайызға кеміген. Қазір бір килограмм ет өндіру үшін жем-шөп 19 пайызға, жер – 33 пайызға, тұщы су 12 пайызға аз жұмсалады. 2010 жылы бір килограмм сиыр етіне шаққандағы түрлі газдардың бөлінуі 1970 жылдармен салыстырғанда 16 пайызға азайған. Шошқа шаруашылығы «экологиялық» өндіріске айналуға шақ тұр. Қазір бір килограмм шошқа етін өндіру үшін жем 41 пайыз, жер 78 пайыз аз пайдаланылады, газдарды бөлу 35 пайызға қысқарған. Бұл - сиыр еті өндірісіне қарағанда тәуірлеу, ал сүт өндірісіне қарағанда нашар көрсеткіш.

Бірақ баяндамада Американың барлық сиыры, шошқасы мен тауықтары емес, құқығы ең көп бұзылатын жануарларға ғана қатысты мәселе қозғалған. Баяндама авторларының пікірінше, жоғары технологияны шаруашылығы интенсивті өндіріске негізделген, жануарларға көп аяушылық жасай бермейтін ірі коммерциялық шаруашылықтарға ғана енгізген жөн. Басқаша тілмен айтқанда, бұлар - бізге қасап фабрикасы сияқты көрінетін фермалар. Бірақ Африканың құла түзінде емін-еркін жайылып жүрген Танзания сиыры америкалық сиырдан жем-шөпті аз жемейді, жер мен жемді бірнеше есе көп пайдаланады, бірақ 100 есе аз сүт береді. Бұл - дәлелденген жайт.

Климатолог мамандардың соңғы деректеріне сәйкес, 21-ғасырдың аяғына қарай планетаның орташа температурасы Цельсий бағаны бойынша 2,6 мен 4,8 градус аралығында көтерілуі мүмкін. Ғаламдық жылыну құбылысы жануар тектес протеин өндірісі қарқынын арттыру мүмкіндігіне қалай әсер ететінін қазір бағалау өте қиын. Бірақ қазір қоңыржай және суық климатты болып есептелетін аймақтар кейін мал шаруашылығы үшін жайлы болмақ, ал субтропикалық және тропикалық аймақтарда мал шаруашылығын дамыту мүмкін болмай қалады. Демек, интенсивті өндірісі бар ірі шаруашылықтар жаңа жағдайға оңай бейімделіп, ал дәстүрлі фермерлер зардап шегеді.

Бірақ кейбір мамандар парник газын бөлу қарқыны қазіргі деңгейде сақталса, 2050 жылы климат қалпына келместей өзгереді, ал температураның көтерілуі тездей түсуі мүмкін деп қауіптенеді. Мұның арты аграрлық салаға жарамды жерлер мен тұщы судың азаюы, жаһандық аштыққа ұласады. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы – мал шаруашылығына жаңа технологияларды жаппай енгізу сияқты тәсілдермен орнықты даму мүмкіндігін қазірден бастап іздестіру. Аштық пен этикалық принциптердің бірін таңдауымызға тура келетін сәт туады. Оның үстіне, баяндама авторлары етті көп жеп үйренген жандар басқа тағамға көшуді ойланғаны жөн деп ескертеді.

ЭБОЛА МЕН АНТИБИОТИКТЕР

Мал шаруашылығы адам денсаулығына қауіпті ме? Бұл сұраққа әрі «иә», әрі «жоқ» деп жауап беруге болады.

Батыс Африкадағы жабайы жануарлар еті - Эбола індетінің бір себебі.

Батыс Африкадағы жабайы жануарлар еті - Эбола індетінің бір себебі.

2014 жылы әлемде Эбола безгегі эпидемиясы ең көп талқыланған жаңалық болды, ал оның таралуының негізгісебептерінің бірі – Батыс Африкадағы кейбір ел тұрғындар жарқанаттың кейбір түрлері мен жабайы жануарлардың етін тамаққа пайдаланған. Баяндама авторларының тұжырымынша, соңғы жылдары Батыс Африка жағалауларынан балықты тым көп аулау кесірінен жағалау суларында балық күрт азайып әрі жергілікті базарларда теңіз өнімдері бағасы қымбаттап кеткен. Балық аулау мүмкіндігінен айырылған халыққа жануар тектес белокты басқа жолдармен табуға тура келіп, аймақта жабайы жануарлардың етін тамаққа тұтынатын жандар көбейген. БАҚ өкілдері «соңғы жылдардың ең қауіпті дерті» деп атаған Эбола эпидемиясының таралуына дәл осы жағдай себеп болды деп кесіп айту қиын, бірақ аса қауіпті инфекциялардың таралуына жануар тектес белокты тұтыну мен өндіру себеп болатыны анық. Бұған «құс тұмауы» мен «сиыр құтырмасын» мысалға келтіруге болады.

Статистикаға сәйкес, 2011 жылы жануар тектес тамақтан 2 миллиард 400 миллион адам ауру жұқтырған және оның 2 миллион 200 мыңы кісі өлімімен аяқталған. Бірақ бұл факт ет жеген адам міндетті түрде әлдебір қорқынышты дертке шалдығады дегенді білдірмейді. Африканың кедей елінде тұрмайтын адамдарға ондай қауіп жоқ. Дамыған елдер ет-сүт өнімдерінің сапасын қатаң қадағалайды әрі өсіріп-бағып отырған малының дені сау болуына өндірушілердің өздері де мүдделі. Осыған байланысты «мал шаруашылығында антибиотик дәрілерді тым көп пайдаланатын болғандықтан, микробқа қарсы препараттарға төзімді әрі адамға қауіпті инфекциялар пайда болады» деген тағы бір қорқынышты қауесет тараған. Шындығында, тұмау немесе Эбола безгегі сияқты вирустық инфекцияларды антибиотиктермен емдемейді.

Бірақ U.S. Centers for Disease Control and Prevention (CDC) ұйымының пікірінше, антибиотикке төзімді инфекциялардың пайда болуының негізгі себебін мал шаруашылығынан емес, науқастарды емдеуден, әсіресе дәрігерлердің антибиотиктерді тым шамадан тыс көп пайдалануынан іздеген жөн. Антибиотиктер - науқас жандарға ең көп тағайындалатын дәрілердің бірі. Оның үстіне, ұйымның пікірінше, дәрігер антибиотиктерді мүлде қажет емес кезде немесе тиімділігі төмен болатын сәттерде де жазып береді. Бірақ қазір жаңа антибиотиктерді шығару ісі мүлде баяулаған. 1980 жылдардың ортасында 15 жаңа препарат шығарылып, медицина саласында қолдануғарұқсат етілсе, 2008 жылдан бері небәрі жаңа үш антибиотик шыққан. Мұның негізгі себебін оның экономикалық тиімсіздігімен байланыстырады. Антибиотиктің жаңа түрін жасау ғылыми тұрғыдан күрделі, экономикалық тұрғыдан қымбатқа түсетін шаруа, ал дәріні шығаруға рұқсат алу процедурасы ұзақ жылдарға созылуы мүмкін. Сондықтан фармацевтикалық компаниялардың антибиотиктер өндірісіне салған инвестициясы кейде ақталмайды.

«ЖАНУАРЛАРДЫҢ БЕС ҚҰҚЫҒЫ»

Соңғы жылдары тамақ өндірісі саласында гендік тұрғыда модификацияланған организмдерді (ГМО) тамаққа пайдалану қауіпті деген лақап көп тараған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл өнімдерді адам денсаулығына қауіпсіз деп тану туралы арнайы баяндама жариялағанымен, жұрттың көбі мамандарға сенбейді. Бірақ тамақ өнімдерін шығаратын өндірушілер жұрттың сауатсыздығын пайдаланып, өнімдеріне жарнамалық мақсатпен «гендік тұрғыда модификацияланған организмдер қосылмаған» деп жазып қояды. Егер гендік тұрғыда модификацияланған организмдерді пайдаланбай өсірілген тауық етін сатып алдым деп ойласаңыз, қателесесіз. Шындығында, қазір өсімдік тектес тамақтың көп бөлігі (әсіресе соя мен жүгері, бұлар тауық жемі) трансгенді тұқымнан өндіріледі. Ал гендік модификацияланған жануар тектес өнімдерге әлемнің ешбір елі, тіпті заңдары Еуропадан босаңдау деген АҚШ-тың өзінде әзірше рұқсат етілмеген.

Норвегиядағы балық өсіретін су фермасы.

Норвегиядағы балық өсіретін су фермасы.

Мысалы, Американың AquaBoutny компаниясы Атланта мұхитынан ауланатын албырт (антлантикалық лосось-ред.) балығының генетикалық кодына Тынық мұхитынан ауланған албырт балықтың бір түрі - чавыча балығының генін қосу арқылы трансгенді балық жасап шығарған. Кәдімгі албырт балыққа қарағанда будан балық екі есе өсімтал көрінеді. Журналистер Frankenfish деп атап кеткен балықты өндіруге рұқсат алу құжаттарын компания FDA реттеуші органына 1995 жылы өткізген, бірақ олардың өтініші қаралып жатқанына 20 жылдан асты. Осы уақыт ішінде Food and Drug Administration (АҚШ-та жаңа тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектерге рұқсат беретін федералдық агенттік) трансгенді балықты тіркеуден бас тартуды талап еткен адамдардан бір жарым миллионнан астам хат алған.

Трансгенді балықты өндіруге қарсы адамдар «гендік тұрғыда модификацияланған организмдерді тамаққа пайдалану қауіпті» деген қарабайыр уәжден бастап, будан балықтың қамын ойлауға дейінгі уәждер келтірген. Ал Аляска штатынан сайланған сенатор Лиза Мурковски FDA агенттігіне «Табиғатпен «әзілдеуге» болмайды» деген уәж айтып, Aquabounty компаниясына рұқсат бермеуді ұсынды. Агенттік әзірше ешқандай шешім қабылдаған жоқ, бірақ трансгендік балық өндірісіне рұқсат етілген күннің өзінде оны ешкім сатып ала алмайды. Экологиялық белсенділер мен жануарлар құқығын қорғаушылардың қысымымен Америкадағы ең ірі 65 желілік ритейлер «дүкен сөрелеріне құбыжық балықты жолатпаймыз» деп уәде етті.

Баяндама авторлары 1960 жылдары ауыл шаруашылығы саласында негізгі дәнді дақылдардың генетикасын жақсартқан «жасыл революция» өрістегенін еске салады. Бұл әдіс дақылдың өнімділігін арттырып, реттеуші орган қоғамның қарсылығын елемей, қолдан жасалған мутант өсімдіктерді қолдап, рұқсат берген. Сондықтан дастарханымызда жануар тектес трансгендік тамақ ерте ме, кеш пе сөзсіз пайда болатын сияқты.

Жануар тектес протеин өндіру технологиясын тежеп отырған әлеуметтік-мәдени фактор трансгендік тағамнан үрейлену ғана емес. Мал шаруашылығына интенсивті өндіріс тәсілі енген 1960 жылдардың басында адамдардың ауыл шаруашылығы жануарларының жағдайына қатысты алаңдаушылығы күшейді. Қоғамда «мал мен құстар жайсыз ортада ұсталады, адамшылыққа жат әдіспен сойылады» деген наразылық туған соң Ұлыбританияның мемлекеттік арнайы комиссиясы баяндама әзірледі. Баяндамада фермерлерге жануарлардың «бес еркіндігі» принципін орындауға кеңес берілген. Бұл принциптер бойынша кез келген жануардың еркін жатып-тұру, айналу, үсті-басын тазалау және сирақтарын созып, бой жазуына жағдай жасалуы тиіс.

Шанхайдағы жұмыртқа өндірісі. Әлемнің көптеген елдерінде мұндай тәсілге тыйым салынған.

Шанхайдағы жұмыртқа өндірісі. Әлемнің көптеген елдерінде мұндай тәсілге тыйым салынған.

Бірақ ауыл шаруашылығы жануарларына қатысты негізгі этикалық принциптер біртіндеп көбейді. Қазір жануарларды қорқыныш, күйзеліс, жарақаттану, ауру, аштық, шөл сияқты жанына бататын әрекеттерден қорғау және жануарларға мінез көрсету мүмкіндігін беру талаптары қойылады. Кейбір елдерде осы этикалық принциптер негізінде жануарларды қамауда ұстау, тасымалдау, союға қойылатын ресми стандарттар қабылданып жатыр. Бұл ережелерді орындауға әсіресе Еуропа Одағы (ЕО) елдерінде қатаң талап қойылады. Мысалы, ЕО-да шаруа қожалықтарында мал мен үй құстарын ұстаудың тиімді жүйелерін қолдануға тыйым салынған. Бірақ жануарларға қатысты қатал ережелер енгізілмеген елдерде де өндірушілер тұтынушылардың талаптарын ескеруі тиіс.

Мұның бір мысалы ретінде жұмыртқа өндірісін алуға болады. 1950 жылдары мекиен тауықтарды (қазір әлемде 5 миллиардқа жуық мекиен бар) төбеге дейін бірнеше қатар етіп орналастырылған темір торда ұстау технологиясы пайда болды. Бұл талап паразит аурулардың таралуын шектеуге мүмкіндік беріп, тауық жұмыртқасын жинап алу процесін жеңілдетіп, жалпы өндіріс тиімділігін арттырды. Бірақ тар шарбақтағы тауықтардың аянышты тіршілігі жануарларға қатыгездік танытуды айыптайтын негізгі архетиптердің біріне айналды. (мысалы, Ресейде Виктор Пелевиннің «Затворник и Шестипалый» деген повесі бар). Қоғам қысымының арқасында ЕО мен Жаңа Зеландияда бұл технологияға ресми түрде тыйым салынған. Австралия тұрғындары «еркіндігі жоқ тауықтардың» жұмыртқасын сатып алудан бас тартқан соң өндірушілер мекиендерді асыраудың өзге әдістеріне ресми тыйымсыз-ақ көшуге мәжбүр болды. Ал америкалық 10 тұрғынның тоғызы сатып алған жұмыртқасының қандай жағдайда дүниеге келгені туралы әзірше ойланбайды, бірақ АҚШ-тағы ең ірі жұмыртқа өндіруші United Egg Producers компаниясы әлеуметтің реакциясын күтпестен тор пайдаланудан бас тартты. Коммерциялық мақсатта жұмыртқаны ең көп тұтынушылардың көшбасшысы Uniliver компаниясы 2020 жылға қарай «еркін тауықтардың» жұмыртқасын ғана сатып алатынын мәлімдеді.

Жұрттың трансгендерлік тағамнан қорқуына көбінесе сауатсыздық себеп болады. Ал жануарлардың қамын ойлауы - адамгершілік таныту. Бірақ жануарлар емін-еркін жайылатын, дәстүрлі фермерлік экстенсивті технологияларды қолданатын «жасыл» фермалар адамзаттың үздіксіз өсіп келе жатқан сұранысын өтей алмайды. 10 миллиард жанға қорек тауып беру -қиын шаруа, оны шешу үшін этикалық принциптерді ысырып қоюға тура келуі мүмкін. Бірақ ет жеу немесе жемеу - әркімнің өз шаруасы.

ЖАРАМДЫЛЫҚ МЕРЗІМІ МЕН ҚОҚЫС ШЕЛЕГІ

Адамзаттың бірте-бірте көбірек тамақ өндіруді үйренуіне тура келеді, бірақ оны үнемдеуді үйрену де артықтық етпейді. Сақтау мерзіміне заңмен қойылған нормалардың кесірінен дүкеннен әкелінген тамақ өнімдерінің үштен бірі қоқысқа тасталады. Бірақ тамақ өнімдері бұл кезеңде ғана емес, өндіріс пен тұтынудың барлық сатысында ысырап болып жатады.

Жыл сайын әлемде дақылдардың 30 пайызы, тамырлы жеміс-көкөністердің 40-50 пайызы, өсімдік майы мен ет-сүт өнімдерінің 20-30 пайызы, балықтың 35 пайызы, яғни жыл сайын өндірілетін 1,3 миллиард тонна тамақ өнімдерінің үштен бір бөлігі қоқысқа тасталады.

Пешавар (Пәкістан) базары маңындағы тамақ қалдығы.

Пешавар (Пәкістан) базары маңындағы тамақ қалдығы.

Егер қоқысқа тасталған тамақ қалдықтарын жер бетіне жайсақ, оның көлемі 1,4 миллиард гектар жерді, яғни планетадағы ауыл шаруашылығына жарамды бүкіл жер аумағының шамамен үштен бірін алады екен. Ал желінбей қоқысқа тасталған осы тамақты өндіру кезінде 3,3 гигатонна көмірқышқыл газы бөлінеді. Егер осынша мөлшердегі CO2газын белгілі бір ел бөлді деп елестетсек, ол ел Қытай мен АҚШ-тан кейін үшінші орын алар еді. Жыл сайын қоқысқа тасталатын тамақ қалдықтары 250 текше километр суды ластайды.

Баяндама авторлары келтірген «дамыған елдерде азық-түлік көбінесе тұтынушыға жеткен кезде тасталады» деген факт бәрімізді ойландыруы тиіс.

ТЕХНОЛОГИЯЛАР МЕН ШЕГІРТКЕЛЕР

Баяндама авторлары медицина немесе ғарышты зерттеу саласы сияқты мал шаруашылығына да жаңа технологиялар қажет деген тұжырым жасайды. Тиімділігі жоғары әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз өндіріс жүйелерін енгізбей, дәрі-дәрмексіз және гендік инженерия жетістігінсіз адамзат планетаның сарқылуға таяған ресурстарын тез тауысады, соның өзінде адам баласына тамақ жетпеуі мүмкін. Бірақ адамзаттың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін ғалымдарға ғана жүктеп қарап отыруға болмайды, етті тұтынуды азайту мен күн сайын қанша тамақты қоқысқа тастайтынымыз туралы ойлануымыз керек.

Шегірткеден жасалған француз деликатесі.

Шегірткеден жасалған француз деликатесі.

Жер бетінде жеген қорегін құнарлы белокқа айналдыру қабілеті сиыр, шошқа, тауықтан да асып түсетін бір жәндік бар. Ол – кәдімгі шырылдауық шегіртке. Оның үстіне, ауыл шаруашылығының дәстүрлі жануарларымен салыстырғанда, денесінің 80 пайызы жеуге жарамды шегіртке құнды витаминдер мен микроэлементтерге өте бай. Осы жәндіктің арқасында адамзатты аштықтан аман алып қалуға болатынын БҰҰ да мойындаған. Сонымен, мутант сиыр етінен әзірленген стейк пен шегіртке қосылған тұшпараның қайсысын қалайсыз? Ғасыр ортасына қарай бұл екеуін де қорекке айналдыруға тура келетін сияқты.

(Сергей Добрыниннің мақаласы орыс тілінен аударылды)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG