Accessibility links

Гуманитарлық көмек пен әскери интервенцияның ара-жігі


АҚШ әскери күштері Ливияға аттанғалы тұр. Вайтмэн әуе күштері базасы, 19 наурыз 2011 жыл

АҚШ әскери күштері Ливияға аттанғалы тұр. Вайтмэн әуе күштері базасы, 19 наурыз 2011 жыл

Халықаралық күштердің Ливиядағы операциясына әркім әрқалай баға беріп жатыр. Бірі оны адами әрекетке баласа, тағы біразы имперализм деп атады.


Ливияға НАТО әуеден шабуылын үдете түскен сайын БҰҰ-ның мақұлдауымен жасалып жатқан операцияларды сынаушылар қатары өсіп барады.

Солардың бірі Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеи дүйсенбі күні Тегеранда НАТО-ға қарата былай деді:

«Көтерілісшілер бомбаланып жатыр. Сіздер оларға көмектесіп, қару беріп, қорған болудың орнына елдің қалай қырылып жатқанына қарап бір ай бойы күтіп отырдыңыздар. Енді келіп араласқыларыңыз келеді. Сондықтан сіздер халықты қорғауға келген жоқсыздар, Ливиядағы мұнайға келдіңіздер».

Владимир Путин, Ресей президенті Сербия басшысымен ресми келіссөз үстінде. Белград, 23 наурыз 2011 жыл
Ресей премьер-министрі Владимир Путин де БҰҰ мен НАТО бірігіп, “ортағасырлық крест жорығын” жасап жатыр деген сын айтты. Путин БҰҰ-ның қарары шала-жансар, әрі дұрыс емес дейді. Оның пікірінше, Муаммар Каддафи режиміне демократия жетпей жатыр, бірақ оны әскери шапқыншылықпен ақтауға болмайды. Ресей премьері басқа елдердің ішкі ісіне араласу АҚШ-тың сыртқы саясатындағы тұрақты тенденцияға айналып барады дейді.

Бұл тұста Қытай шетелдік әскердің Ливияда әскери қимыл жасауын тоқтатуға шақырды. НАТО мүшесі Түркияның өзі шабуылға қарсы болып, Ливияға халықаралық күштер араласпай-ақ ішкі мәселесін шешуге мүмкіндік беру керек деді.

Мұндай сындар айтылып жатқан сәтте Ливиядағы операцияларды қолдаушылар оны төтенше тұрғыдағы «гуманитарлық интервенция» деп атап отыр. Егер Ливиядағы наразылық танытқан бейбіт халықты жергілікті үкіметтің жасақтарынан қорғау мақсатындағы барлық шараларды БҰҰ мақұлдамаған болса, әлем елдері диктатордың жауыздығын қолдағандай болар еді деген пікір айтылды.
Ливиялық көтерілісшілер талқандалған үкімет күштерінің қару-жарағын олжалап жатыр. Адждабия аймағы, 23 наурыз 2011 жыл
Ливияға қатысты ғаламдық талқылаулар қызып тұрған сәтте бір ел екінші елдің ішкі ісіне әскери операциялар арқылы араласуға хақы бар ма деген мәселе күн тәртібіне шықты.

НАТО елдері Ливиядағы жағдайға қайырымдылық тұрғыда араласты дегенді қолдайтындар бұл елдегі соңғы апталарда болған қантөгістерді алға тартады. Әлем елдерінің бейбіт халықты қорғау идеясы қазірде "R2P" деп аталып кетті.

Бұл бейбіт халықты қорғау тұжырымдамасының тамыры Холокост, одан кейінгі Босния, Руанда және Дарфурдағы қырғыннан бастау алған. Бұл идеяға 2005 жылғы қыркүйек айында 150 елдің басшылары жиналған БҰҰ Бас ассамблеясының басқосуында қолдау білдірілген. Онда ұйымға мүше елдер геноцид, соғыс қылмыстары және адамзатқа қарсы қылмыстарға қарсы жауап беріп қана қоймай, халықты қорғау бойынша да міндеттеме алған.

Қорғау жауапкершілігін қолдаушылар қатыгездікке дипломатиялық жолмен, заңды әрі саяси шаралар және экономикалық санкциялар арқылы қарсы тұруға болады дейді. Бірақ олар сонымен қатар әскери араласу кей кездері соңғы амал ретінде қажет болады дегенді айтады.

Бейбіт халықты қорғау тұжырымдамасы соңғы жылдары қабылданғанымен, кейбір елдер әскери интервенция мәселесінде бір ұйғарымға келе алмай отыр. Оның соңы елдердің бірін-бірі айыптауына ұласты.
Алақанына "Ливияны сүйемін" деп жазған әйел Каддафиге қарсы коалициялық күштердің операциясын қолдау акциясына қатысып тұр. Бенгази, 23 наурыз 2011 жыл
Лондондық сарапшы Шахшанк Йошидің пікірінше, Ливиядағы операция Батыс елдерінің мұсылман екі ел - Ауғанстан мен Ираққа әскер кіргізуінен кейін туып отыр.

«Тіпті елдер қабылдаған егемендіктің өзі халқы шабуылға тап болып жатқанда оларға қорған бола алмайды. Мұндай жағдайды соңғы 10 жылдағы екі интервенциядан байқауға болады» дейді сарапшы.

Бұл тұста БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты үш елі Ливияға қатысты қарарға дауыс беруде қалыс қалды. Мұның өзі көптеген елдер үшін осындай жағдай бір күні біздің басымызға да тууы мүмкін деген алаң тудырып отыр. Осы тұрғыда елдеріндегі жікшілдік қозғалыстар мен бүлікшіл топтармен күресіп отырған Ресей, Қытай және Үндістан Ливияға қатысты Қауіпсіздік кеңесінің қарарын қолдап дауыс берген жоқ.

Сарапшы Йоши бұл елдердің не себепті алаңдап отырғанына қатысты былай дейді: «Егер Батыстың ықпалды елдері қорғау жауапкершілігін әскери іс-қимылдары үшін рұқсат түріне айналдырып, [диктаторлық я автократиялық режимдердің] «ішкі істеріне» араласатын болса, немесе өздері «заңды күш қолдану» деп атайтын олардың «бүлікшіл» қарулы топтарға қарсы әрекеттерін шектейтін болса, онда [диктаторлар] қатты алаңдай бастамақ».

Ресей, Қытай және Үндістан үшеуі де Косовоға НАТО-ның кіруіне қарсы болып, Косовоның Сербиядан бөлініп кетуіне себеп болған оқиғаларды жіті бақылап отырған. Өйткені бұл үш ел өз елдерінде осындай жағдайдың болуына жол бергілері келмейді.

Қауіпсіздік кеңесіндегі дауыс беруде Германия да қалыс қалды. Себебі бұл тайғанақ жолда әскери интервенция мен гуманитарлық араласудың ара-жігін ажыратып алу керек деп шешті. Германияның осыған дейін Ауғанстанның солтүстігіндегі миссияға қатысуы неміс халқының наразылығына тап болған.
Германия канцлері Ангела Меркель парламентте сөйлеп тұр. Берлин, 17 наурыз 2011 жыл
Бұл мәселедегі түйткілдер тек Германияны ойландырып отырған жоқ. Батыстың барлық бөлігіндегі ықпалды саясаткерлер бейбіт халықты қорғау үшін белгілі бір елге әскер кіргізу қаншалықты сыртқы саясатқа негіз болатын тұжырымдама деген сауалға жауап іздеп дал болып отыр.

Тек Ливияға әскер кіргізіп Бахрейн, Піл сүйегі жағалауы немесе Конго демократиялық республикасы сияқты елдерді өз жөніне қалдыруға, сөйтіп тек өз мүддесі үшін ғана араласады деген сөзге қалмауға бола ма?

Бірақ бейбіт тұрғындарды қорғау мақсатында әскери қимыл жасау сырттан таңылған әрекет болса, онда халықаралық күштер белгілі бір елде болып жатқан өз халқын аяусыз түрде қырып-жоюды тоқтатпай қарап отыру керек пе?

«Барлық елдердің ішкі ісіне араласа алмаймыз деп ешбір елдің ішкі ісіне араласпай және отыруға болмайды. Гуманитарлық және стратегиялық мақсат-мүдде тең өлшенуі керек», - дейді Йоши.

Мұндай тепе-теңдік сақтау, әлбетте, қиын. Ливиядағы халықаралық күштердің операциясына қатысты дүние жүзінде жүріп жатқан пікірталас бұл мәселенің көпшілікке қатысы барлығын аңғартты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG