Accessibility links

Ресей Түркіменстанда күшін байқата бастады


Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу (сол жақта) мен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашхабад, 9 маусым 2016 жыл.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу (сол жақта) мен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашхабад, 9 маусым 2016 жыл.

Соңғы кездегі ахуалдарды бағамдап қарасақ, Түркіменстан мен Ресейдің қарым-қатынасы жақсара бастаған тәрізді. Ақырғы күндері екі мемлекеттің жоғары лауазымды шенеуніктері бетпе-бет кездесті. Мұның астарында не бар?

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу маусымның 9-ы күні ресми тұлғалармен кездесу үшін Ашхабадқа ұшып келді. Сол күні Түркіменстан парламентінің спикері Акжа Нурбердиева Мәскеуде болып, Ресей мемлекеттік думасы төрағасы Сергей Нарышкинмен кездесті.

АУҒАНСТАНМЕН ШЕКАРАҒА КӨҢІЛ БӨЛУ

Бұқаралық ақпарат құралдары бұл кездесулерді әріптестер арасындағы әдеттегі пікір алмасу ретінде баяндайды. Бірақ осы жылдың басында Ресей түркімен билігіне белгі беріп, қарым-қатынасты өзгерту керек екенін тұспалдады, сол қадам Түркіменстан басталғандай.

Маусымның 9-ы күнгі кездесуден екі апта бұрын Ресейдің «Газпром» мемлекеттік газ компаниясы ресейлік ақпарат агенттіктері ТАСС және «Интерфакс» арқылы байланысты жақсартуға бір тараптың әрекет жасауы керектігін меңзеді.

Шойгу келмей жатып оның сапарының мақсаты айқын болды. Ресей Ауғанстанның Түркіменстанмен шекараласатын солтүстік-батыстағы төрт ауданында күш көрсетудің ушығып тұрғанына алаңдайды және Ашхабадтың «шекара маңын бақылауда ұстап отырмыз, Түркіменстанға басқалардың көмегі керек емес» деген пікіріне ренжиді.

Ресейлік шенеуніктер түркімен билігіне бірнеше рет көмектесуге дайын екенін, шекара маңында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетіндерін айтты. Қаңтардың 3-і күні Ресей сыртқы істер министрлігі департаментінің директоры Александр Стерник дәл осындай ұсыныс жасады, ал Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров қаңтардың соңында Ашхабадқа жасаған сапарында ұсынысты қайталады.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Ашхабад, 28 қаңтар 2016 жыл.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Ашхабад, 28 қаңтар 2016 жыл.

Кейбір ресейлік шенеуніктер «бұл шекара ТМД елдерінің оңтүстік шекарасы саналатындықтан, Түркіменстан достары мен одақтастарына қауіпсіздік тұрғысынан көмектесуге мүмкіндік бермей, жауапсыздық танытып отыр» деп те тұспалдады.

2015 жылдың қазанында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуден соң мазасыз түркімен-ауған шекарасына қатысты алаңдаушылық білдірді, оған Түркіменстан сыртқы істер министрі реніш танытты.

Ауғанстанның солтүстік-батысында көктемгі шабуылдардан соң жағдай тіпті нашарлап кетті. Түркіменстанға шекаралас ауған аудандарының қаншасы мемлекет қарауында, қаншасы әскерилер бақылауында екенін айту қиын. Түркімен билігі енді шекараны бақылай алатындарына күмәндана бастады.

Шойгудың сапарының өзі өзгеріс болғанын меңзейді. Ресейлік БАҚ «Түркіменстан тәуелсіздік алғаннан бері Ресей қорғаныс министрі алғаш рет бұл елге келіп тұр» деп жазды. Шойгу түркімендік әріптесі Яйлым Бердиевпен, ел президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовпен сөйлесті.

ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ІССАПАР

Ресейлік баспасөз Түркіменстанның әскери әлеуетін күшейту басты тақырып болғанын, соның ішінде қару сату және жаттығу, халықаралық террорға қарсы күрес мәселелері талқыланғанын жазды. Айта кетерлігі, Түркіменстан Кремль бұрыннан тықпалап отырған көмектің бірқатарын алуға келісті.

Түркімен парламентінің спикері Акжа Нурбердиева Шойгу Ашхабадқа келген кезде Мәскеуге барды, оның сапары елеусіз өтті. Нурбердиева «жылдың соңына дейін Түркіменстан конституциясына түзетулер енгізіледі» деп айтпаса, оның сапары туралы ешкім ләм-мим демейтін еді.

Түркімен парламентінің спикері Акжа Нурбердиева.

Түркімен парламентінің спикері Акжа Нурбердиева.

Нурбердиеваның сапары президент Бердімұхаммедов немесе сыртқы істер министрі Рашид Мередов тәрізді назарға ие болмады, бірақ парламент спикері ретінде, конститутция бойынша ол Түркімен басшысы қызметін атқара алмаған жағдайда билікті қолына алатын тұлға екенін атап өту керек.

Оның сапары көбірек назар аударуға тұрарлық еді. Азаттықтың Түркімен қызметінің дерегі бойынша, Түркіменстан парламентінің спикері алғаш рет Мәскеуге іссапармен барған. Нурбердиеваның сөзінен келтірілген үзінділерде Түркіменстан конституциясына өзгерістер енгізілетіні ғана қамтылыпты. Оның ресейлік әріптесімен және басқа ресми тұлғалармен нені талқылауға барғаны нақты айтылмады.

«ГАЗПРОМНЫҢ» ДАУЫ

Түркіменстанның Ресейден нақты қалайтыны – «Газпромның» түркімен газын импорттауды қайтадан бастауы. Ресейлік компания 2016 жылдың басында түркімен газын сатып алуды толықтай тоқтатты. «Газпром» 2008 жылдары 40 миллиард текше метр түркімен газын сатып алса, 2015 жылға қарай оның мөлшері 3,1 миллиард текше метрге азайды.

Ресей сыртқы істер министрінің өкілі Александр Стерник Түркіменстан қауіпсіздігіне көмек көрсету туралы ұсыныс жасаған күннің ертесінде «Газпром» түркімен газын алуды тоқтатқанын мәлімдеді. 2016 жылдың 4 қаңтары күні «Газпром» Өзбекстаннан 3,1 миллиард текше метр газ сатып аламыз деді.

Мамырдың 25-і күні ТАСС және «Интерфакс» «Газпромның» Қазақстан мен Өзбекстаннан газды бұрынғыға қарағанда арзан бағамен алатыны жайлы «материал» жариялады. ТАСС жаңа бағаны атамады. «Интерфакс» та құнын айтқан жоқ, бірақ «Газпромның» 2015 жылы Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстанға 1000 текше метріне орта есеппен 180,39 доллар төлегені туралы жазды. 2014 жылы бұл баға 259,22 доллар болған.

1991 жылы Совет Одағы тарағаннан бері ресей-түркімен қарым-қатынасының шырқын бұзған мәселе газ бағасы болды. «Газпром» Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстанға «Еуропалық газ бағасын» төлемек болып, Орталық Азия газ нарығын монополиялап алмақ болды. Тіпті Орталық Азиядан қосымша газды Ресейге тасу үшін Каспий теңізі жағалауымен жаңа құбыр тарту жоспары жасалды.

Бұл ұсыныстан соң «еуропалық баға» азайды, «Газпром» да соған лайық газ құнын арзандатқысы келді. Түркіменстанға бұндай жағдай ұнамады, ол 2007 жылғы еуропалық газ бағасында қалсын деп көнбеді. Екі елді байланыстырған негізгі құбырды баға туралы дау кезінде, 2009 жылы біреулер жарып кетті. Ол жөнделіп болған соң «Газпром» түркімен газының көлемін азайтып, 75 пайызын ғана алатын болды.

ТАСС агенттігі жариялаған «Газпром» Өзбекстан және Қазақстан газының бағасын төмендету туралы келісімге қол жеткізді» атты мақаладағы 173 сөздің 33-і ғана «Газпром»-қазақ-өзбек мәмілесіне арналған. Қалған 140 сөз «Газпромның» Түркіменстанмен кикілжіңіне арналыпты. Түркіменстан газ экспорттаушы ретінде бағасы арзан басқа газдардан жапа шегіп қоймай, газын тұтынушы Ираннан айырылуға таяу.

ЭКСПОРТ МӘСЕЛЕСІ МЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚИЫНДЫҚТАР

Қазір Түркіменстанның жалғыз үміті – Қытай, экспорт мәселесін шешуге сол көмектесер деп отыр. Жақында Түркіменстаннан Қытайға газ таситын төрт құбырдың ең үлкенінде – D желісінде кідіру бар екені айтылды. Түркіменстаннан ақпарат алу қиын, бірақ осы жаңалықтардың өзі елде үлкен экономикалық мәселелер бар екенін көрсетеді.

Түркіменстан Қытайдан басқа елдерге де газ сатуға қатты ынталы, сондықтан тиімсіз болса да, алдағы онжылдықта Ресейге газ экспорттауға мәжбүр. Лавровтың қаңтарда Түркіменстанға жасаған сапарында президент Бердімұхаммедов Путинді елге ресми сапар жасауға шақырды. 2016 жылдың соңына дейін Ресей басшысы Түркіменстанға баруы мүмкін. Осы сапардан соң ресей-түркімен байланысының жай-күйі біршама нақтыланбақ.

Бірақ Түркіменстан қауіпсіздік және экономикалық қиындығына байланысты Кремльдің оң назарына ие болған тәрізді. Алдағы айларда Түркіменстанға Ресейдің ықпалы айтарлықтай артпақ.

Түркімен мемлекеттік басылымдары Шойгудың сапарын жарыса жазды. Үкіметтің ағылшын және орыс тіліндегі сайттары «тең, стратегиялық және өнімді сипатқа ие әріптестік» немесе «мемлекетаралық диалогты сындарлы дамыту» туралы айтты, Түркіменстанның «бейтараптығы» туралы да көп сөз болды. Ал Ауғанстанның жайы, Түркіменстанның бұл елмен шекарадағы мәселесі және Ресейдің түркімен қарулы күштерін нығайтуы туралы бір ауыз сөз жоқ.

Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен Динара Әлімжан аударды.

XS
SM
MD
LG