Accessibility links

Беларусь пен Ресейдің арасына жік түсті


Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Астана, 29 мамыр 2013 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Астана, 29 мамыр 2013 жыл.

Беларусь экономикасы дағдарысқа түскелі бірнеше жыл болды. Енді бұл елдің ірі экономикалық әріптесі Ресеймен қарым-қатынасы шиеленісіп тұр. Лукашенко Путинге қарсы шыға бастады.

Ресей қазір Сирияға шабуыл жасауды жоспарлап отырған АҚШ-пен араз. Одан бөлек, бірнеше постсоветтік елмен де дауласып, тәжікелесіп отыр. Оған себеп - бұл елдердің Еуропа Одағымен қарым-қатынасты нығайтуы. Кремль ежелден одақтас Беларусьтен Ресейге қарсы тосын әрекетті мүлде күтпесе керек.

«АШЫҚ СОҒЫС ЖАРИЯЛАУ»

25 тамызда Минскінің құзырлы органдары Ресейдегі тыңайтқыштарға қосылатын ингредиенттің бірі - көмірқышқыл калиін өндіретін «Уралкалий» компаниясының бас директоры Владислав Баумгертнерді тұтқындады.

«Уралкалий» компаниясының бас директоры Владислав Баумгертнер. Санкт-Петербург, 21 маусым 2013 жыл.

«Уралкалий» компаниясының бас директоры Владислав Баумгертнер. Санкт-Петербург, 21 маусым 2013 жыл.

Калий өндірісі - Беларусь бюджетіне әжептәуір қомақты қаржы түсіріп отырған сала. Үкімет қарамағындағы «Беларуськалий» - елдегі ең көп салық төлейтін үш компанияның бірі.

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының профессоры (МГИМО) Кирилл Коктыштың айтуынша, компания басшысын тұтқындау – ешкім ойламаған, төтенше оқиға болды.

- Бұны ашық соғыс жариялау десе болады. Меніңше, «сен – маған, мен – саған» деген ұзақ сауда енді басталады. Жұмсақтап айтсақ, Ресей халқы аңтарылып, тіпті есеңгіреп қалды десе болады. Әрі қарай не болатынын көрейік. Лукашенко тізе батыру саясатын қолдана бастады. Бұрындары Лукашенко осындай әрекетке барғанда, Ресей оған көнетін. Бұл жолы қалай болар екен, сол қызық болып тұр, - дейді Коктыш.

РЕСЕЙДІҢ ЖЫЛДАМ ЖАУАБЫ

Баумгертнер «өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен ұсталып отыр. Тұтқындалар алдында ол Беларусь премьер-министрі Михаил Мясниковичпен кездесіп, Ресей мен Беларусь өндіретін калийдің бағасын бірдей етіп белгілеу мәселесін талқылаған еді. Келіссөздер нәтижесіз аяқталғаны белгілі.

Айыбы дәлелденсе, Баумгертнерді 10 жылға соттап жіберуі мүмкін.

Беларусьтің бұл әрекетінің Ресейді таңқалдыратын және бір себебі бар. Премьер-министрмен кездесуге «Уралкалий» акцияларының негізгі иесі Сүлеймен Керимов пен басқарма төрағасы Александр Волошин де шақырылған. "Уралкалий"-де өндірілген калий тұзы. Ресей, Урал аймағы, 23 тамыз 2013 жыл.

"Уралкалий"-де өндірілген калий тұзы. Ресей, Урал аймағы, 23 тамыз 2013 жыл.

Бірақ олар кездесуге барудан бас тартқан. Керимов – Ресейдегі ең ықпалды олигархтың бірі, Федеративтік кеңес мүшесі, Путинмен тығыз байланыстағы адам. Ал Волошин 1999-2003 жылдар аралығында Путиннің іс басқарушысы болған, әлі де президенттің серігі саналады.

Ресей де бұған жылдам жауап қатты. Арада бірнеше күн өтер-өтпестен Беларусьтен келетін шошқа еті өнімдеріне уақытша тыйым салды. Одан бөлек, бұл елге мұнай экспортын 20 пайызға қысқартатынын хабарлады. Келесі кезекте Беларусьтен келетін сүт өнімдерін де Ресей нарығына кіргізбей қоятынын мәлімдеді. Бірақ Беларусь алған бетінен қайтпайтын сыңай көрсетіп отыр. Қыркүйектің 2-сі күні Ресейде жүрген Керимовті де дәл сондай айыппен тұтқындау туралы бұйрық шықты.

БІРЛЕСКЕН КӘСІПОРЫН ДАУЫ

2005 жылы Ресейдің «Уралкалий» компаниясы мен «Беларуськалий» өнімді бірге экспорттау туралы келісімге қол қояды. Сол құжаттың арқасында қазір бұл екі компания әлемдегі калий өнімдерінің 40 пайызын шығарып отыр. Уақыт өте келе «Беларуськалий» өзіне қарағанда кішірек «Уралкалийді» қосып алуға ниеттене бастаған.

Алайда «Беларуськалий» елдегі дағдарыстың кесірінен тоқырай бастады да, «Уралкалийді» Керимов сатып алды. Керимов өндірісті кеңейту үшін калий өндіретін басқа да компанияларды іздестіре бастады.

Кәсіпкер Сүлеймен Керимов. 2012 жыл.

Кәсіпкер Сүлеймен Керимов. 2012 жыл.

2011 жылы Керимов «Беларуськалийді» және осы елдің табысы көп деген мемлекеттік компанияларын сатып алғысы келетінін мәлімдеді. Ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, президент Лукашенко компанияның бақылау пакетін 30 миллиард долларға бағалаған. Ал Керимов 10 миллиард доллар (және Лукашенконың айтуына қарағанда, оған 5 миллард доллар пара күйінде) беретінін айтқан.

Лукашенкоға қысымды күшейтуді ойластырған Керимов «Беларуськалийді» тартып алу мақсатында 2005 жылғы келісім-шарт талаптарын бұзып, калийді бөлек сата бастаған. «Уралкалийдің» өткен жылғы экспортының 80 пайызы келісім-шарттан тыс сатылған. Беларусь үкіметі біріккен компанияның Ресей жағы тағайындаған басшыларын, соның ішінде басқарма төрағасы Баумгертнерді «экспорт шарттарын бұзып, «Беларуськалий» мекемесіне кем дегенде 100 миллион доллар шығын келтірді» деп айыптады.

Сол себепті Лукашенко екі компания арасындағы өнімді бірлесіп сату туралы келісім-шарттың күшін жойды. Бұл шешім әлемдегі калий бағасының құлдырауына себеп болды, Беларусь экономикасына да кері әсерін тигізді.
Тамыздың 30-ы күні «Беларуськалий» төрт шахтаның екеуіндегі өндірісті тоқтата тұратынын хабарлады.

«БАСШЫНЫ «КЕПІЛГЕ» АЛУ»

Беларусьтегі оппозициялық Біріккен азаматтық партияның төрағасы Анатолий Лебедьконың айтуынша, «Беларусь президенті Александр Лукашенко компания басшысын кепілге алу арқылы Путиннің назарын осы мәселеге аударуға тырысып отыр».

Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 19 желтоқсан 2012 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 19 желтоқсан 2012 жыл.

​- Меніңше, калий экспортының дауы шыққан кезде Лукашенко мәселені Кремльмен шешуге тырысты. Бірақ оған ешкім құлақ аспады. Лукашенко «Кремль мұндай мінезін ертең де қайталайды, бұл - Путиннің өзгелерді тұқырту амалы» деп ойлады. Ол мұндай әрекетті Кремльді келіссөздер бастауға мәжбүрлеу үшін жасады, - дейді Лебедько.

Мәскеу жоғары экономика мектебіндегі ғаламдық экономика және ғаламдық саясат кафедрасының сарапшысы Андрей Суздальцев «Баумгертнерді тұтқындау – Лукашенко тарапынан жасалған эмоциялық қадам» дейді.

- Беларусь «Қиын жағдайда бауырлас елге көмектесу керек. Ол – Ресейдің міндеті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әрбір төртінші беларусь қаза тапқан» деген сияқты сөздермен «Уралкалийді» билеп-төстеп кетеміз деп ойласа керек. Бірақ олай болмады, - дейді ол.

Беларусь-Ресей қарым-қатынасында қиын кезең басталды. Лукашенко жанжал шығарудың ұрымтал сәтін дұрыс таңдаған сияқты.

Мәскеу үш ел - Беларусь, Қазақстан, Ресей бірігіп құрған Кеден Одағының Украина, Молдова және басқа да постсоветтік елдердің алдында жаман жағынан көрінбегенін қалайды. Себебі олар Еуропа Одағының Вильнюсте өтетін саммитіне қатысуға әзірленіп жатыр.

Оның үстіне Минск соңғы уақытта әлемдегі калийдің ең үлкен тұтынушысы – Қытаймен тікелей қарым-қатынас орнатуға тырысып жатыр. Лукашенко шілде айында Пекинге ресми сапармен барып, Путинді тағы бір мәрте алаңдатқан еді.

Михаил Соколовтың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG