Accessibility links

Глеб Павловский: «Путин есін жиса екен»


Ресейлік саясаттанушы Глеб Павловский.

Ресейлік саясаттанушы Глеб Павловский.

Саясаттанушы Глеб Павловский Ресейдегі 2014 жылғы оқиғаларды «стратегиялық дағдарыс», «басқару қабілетін жоғалту» деп бағалайды. Кезінде Кремль әкімшілігіне қызмет еткен сарапшы енді оның әрекетін сынайды.

Глеб Павловскийдің болжамынша, 2015 жыл Ресей үшін одан әрі шиеленісті болмақ. Ол үш жыл бұрынғы азаматтық толқу мен қазіргі жағдайды салыстыра келе ел саясаты бұрыс, қоғамда үлкен жікке бөлінушілік бар екенін айтты.

­Глеб Павловский: – 2011 жылы саясатты өзгерту мүмкіндігінен екі жақ – оппозиция да, үшінші мәрте билікке оралған Путин де айрылып қалды. Екеуі де саяси күн тәртібін қалыптастыра алмады, сөйтіп соңғы екі жарым жылдағы саяси күйзелістер туындады. Қазіргі күні біздің саясат қирап жатыр.

Қазіргі күні біздің саясат қирап жатыр.

Навальный мен оны қолдаған шеруді айтар болсақ, ол ұстаным мәселесіне келіп тіреледі. Ол гуманитарлық акция, билікті тағы бір оңбағандықтан – адамды бекерге түрмеге қамаудан құтқару үшін жасалған әрекет. Бірақ онда барған адамдардың ішкі ойы, айтқысы келгені басқа деп ойлаймын. Олар болып жатқан оқиғаға өз көзқарастарын білдіргісі келеді, оған келіспейтіндерін айтқылары келеді. Адамгершілік тұрғысынан мен оларға қосыламын, сондықтан мен де барамын (сұхбат ағайынды Навальныйларға үкім шығарардан бұрын болды - автор). Бірақ саяси тұрғыда оның еш салмағы жоқ. Көздеген мақсатқа бұндай әдіспен жете алмайсың.

​Азаттық: –​ Қазіргі кезде саяси белсенді, тәуелсіз ойлайтын адамдар аз, олар Путинге қарсы деуге бола ма? Әлде Путинді қолдаушылардың ішінде де тәуелсіз ойлайтын, саяси белсенді жандар бар ма?

Глеб Павловский: – Ондай балама жоқ. Билік БАҚ-тың көмегімен, дұрысы оны өз пайдаларына қолдану арқылы ел арасында үлкен жік туғызды. Билікті қолдайтын адамдар саны Кремль үшін маңызды, бірақ олар қателеседі. Солайша сенімді адамдар тобын қалыптастырамыз деп ойлайды. Бірақ жікке бөліну ауқымын әдетте билікке келіспейтін азшылықтың санымен анықтаймыз.

Бұл жікке бөліну ушығып, саяси өмір факторына айналып барады.

Бұл жікке бөліну ушығып, саяси өмір факторына айналып барады. Совет одағы кезінде диссиденттер аз болатын, бірақ олар өмірдің факторы еді. Қазіргі көпшіліктің кімдер екенін бір ауыз сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Бұл бұрынғы путиншіл қауым емес, олар кезінде Путинге алаңсыз сеніп, оған дауыс берген еді. Қазір БАҚ-тың көмегімен тобырдың миының алдыңғы бөлігін алып тастады, операция аяқталған кезде олардың қандай күйде боларын білмейміз.

Бұл өте қауіпті жағдай, мен диссидент болып жүргенде ондай жоқ еді. «Советтік адамдар» түсінігі болды, бірақ бүгін жаңа постмодернистік тоталитаризмді көріп отырмыз, оған қазіргі құралдар керек емес, себебі жаңа қаруы бар. Бірақ ол жаңа құрал адамдарды, бұқараны Совет одағынан да тез аздырып бара жатыр.

Советтік идеократия авторитарлық болатын, бірақ оның құндылығы бар еді, қазір нигилист билік орнады, ол уақытша жетістіктер үшін адамдардың шығармашылық тұрғыда ойлауын, әрекет етуін құртып жатыр. 86 пайызға қарсы тұратын әлгі 14 пайыз нағыз ойшыл алыптар, зиялылар дей алмаймын. Оның ішінде де түрлі адамдар бар, осының бәрі аяқталған кезде әрқайсы өз жөнімен кетеді.

​Азаттық: ​–​ Біреулер Путин қазір президент емес, оның артында кландар соғысы тұр деп жүр.

Глеб Павловский: – Ол орыстар айтатын бос сөз, еш мағынасы жоқ. Осы 15 жыл ішінде қалыптасқан жүйе Ельциннің шамасы келмеген пәтуаға келу, жаңа мемлекеттік консенсус құру міндетін атқаруға тиіс еді. Ельцинің қолынан ол келмеді, оны маңайындағы топтан басқа ешкім қолдамады. Путин бұл мәселені шешті. Баяғыда шешкен еді, одан кейін адамдар құрдымға кеткен Совет одағы емес, жаңа мемлекетте өмір сүріп жатқандарын мойындады.

Қазір Путин расымен де толқынның ағынымен жүзіп барады, бірақ соған қарап «оның тасасында жауыздар мен қаскүнемдер тығылып, азғырып отыр» деуге келмес.

Бірақ Кремльдегі топ әлі де баяғы әдіспен елді билей берсек дейді. Бұл жерде мақтанатын ештеңе жоқ, себебі мен де өзін-өзі алдаған, басқаларды да алдаған топтың ішінде болдым, бәріміз өзіміз келген жаққа бара жатқан жоқпыз деп өзгелерді сендірмек болдық. Қазір Путин расымен де толқынның ағынымен жүзіп барады, бірақ соған қарап «оның тасасында жауыздар мен қаскүнемдер тығылып, азғырып отыр» деуге келмес.

Бұл - стратегиялық дағдарыс, басқару қабілетін жоғалту. Соның кесірін рубльден де көріп отырмыз. Бұл жүйенің дағдарысқа тап болғанын көрсетеді, ол ары қарай бұлай жұмыс істей алмайтынын көрсетті. Бұл жүйеде үкімет деген нәрсе жоқ. Кремльдің Ақ үй мен Орталық банкке телефон соғуы үкіметті алмастыра алмайды. Келер жылдың бастапқы міндеттерінің бірі – жұмыс істейтін үкімет құру деп ойлаймын. Бұл бір адамға қатысты мәселе емес.

Қазіргі ресейлік саясаттың басты қасіреті – бір адамға шектен тыс сенуі. Барлығы бір адамды талқылайды, оның қолынан бәрін шешу, тым құрыса алдына міндет қою келеді деп сенеді. Ол ештеңені шеше алмайды, оның тіпті алдына қойған міндеті де жоқ, ол - әшейін абдырап, не істерін білмей отырған адам. Ол талантты, қабілетті адам, оның үстіне әлі де таңдау жасау мүмкіндігі бар – нақты жағдайды саралап, елдегі болып жатқан құбылыстарды түсінуге тиіс. Әйтпесе ары қарай өз қиялына батады да, Кремльден кетпей жатып жоғалады, өз маңызын жоғалтады. Төңкеріспен салыстырғанда бұл барынша қайғылы әрі ықтимал жағдай.

​Азаттық: ​– ​Сіз бір жағынан Ресейде Путиннен басқа ештеңе жоқ деп отырсыз...

Глеб Павловский: – Бұл – сіздің сөзіңіз! Міне, адамдардың елдегі күрделі саясатты дайын қалыпқа салып түсіндірмек болғанына осыны мысал етсе болады. Біз өте күрделі елдегі нақты құрылымды да, бір жағынан үміттеніп, бір жағынан қорқып, қауіпсіздігіне кепіл іздеп жүрген адамдардың жағдайын да мойындамаймыз, дағдарыс деген – осы. Путин – оларға кепілдік беретін жалғыз адам.

Оппозиция ешқандай кепілдік бермейді. Себебі ол жоқ, саяси тұрғыда жоқ, шынайы емес.

Оппозиция ешқандай кепілдік бермейді. Себебі ол жоқ, саяси тұрғыда жоқ, шынайы емес. Бұл өте күрделі ел, оның барлық саласында жаңа топтар пайда болды, жаңа шенеуніктер келді, өте қызық өмір сүріп жатқандар бар. Бірақ осының бәрі жалпыұлттық экранда үлкейтіліп көрсетілмейді, экраннан тек жалған оқиғаларды көреміз.

Олардың жасандылығы тіпті советтік кезеңнен де өтіп кеткен. Адамның ту сыртынан біреу тоқтамай айғайлап тұрса не болар еді? Сондай жағдай. Егер басқару күйрей берсе, ойлана да алмайсың, ештеңе істей де алмайсың, бұл – өте қауіпті жағдай. Путин тезірек ес жиса екен деп тілеймін.

​Азаттық: – Ол қалай ес жияды? Сіздің сөзіңізбен айтқанда, бір жағынан БАҚ арқылы айғайлап жатыр, екінші жағынан соның бәрі өзіне ықпал етіп, өзіне-өзі айғайлап отырғандай әсер қалдырады емес пе?

Глеб Павловский: –​ Иә, мен әркез біздің қазіргі цензура биліктегі топты саңырау ететін болды деп айтып жүрмін. Путин де соңғы уақытта керең адам тәрізді көрінеді, өзі бір қоңырау шалып қуып жібере алатын тележүргізушілердің сандырақ пікірлерін қайталап отырады. Менің ойымша, бірнеше ай ғана қалған тәрізді.

Егер санкциялар болмаса, әсіресе америкалық санкциялар ықпал етпесе, биліктегі топтар саясатты қайта қарауға көшер еді. Бірақ Ресейге қарсы соғыс тәрізді көрінетін санкциялар кезінде Путин көп қозғала алмайды, әйтпесе оны халық басқаша түсінер еді. Енді экономикадағы, елдегі, әлемдегі үдерістер мен биліктегі топтың абыржуы – бәрі жарысып, қабаттасып кетті. Алдағы жыл ел ішінде барынша қарқынды, шиеленісті болады.

​Азаттық: – 2014 жылдан да қарқынды әрі шиеленісті болмақ па?

Глеб Павловский: –​ Әрине. Біздің бәрін бүлдірген жүйеміз шектен шығып кетті. Путин өз жүйесінің жоқ екенін біледі, оның орнын толтыра алмайды, сол жүйенің орталығы бір өзі, бірақ ол тіпті қарапайым үкіметтің де орнын баса алмайды. Ішкі шиеленістер кезеңі басталады. Өкінішке қарай, бұл жерде бізге ешкім көмектесе алмайды, шынайы ақпарат керек, ал БАҚ болса, әсіресе электронды басылымдарорынды ақпарат бермейді.

Кейбіреуі ел ішіндегі жікке бөлінуді ұлғайтып, Ресейдің бір азаматтарын басқа азаматтарына сенбейтін дәрежеге жеткізді.

Кейбіреуі тіпті ел ішіндегі жікке бөлінуді ұлғайтып, Ресейдің бір азаматтарын басқа азаматтарына сенбейтін дәрежеге жеткізді. Осының бәрі нәтижесінде айсбергтің аударылуына, қоғамдағы шиеленістің асқынуына ықпал етеді. 84 пайыз 16 пайызға қарсы тұрса, бұл – тұрақсыздық белгісі, айсберг аударылуға жақын дегенді білдіреді.

​Азаттық: –​ Сонда не Путин өзгеруі керек, не шиеленістің асқынуы анық дейсіз ғой. Путиннің өзгеруі мүмкін бе?

Глеб Павловский: – Ол өзгеруге қабілетті адам. Ол бірнеше рет өзгерді де, менің көз алдымда да сондай жағдайлар болды. Қазіргі Путин 15 жыл бұрынғы Путинге еш ұқсамайды. 15 жыл бұрынғы Путин 10 жыл бұрынғы Путинге мүлдем кереғар. Ол өзгерді, қатты өзгерді, сабақ алу оның қолынан келеді. Мәселенің бәрі оның жасаған қатесіне шолу жасамайтынында болып тұр.

2011 жылы ол үшінші мерзімге сайланғанда қателіктер жіберді. Қазір қоғам ішінде толқулар күшейді. Украинаның шығысына еріктілердің кетуі де –қоғамдық қозғалыстың көрсеткіші. Бес жыл бұрын ондайды елестету қиын еді. «Украинаның шығысындағы бауырларға көмектесеміз» деп шын көңілмен сеніп кеткен адамдардан арам ниеті насихатты ажыратып қарау керек.

Батыс Ресейге көмектесіп жатқан жоқ, бұл – жағдайды ушықтыру факторы.

Батысқа келсек, ол қазір Ресейге көмектесіп жатқан жоқ, бұл – жағдайды ушықтыру факторы. Бірақ мен астыртын әрекеттің маманы емеспін, оның бәрі әдейі ұйымдастырылған деп ойламаймын.

Ақыры Ресей әркімнен таяқ жейтін балаға айналып шыға келді, бұның бәрі жағдайды қиындатты. Ішкі әлеуметтік және саяси дамудың нәтижесінде түрлі келеңсіз жағдайлар орнату мүмкін. Егер біздің азаматтар ес жинап, өздерін сабырға шақырмаса – Путин бұл мәселенің бір бөлігі ғана – салдары өте қымбатқа түсуі мүмкін, бәріміз үлкен шығынға батамыз.

Валентин Барышниковтың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG