Accessibility links

Ресейлік экономист Путиннің уәдесіне сенбейді


Ресейлік экономист Сергей Гуриев. Мәскеу, 24 қыркүйек 2012 жыл.

Ресейлік экономист Сергей Гуриев. Мәскеу, 24 қыркүйек 2012 жыл.

Ресейлік танымал экономист Сергей Гуриев «бас бостандығына қауіп төнген соң» шетелге кетуді жөн деп тапқанын мәлімдеді. Президент Путин «ешқандай қауіп жоғын» айтып, оны елге қайтуға шақырды.

Өткен айдың соңында Ресейден қашып кеткен танымал экономист Сергей Гуриев өзін билік түрмеде отырған олигарх Михаил Ходорковскийдің ісіне қатысы бар адам ретінде қамауға алады деген қауіппен осындай қадамға барғанын айтады.

Кремль Гуриевтің елден кетуін «оның жеке шаруасы» деп сипаттаса, билікке жақын комментаторлар «ол жағдайды шектен тыс әсірелеп, ушықтырып отыр» деп кінәлады.

«ТҮРМЕГЕ ТҮСКІМ КЕЛМЕЙДІ»

Тергеушілер кеңсесін тінтіп, Ходорковскийдің ісіне қатысты мыңдаған электронды хаттарды көшіріп алған соң Сергей Гуриев ұзақ ойланбады. Ресейдің әйгілі экономистерінің бірі тездетіп жүгін жинап, Парижге тартып отырды. Сәуірдің соңғы күні Гуриевтің шетелге кетіп қалғаны туралы жаңалық тек өткен аптада белгілі болды. Бұл оқиға Путиннің саясатына сынмен қараған либералды элитаның басына күн туғанын әйгілей түсті.

Президент Путиннің сейсенбі күні елге оралуға шақырғанына қарамастан, қазір отбасымен Францияда тұрып жатқан Сергей Гуриев «Ресейде еркіндіктен айрылып қаламын деп қауіптеніп жүргенше, шетелде алаңсыз өмір сүргенім артық» деді.

– Түрмеде отырғым келмейді, сондықтан елден кетіп қалдым. Оған негіз де жоқ емес, - деді ол «Америка дауысы» радиосына Парижден берген сұхбатында.

2011 жылы сол кездегі Ресей президенті Дмитрий Медведевтің ұсынысымен Михаил Ходорковскийді тергеу ісіне араласқан 41 жастағы экономист соңғы айларда бірнеше рет күдікті жағдайларды басынан өткерді. Гуриевтің
Түрмеде отырғым келмейді, сондықтан елден кетіп қалдым. Оған негіз де жоқ емес.
басқалармен бірігіп жазған баяндамасында мұнай магнатын «салық төлеуден жалтарды» деген айыптың қате болғаны айтылып, оны түрмеден шығару қажеттігі көрсетілген.

Бірақ Путин Кремльге қайта оралған соң биліктегі топтың арасына жік түскені байқалып, либералды көзқарастағы Гуриевті тергеушілер жіті бақылай бастады. Осы жылдың басында тергеушілер Ходорковский ісіне қатысты есепті дайындаған сарапшыларды қолға алды. Осы кезге дейін куәгер ретінде түсінік берген Гуриев «күдікті саналатын сәттің жақындап қалғанын сезгенін» айтады.

– Тергеушінің қатаң позицияға көшкенін байқап, таңқалдым. Сәуірдің 25-і күні мені тергеуге шақырды, бірақ жауап алудың орнына кеңсемді тінтіп, 2008 жылдан бергі электронды хаттарымды көшіріп алды. Үйімді де тінтеміз дегенді тұспалдады. Келесі кездесуде жағдайдың мүлдем басқаша болуы мүмкін екенін сездім, - дейді Гуриев.

ХОДОРКОВСКИЙДІ ШЫҒАРМАУДЫҢ АМАЛЫ

Тергеушілер бұған дейін Сергей Гуриев ректор болған Ресей экономикалық мектебінің қаржылық жағдайын да тексерген. Он жылға жуық осы мектептің ректоры болған ол өткен айда қызметтен кететінін мәлімдеді. Мектеп 2003 жылы Ходорковскийден қаржылай көмек алған, бұл ақша Гуриев демалыста жүргенде төленген және тек үш пайызы ғана мектептің бюджетіне аударылған.

«ЮКОС» компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский (сол жақта) мен «МЕНАТЕП» қаржы тобының бұрынғы басшысы Платон Лебедев сот залында. Мәскеу, 17 мамыр 2010 жыл.

«ЮКОС» компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский (сол жақта) мен «МЕНАТЕП» қаржы тобының бұрынғы басшысы Платон Лебедев сот залында. Мәскеу, 17 мамыр 2010 жыл.

Гуриев тергеушілердің мақсаты туралы айтпайды. Ол тек «биліктің Михаил Ходорковский мен оның серігі Платон Лебедевті түрмеден шығармау үшін жаңа айып тағуға дайындалып жатқанына сенімдімін» дейді. (Бұл екеуі де келесі жылы түрмеден шығуға тиіс).

– Мүмкін, тергеу ісінің бәрі біріктіріліп, саяси биліктегілердің бірі: «Бізге бұның керегі жоқ, Ходорковский бостандыққа шықсын» дейтін шығар. Бірақ деректер басқаша сөйлейді, бірінші және екінші істі қараған адамдар әлі тергеу органында істеп жүр. Маған кездескендердің бәрі – тергеу комитетінің қызметкерлері мен прокурорлар ЮКОС-қа қарсы әрекет етті. Сондықтан ЮКОС-тың үшінші ісі қаралуы мүмкін, - дейді Гуриев.

ОППОЗИЦИЯНЫ ҚОЛДАУДЫҢ АҚЫРЫ

Путин билікке қарсы толқынды тежеуге тырысып отырғанда, Гуриев оппозицияны қолдады, сол үшін айыпты болды дейтіндер бар. Былтыр ол ресейлік блогер Алексей Навальный негізін қалаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы топқа 10 мың рубль (315 АҚШ доллары) берген. Гуриев өз әрекетін Ресейдегі саяси бәсекелестікке арналған деп түсіндіреді. Ол Навальныйға көңілі толатынын жасырмайды.

– Навальныйдың көптеген саяси көзқарастарын қолдамаймын. Онымен он шақты рет кездестік. Бірақ оны Ресей саяси сахнасындағы батыл әрі адал адамдардың Ресейлік қоғам белсендісі Алексей Навальный Абай ескерткіші жанындағы жиында сөйлеп тұр. Мәскеу. 8 мамыр 2012.

Ресейлік қоғам белсендісі Алексей Навальный Абай ескерткіші жанындағы жиында сөйлеп тұр. Мәскеу. 8 мамыр 2012.

бірі деп есептеймін. Оның болашағы жарқын. Оның әрекетіне сүйсінемін және болашақта да көмектесуге тырысамын, - дейді Гуриев.

Кремль Гуриевтің шетелге қашқанын «оның жеке шаруасы» деп сипаттады, ал үкіметке жақын комментаторлар «ол жағдайды шектен тыс әсірелеп, ушықтырып отыр» деп айыптады.

Бірақ экономистің әрекетін қолдайтын ресейлік саясаткерлер мен қаржыгерлер аз емес тәрізді.

Ресейдегі мемлекеттің қарауындағы ірі банк – "Сбербанк" өткен аптада көпшілік дауыспен Гуриевті директорлар кеңесінің мүшесі етіп сырттай сайлады. "Сбербанктың" басқарма төрағасы Герман Греф оны «кәсіби маман, өте адал әрі ымырасыз адам» деп сипаттады.

– Әртүрлі жағдайлар болып жатады. Ол елге оралады деп үміттенемін, - деді Греф журналистерге.

Бірақ Париждегі Саяси зерттеулер институтына бір жыл дәріс оқуға шақырту алған Сергей Гуриев отанына оралуға зауқы жоқ екенін айтады.

«Еліміздегі соттар өзгермейінше, тергеу комитетінің әрекетінен үміт күтпеу керек. Мүмкін, Ресейде әділеттік орнайтын шығар. Мүмкін, Алексей Навальный ақталып, Ходорковский босатылатын шығар. Сол кезде ойланып көремін» дейді ол.

«Америка дауысы» авторы Данила Гальперович пен Азаттық тілшісі Клэр Биггтің мақаласын аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG