Accessibility links

Былтырғы «Араб көктемі» түрткі болып, жаңадан ашылғалы тұрған әлеуметтік желі дүниежүзінің мұсылмандарын Исламға, я қандай да бір саяси ұстанымға тіл тигізбейтін, порнографиясыз платформаға айналуды көздейді. Бірақ кейбір мұсылмандар бұл жобаға күмәнмен қарайды.


Бұрынғы Совет Одағы елдерінен шыққан жекеменшік Salamworld ("Салам-уорлд") компаниясы өз жобасын әлемнің барша мұсылмандарына ортақ онлайн әлеуметтік желі ретінде сипаттайды.

Salamworld фирмасының айтуынша, тамыз айында іске қосылатын жаңа желі Facebook, я басқа әлеуметтік желілерден өзгеше болмақ. Өйткені бұл желі «халал» мазмұнды Исламның қағидаларына сәйкес етіп жасалған.

Salamworld сонымен қатар жаңа желіні мұсылмандық мазмұнда байыта түсу үшін қолданушыларға арнап электронды кітапхана ашып, Ислам ғұламалары айтқан уағыздардың подкастингі мен «Мұсылманнан мұсылманға» деген сияқты видео ойындарға дейін сайтқа салуды жоспарлап отыр.

Бұл компания Мәскеудегі Ислам мәдени орталығы мен Каирдегі және Стамбулдағы бөлімшелері арқылы алдағы үш жылда 30 миллион мұсылман қолданушыға ие боламыз деп үміттенеді.

КҮДІК

Бірақ кейбір мұсылмандар Salamworld-тың Мәскеумен және бұрынғы Совет Одағы елдерінің үкіметтерімен тығыз байланыста болуына қатысты алаңдайды. Компания басшылары бұл жобаға «Қазақстанның жеке кәсіпкерлері көмектесті» десе де, көптеген адамдар құрылтайшылары белгісіздеу компанияның бастапқы 50 миллион АҚШ долларына тең капиталды кімнен алғанын білгісі келеді.

Нури Уәли шетелде тұратын ауғандарға қызмет көрсететін Afghan German Online вебсайтын басқарады. Оның пікірінше, ауғандықтар Мәскеу араласқан кез-келген ислами жобаға сенімсіздікпен қарайды.

- Өз басым ауған ретінде де, мұсылман ретінде де айтар болсам, бұл жай ғана алдау. Бұл жобадан Исламға келер пайда жоқ. Керісінше Исламға кесірін тигізеді. Мәскеу жылдар бойы жинаған тәжірибесін пайдаланып Исламды былғап, оның абыройына нұқсан келтірмекші.
Ауғандықтар Мәскеу араласқан кез-келген ислами жобаға сенімсіздікпен қарайды.

2009 жылы Әзербайжан үкіметін әжуалағаны үшін «бұзақылық» бабымен айыпталып, сотталып кеткен Әзербайжанның «есек блогері» атанып кеткен (үкіметті әжуалап киген костюмі бойынша – ред.) Аднан Хаджизаде Salamworld-тың артында тұрған адамдарға қатысты елдің қорқынышы бар екенін айтады.

- Мен әлі де бұл істі бизнес жоба деп ойлаймын. Бірақ сонымен қатар Facebook-тағы біраз мұсылмандардың Salamworld желісіне жалғанбаймыз деп жатқанынан да хабардармын. Себебі олар бұл желіні әлдеқандай күштер әлемнің әр түкпіріндегі белсенді мұсылмандарды анықтау үшін, аңдып, қудалау үшін, не болмаса осыған ұқсас әйтеуір бір зиянды әрекет жасау үшін құрған деп қауіптенеді. Бірақ менде бұған қатысты ешқандай дәлел де жоқ, - дейді ол.

Salamworld-ты басқарып отырған адамдардың бет-бейнесі де көңілдегі алаңды күшейте түседі. Компанияның бас директоры Абдул Вахид Ниязов Мәскеуде орналасқан Ислам мәдени орталығын басқарады. Бұл орталық Кремльге жалғанып жатқан, мемлекетке қарасты Ресейдің Мүфтилер кеңесіне қарайды.

АБДУЛ ВАХИД НИЯЗОВ

Ұлты татар Ниязовтың Ресей билігімен байланысқан ұзақ сонар тарихы бар. Ол 1999 жылы мемлекеттік Думаға «Единство» блогынан депутат болып та сайланған. Бұл блок кейін келе бұрынғы премьер-министр, қазіргі президент Владимир Путиннің «Единая Россия» партиясына айналды.

Ол соңғы жылдары Солтүстік Африкаға, Таяу Шығысқа, Оңтүстік Азияға және Еуропаға сапар шегіп, әлемдегі мұсылман жетекшілерінің тарапынан демеу іздеп, біраз уақытын сарп қылды. Ниязов Түркияның премьер-министрі Тайып Ердоған және Индонезиядағы «Нахдлат-ул Улама» деп аталатын ірі мұсылмандар ұйымының жетекшісі Саид Ақыл Сирадждың жәрдеміне қол жеткізіп қайтты.
Ниязов Азаттық радиосына сұқбат беруден қашып, Salamworld-тың «бейсаяси саясаты» туралы сұрақтарды өкілі Явуз Селим Куртқа қоюымызды сұрады. Селим Курт компанияның саяси мүддені көздемейтінін, үкіметпен де байланысы жоқ екенін айтумен болды.
Біз бар болғаны тұтынушыларға қызмет көрсетіп жатырмыз. Оларда саяси идеялар болуы да мүмкін. Олардың сондай ойларын ашық білдіруіне рұқсат.

- Мұнда саясат жоқ. Бұл – біз саясатпен айналыспаймыз дегенді білдіреді. Біз қандай да бір партияның сойылын соқпаймыз. Кез-келген адам өзінің ойын ашық білдіре алады. Salamworld ешқандай да саяси дау-дамайға араласайын деп жатқан жоқ. Біз бар болғаны тұтынушыларға қызмет көрсетіп жатырмыз. Оларда саяси идеялар болуы да мүмкін. Олардың сондай ойларын ашық білдіруіне рұқсат. Дегенмен біз де біраз талап қоямыз. Сайтта ешқандай да қатігездікке жол берілмейді және террористік үндеулер, үгіт-насихаттар және адам құқығы мен адамгершілікке қарсы ешнәрсе болмайды, - дейді ол.

БАСҚА ДА РЕСМИ БАСШЫЛАР

Salamworld-тың вице-президенті Ахмед Азимов туған қаласы Махачкаладан 1998 жылы Санкт-Петербургтің мемлекеттік университетіне оқу үшін келген. Оқуын бітірген соң ол Санкт-Петербургтен Мәскеуге қоныс аударып, қазір Мәскеу әкімшілігіндегі Ұлттық кеңес басшысының орынбасары қызметін атқарады. Ол сонымен қатар Ресейдегі Мүфтилер кеңесінің сараптау комиссиясының үйлестірушісі.

Salamworld компаниясының тағы бір мүшесі, Әзербайжан азаматы Елчин Асгаров та үкіметпен байланысты тұлға. Былтырға дейін ол Әзербайжандағы дін істерін бақылау үшін құрылған Бакудегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Ахмед Азимов, Salamworld компаниясының вице-президенті

Ахмед Азимов, Salamworld компаниясының вице-президенті


Үкіметтік қызметінде жүргенде Асгаров Исламның саясилануына қарсы күрескен. Ол парламенттің ресми газетін пайдаланып, Әзірбайжанның Ислам партиясы мен оның басшыларын «біздің ұлт пен мемлекетке қарсы бүлік шығарды» деп айыптаған болатын. Ислам партиясы мен басшылары президент Ильхам Әлиевті мектептерде хиджап киюге тыйым салғаны үшін сынаған еді.

Salamworld-та жұмыс істей жүріп Асгаров былтыр ирандық аятолла Насер Макарем Ширазидің кеңсесімен және Иранның жастар, спорт және байланыс министрліктерімен бірлесе жұмыс жасау мәселесін талқылау үшін Иранға барып қайтқан. Явуз Селим Курттің айтуынша, компания Тегеранда да бір орталық ашуды жоспарлап жатыр.

Salamworld-тың басшылығына сонымен қатар Ресейдің, Әзербайжанның, Дағыстанның және пост-советтік Орталық Азия елдерінің танымал бизнесмендері мен әйгілі мұсылман тұлғалары кіреді.

Вебсайттың исламдық мазмұнына жауапты шеф-редактор Эльмир Кулиев – Құран мағынасының орыс тіліндегі аудармасының авторы. Ресейдің Мүфтилер кеңесі де Salamworld-пен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.

«САЯСИ ҚУЛЫҚ»

Лондон экономика мектебінің оқытушысы және Privacy International ұйымының директоры Саймон Дэйвис ұлттық қауіпсіздік мақсатында үкіметтің технологиямен айналысатын компанияларды я қолдан жасап, я олардың бақылаушы пакеттерін иемденіп алуы тарихта талай мәрте кездескен дейді.
Сондықтан Salamworld-тің Кремльге қатысы бар басшылары күмәнді күшейте түседі дейді Дэйвис.

- Басынан бұл жобаға күмәнмен қарадым. Бұл саяси себебін жасырып қалуға тырысып тұрған қаржы салушы инвестордың шын ниетін аңду сияқты. Олардың бұл жоба арқылы бір оқпен екі қоянды атып алғысы келеді. Бұл интриганы күшейте түседі. Саяси қулық екені анық. Сырттан араласуға деген ниет анық байқалып тұр, - дейді ол.

Бірақ Salamworld-тың өкілі Курттың айтуынша, бұл - аты белгісіз инвесторлары үшін пайда табуды ойлап, мұсылмандық өнімдерге деген сұранысы күшті жаһандық нарыққа енгісі келетін таза коммерциялық жоба.

(Бұл мақала Азаттық радиосының Әзербайжан, Татар және Ауған қызметтерінің материалдары негізінде жазылды).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG