Accessibility links

Ғалымдар «СПИД дәрісінің белгісін» тапқанын айтты


Адам ағзасындағы жасушаларға жабысқан ВИЧ инфекциясы.

Адам ағзасындағы жасушаларға жабысқан ВИЧ инфекциясы.

СПИД-ке қарсы дәрі іздеумен айналысып жүрген ғалымдар ВИЧ-пен күресетін антидене мен оны тудыратын вакцинаның белгісін тапқандарын жариялады.

АҚШ пен Малави ғалымдарынан құралған зерттеу тобы СПИД-тің алдын алуға әсер ететін антидене белгісін бір ай бұрын, инфекция жұқтырған африкалық бір пациентке сынақ жасаған кезде байқаған.

Зерттеушілер пациентті үш жыл бойы бақылап, оның қанына жаңа BnAbs вакцинасын егіп отырған. Зерттеу кезінде ғалымдар микроскопиялық вирустар мен антиденелердің арасындағы айқасты байқаған. Айқас кезінде антиденелер СПИД тудыратын вирустарға шабуыл жасап, оларды жойған.

СН103 АНТИДЕНЕЛЕРІ

Антидене – ағза иммунитетін күшейтіп әрі қорғап, оған енген бөгде молекулалардың зиянды әсерлерін жоятын ақуыздық зат.

– Біз СПИД-ке шалдыққан адамның ағзасында антиденелерді қалай туғызуға болатынын анықтадық. Енді бұл әдіс арқылы ВИЧ-ке қарсы профилактикалық вакцина шығаруға деген үміт бар, – дейді зерттеу тобының жетекшісі, Солтүстік Каролина штатындағы Дьюк университеті вакцина институтының директоры Бартон Хейнес.

Бірақ ғалымдар «ВИЧ вирусы жылдам дамып, тез тарайтындықтан антиденелер кейде оларды байқамай қалуы да мүмкін» деп қауіптеніп отыр.
Балалар үйіндегі СПИД жұқтырған сәби. Йоханнесбург (Оңтүстік Африка), 1 желтоқсан 2006 жыл. (Көрнекі сурет)

Балалар үйіндегі СПИД жұқтырған сәби. Йоханнесбург (Оңтүстік Африка), 1 желтоқсан 2006 жыл. (Көрнекі сурет)


Ғалымдар халқының 20 пайызы ВИЧ-ке шалдыққан африкалық бір елге де зерттеу жүргізген. Бірақ ВИЧ-ке екі-үш жылдан көп уақыт бұрын шалдыққан науқастарға BnAbs вакцинасының себі тимеген. Зерттеушілер BnAbs вакцинасын маймылдарға қолданғанда дәрі инфекцияны жойған.

Ғалымдар «BnAbs вакцинасы СПИД-тің емін табуға себепші болар» деп үміттеніп отыр. Олар осы вакцина арқылы туған антиденелерге СН103 деген атау берді.

– Біз қазір африкалық пациентке тағы да сынақ жасап, антиденелерді қайта алу үшін зерттеп жатырмыз. Бұл сынақтан өткен, бірнеше рет тексерілген ВИЧ инфекциясын алдын алатын күшті вакцина болады деп үміттенеміз, – деді Хейнес сәуірдің 3-і күні AFP агенттігіне берген сұхбатында.

БҰҰ дерегі бойынша, қазір әлем халқының бір пайызы ВИЧ жұқтырған.

ҚАЗАҚСТАНДА ВИЧ ИНФЕКЦИЯСЫН ЖҰҚТЫРҒАНДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Жуықта Алматыдағы 1-перзентханада 2012 жылы қарашада босанған әйелден ВИЧ инфекциясы табылды. Қалалық қан құю орталығынан көмек алған ол кісінің инфекция жұқтырғаны наурыз айында ғана анықталды.

Қазақстандағы СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дерегіне сүйенсек, елде ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен 2009 жылы ВИЧ жұқтырғандар 12 мың 807 адам болса, 2013 жылдың ақпан айындағы мәлімет бойынша Қазақстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырған 19 мың 691 адам бар. Ал 1739 адам СПИД-ке шалдыққан.

Қазақстандағы ВИЧ инфекциясын жұқтырған адамдар саны
СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дерегіне қарағанда, Қазақстанда 1992 жылдан бері 3700-ге жуық адам ВИЧ-тен және ол аурудың соңғы сатысы – СПИД дертінен қайтыс болған.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG