Accessibility links

Мұсылман нағашыларын мақтан тұта қалған серб


Вук Еремич, серб саясаткер. Белград, 23 ақпан 2012 жыл

Вук Еремич, серб саясаткер. Белград, 23 ақпан 2012 жыл

Сербиялық жас саясаткер, БҰҰ бас ассамблеясының төрағасы Вук Еремич ұлтшыл ретінде карьера жасады. Бірақ өткен аптада Еремич күтпеген жерден мұсылман нағашыларын мақтан тұтатынын айтты.

Вук Еремичтің нағашылары - Нуриджа Поздерак пен оның әйелі Девлетті босния мұсылмандарының көпшілігі екінші дүниежүзілік кезінде қуғын көрген Балқан түбегіндегі еврейлерге қорған болғандар деп таниды.

Бірақ Поздерактың бүгінгі танымал жиені – Вук Еремич саяси мансабына зардабы тиеді деді ме, өзінің аты аңызға айналған Подзерактардың ұрпағы екені жайында осы күнге дейін тіс жармай келген.

Наурыздың 18-і күні Вук Еремич Белградта Нуриджа мен Девлет Подзеракты Израильдің еврей еместерді Холокост қырғынында қолдағаны үшін берілетін ең жоғарғы наградасымен марапаттау жиынына қатысты. Жиында 37 жастағы Еремич нағашыларының Хорватиядағы Ясеновац концлагерінде еврейлерді құтқарып қалған еңбегіне басын иетінін айтқан. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында бұл лагерьде 700 мыңнан астам адам қаза тапқан еді.

- Мен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде еврейлер мен сербтерге қарсы қылмыстарға ерлікпен қарсылық көрсеткен нағашыларымды мақтан тұтамын, - деді ол.

Гарвард пен Кембриджде оқыған, Белград пен БҰҰ мінберінде Сербия мүддесін көздеп сөйлеп жүретін жігерлі Вук Еремич үшін босниялық туыстарына құрмет көрсету өте маңызды.

«ДРИНА МАРШЫ»

Бес жыл Серибияның сыртқы істер министрі ретінде қызмет атқарып, былтырғы қыркүйекте ғана БҰҰ Бас ассамблеясының 67-сессиясының төрағасы болып сайланған Еремич дипломатиялық өкілетін пайдаланып, Косовоның барынша тәуелсіз болуына қарсы шыққан адам ретінде танымал. Ол Косовоны «Сербияның Иерусалимі» деп те атаған.

Бірақ Еремич БҰҰ-ның Югославия жөніндегі халықаралық трибуналының рөлін сынап, өз аймағындағы кейбіреулерге де ұнамай қалған.
Серб саясаткері Вук Еремич (оң жақта) Босния-Герцеговина сыртқы істер министрімен бірге. Сараево, 24 сәуір 2012 жыл

Серб саясаткері Вук Еремич (оң жақта) Босния-Герцеговина сыртқы істер министрімен бірге. Сараево, 24 сәуір 2012 жыл


Сербтердің көпшілігі халықаралық трибуналды «сербтердің Сребреницада босниялық мұсылмандарды қырғанын ғана көрсетіп, Косово мен Хорватия билігінің сербтерге қарсы қылмыстарын жасырып қалды» деп айыптайды.

Вук Еремич Белградтың нұсқауымен келесі айда БҰҰ-дағы қызметін пайдаланып, Бас ассамблеяда халықаралық трибуналға қатысты дебат ұйымдастырмақшы. Оған Сребреница қырғынын геноцид емес деп бағалаған Сербия президенті Томислав Николич те қатыспақ.

Еремич таяуда БҰҰ-да серб әскерінің бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ұран қылған «Дрина маршы» бойынша арнайы қойылым ұйымдастырған. Бұл маршты кейін Босниядағы қырғын кезінде серб қарулы күштерінің де ұран еткені белгілі болған. БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун мен басқа да дипломаттар әннің тарихын білмей, қол шапалақтағанына байланысты ресми түрде кешірім сұрауға мәжбүр болған.

Белградтағы кейбір саяси шолушылар Вук Еремич өзінің Босниямен туыстығы барын 2016 жылы БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның өкілетті мерзімі біткенде оның орнына сайлауға түсетін кезде мұсылмандардың қолдауына ие болу үшін пайдаланбақ дейді.
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун (сол жақта) ассамблея төрағасы Вук Еремичпен сөйлесіп отыр. Нью-Йорк, 24 қыркүйек 2012 жыл

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун (сол жақта) ассамблея төрағасы Вук Еремичпен сөйлесіп отыр. Нью-Йорк, 24 қыркүйек 2012 жыл


Бірақ Белградтағы «Политика» газетінің шолушысы Якшич Боско Вук Еремич Нью-Йоркте болған кезінде өзінің қарама-қайшылықты тұлға екенін көрсетіп қойғанын айтады.

- БҰҰ-ның келесі бас хатшысы Шығыс Еуропа елдерінен болуы керек екені рас. Оны бұл қызметке лайық деп ойламаймын. Мысалы, оның бірқатар ісін кейбір мемлекеттер арандатушылық деп санаса, кейбір елдер «ерсі қылық» деп қабылдайды, - дейді Якшич Боско.

Қалай дегенмен де, Нуриджа мен Девлет Поздерактың марапаты Еремичтің қолайына жағып тұр. Бірақ Боснияда Поздерак ұрпақтарының көпшілігі ерлі-зайыпты мұсылмандардың ерлігі Еремичтің саяси биографиясынан өшіп кетпейтін шығар деп үміттенеді.

ПОДЗЕРАКТАР ӘУЛЕТІ

Ірі жер иеленуші болған Подзерактар Боснияның солтүстік батысындағы Хорватиямен шекараға жақын Цазин қаласында мұсылмандар отбасынан шыққан.

Цазинді Осман империясы тұсында басқарған аймақ басшысының ұлы – Нуриджа жергілікті саясаткерге айналып, 1939 жылы азаттық жолында күреседі. Осы жылдары нацистермен одақтасқан Хорватияның Усташ режимі Хорватияда «нәсілдік тазалауды» бастап, Ясеновац лагерінде мыңдаған еврейлер, сербтер мен сығандарды қыра бастайды. Нуриджаның өзі 1943 жылы нацистерге қарсы партизан соғысы кезінде қаза тапқан.

Қырғыннан тірі қалғандардың айтуынша, Поздерак пен Казиннің басқа да тұрғындары еврейлер мен қуғынға түскен өзге ұлт өкілдеріне пана болған. Израильдің Белградтағы елшісі Иосиф Леви дүйсенбіде Поздерак отбасы мен Казин тұрғындары еуропалық бірнеше мың еврейдің өмірін сақтап қалды деп мәлімдеді.
Сербтің әсіре ұлтшылдары шеруге шықты. Белград, 10 желтоқсан 2012 жыл

Сербтің әсіре ұлтшылдары шеруге шықты. Белград, 10 желтоқсан 2012 жыл


Поздерактар отбасынан Еремичтен басқа да белгілі саясаткерлер шыққан. Олар – Боснияны коммунистік жылдары басқарған президент Хамдижа Поздерак пен Уна-Сана кантонының орталығы – Бихач қаласының мэрі, 36 жастағы Хамдижа Липовака.

Липовака Белградқа барудан бас тартып, марапаттау салтанатының Бихач қаласында өткенін күтетінін айтқан. Израильдің Боснияда елшісі жоқ. Бірақ Израиль Поздеракты марапаттауды Бихачта да өткізуге уәде берген.

Липовака ымыраға келмейтін сербиялық бөлесі Вук Еремичтің Поздерактардың ерлігін есте қалдыруда елеулі рөл атқарғанын ұнатпайтынын жасыра алмады.

- Мен оның Сербия дипломатиясының басшысы, БҰҰ Бас ассамблеясының басшысы ретінде осыған дейінгі және қазіргі істеріне риза емеспін. Әсіресе, таяуда БҰҰ-да «Дрина маршы» орындалған соң мүлдем көңілім қалды. Менің ойымша, Вук Еремичтің бүгінгі қолдап жүрген құндылықтары Нуриджа Поздерак қорғаған құндылықтармен үйлеспейді, - дейді Хамдижа Липовака.

(Мақаланы аударған - Айбек Бейсебай)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG