Accessibility links

Сәбиін «жоғалтқан» аналар Еуропа сотынан үміттенеді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Еуропа соты баласын «жоғалтқан» ананың арызын дұрыс қарамағаны үшін Сербия үкіметін айыпты деп таныды. Бұл бөбегінен айрылған жүздеген ананың үмітін оятты.

15 жыл бұрын сербиялық әйел перзентханада босанған, бірақ ауруханадан шықпай жатып баласы «жоғалып кеткен». Еуропаның адам құқықтарын қорғау жөніндегі соты бұл оқиғаны дұрыс тергемеген Сербия үкіметі айыпты деген шешім шығарды.

Сербияның мемлекеттік ауруханаларында бөбекті ұрлап сату бұрыннан бар. Азаттық тілшілері Зоран Главонжич пен Клэр Бигг баяндайды.

ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫС ҚҰРБАНЫ

Горан Филипович «Қызым аман болса, 15-ке толады» дейді. Ол бір күні баласының табылатынына сенеді. Белград ауруханасының дәрігерлері Филипович пен әйеліне «сәбилеріңіз шетінеп кеткен» деген. Алайда ерлі-зайыптылар «қызымыз Сербия мемлекеттік ауруханаларындағы қылмыстық жүйенің құрбаны болды» дейді. Елде мұндай қасіретке ұшыраған ата-аналар көп. Жүздеген ата-ана осыған ұқсас мәлімдеме жасаған.

Еуропаның адам құқығын қорғау жөніндегі соты өткен аптада 30 жыл бұрын перзентханада баласынан көз жазып қалған анаға моральдық өтемақы ретінде 10 мың еуро төлеу туралы шешім шығарды. Филипович сияқты баласын іздеп жүрген адамдар бұл шешімге қуанып қалды.

- Менің телефоныма хабарласып жатқан адамдар көп. Мемлекеттің үнсіздігіне наразы болып жүрген ата-аналар «бірігейік, билікті әрекет етуге мәжбүрлейік» дейді. Біз ақиқат ерте ме, кеш пе анықталады деп сеніп, сол үшін күресуге тиіспіз, - дейді Филипович.

15 жылдан бері жоғалған қызын іздеп жүрген Сербия азаматы Горан Филипович.

15 жылдан бері жоғалған қызын іздеп жүрген Сербия азаматы Горан Филипович.

Сотта жеңіске жеткен Зорица Йованович 1983 жылы ұл тапқан. Перзентханадан шығуға үш күн қалғанда «бала белгісіз себеппен шетінеп кетті» деген хабар естиді. Сәбидің денесін көрсетпеген. Йовановичке медициналық сараптама жасатуға да мұрсат берілмеген, баласының қайда жерленгенін де айтпайды. 2002 және 2007 жылы жергілікті шенеуніктер баланың қазасы туралы жазба жергілікті тіркеу кітабында жоқ екенін анықтайды. «Балам сатылды, ауруханадан тірідей әкетті» деген ана күдігі күшейе түседі.

Еуропа соты Сербия үкіметін «Йовановичтің отбасылық өмірін сыйламады, баласының тағдыры туралы нақты мәлімет бере алмады» деген шешім шығарды. Қорғаушылардың еңбекақысы мен бұл іске қатысты басқа шығындары үшін енді оған қосымша 1 мың 800 еуро төленеді. Страсбургтегі сот өкілдері «арыз түсіргендер көбейгенін, бұл сот шешімінің жүздеген ата-ананың баласын табуына жәрдемі тиер деп үміттенетіндерін айтты. Олар сербиялық билікке әрбір оқиғаны бақылауда ұстап, жапа шеккен әр отбасына жыл бойы өтемақы төлеуді міндеттеді.

Қазіргі кезде сербиялық 100 шақты отбасы Страсбург сотына арыз түсірген. Жоғалған бала саны да сол шамада болса керек.

«ЕЛДЕГІ БИЛІКТЕН КҮДЕР ҮЗДІК»

Филиповичтің мәлімдеуінше, қызының «қазасын» көрсетпеу үшін оны балаға жолатпаған.

- Ауруханаға келгенде сәбиімнің 15 минут бұрын шетінегенін айтты. Оны көрсетіңдер деген өтінішімді орындамады. Үйге есеңгіреп оралдым, - дейді ол.

Оған баласының өлімі туралы анықтама да бермеген. Бірақ қайғыдан есін жиып үлгермеген ол дәрігерлерден күмәнданбайды. Уақыт өте келе Филипович қызының бейітін көргісі келеді.

- Молаға келгенімде менің қызымның аты-жөні жерлеу құжаттарында жоқ екенін білдім. Ауруханаға қайта барғанымда баланың анасының аты жазылмаған куәліктер мен жазбалардың көшірмесін көрдім. Сол кезде туу туралы куәлікті қолдан жасайтындарын түсіндім, - дейді ол.

Некеге тіркеу мекемесіне де барған Филипович ондағы құжаттардың да қолдан жасалатынын аңғарады.

Балмұздақ жеп отырған бүлдіршін. Приштина, 3 сәуір 2013 жыл.

Балмұздақ жеп отырған бүлдіршін. Приштина, 3 сәуір 2013 жыл.

Жаңа туған сәбилердің із-түссіз жоғалуы Сербия перзентханаларында 1970 жылдары басталды. Айыптылар жазаланбай, мұндай оқиғалар 1990 жылдардың соңына дейін жалғасып келген тәрізді. «Балаңыз шетінеп кетті» дегенге сеніп жүрген ата-аналар «жоғалған сәбилердің» басқа отбасында өсіп жатқаны туралы жаңалықтарды ести бастайды. Бірақ ата-аналар қанша шу көтергенімен, Сербия үкіметі меңіреу, мылқаудың рөлін ойнады.

Ауруханада «шетінеген» балаларын іздеп Сербияның тиісті орындарына 700-дей адам шағым түсірген. Бірақ тергеушілер бірде-бір оқиғаның байыбына жетпеді. 2000 жылдардың басында ондаған отбасы тізе қосып, түбегейлі зерттеу жүргізуге бел буды. Соның нәтижесінде сәби саудасы туралы мәліметті
700-дей адам емханада көз жұмған балаларының қазасына күмәнданатын айтып, шағым түсірді. Бірақ тергеушілер бірде-бір оқиғаның байыбына жетпеді.
тексеретін парламенттік комитет құрылды.

2006 жылы құрылған ұйым ата-аналардың күдігін орынды деп тауып, ішкі істер министрлігіне адам саудасы оқиғаларын тексеретін арнайы бөлім құрылсын деген талап қояды.

- Біз полиция, бас прокуратура мен сот органдары және басқа да мемлекеттік құрылымдар бұл мәселені арнайы тексеруге тиіс деп ұйғардық, - дейді парламенттік комитет жетекшісі болған Зиводарка Дасич.

Бірақ аталған құрылымдар ұсынысты қабыл алмады. Йованович, Филипович және басқа да көптеген ата-аналар әлі күнге дейін балаларының тағдыры туралы ештеңе білмейді. Филипович қызымен бірге өтуі тиіс күндерін ешқашан қайтара алмайтынын былай қойып, ешбір соттың баласын табуға кепілдік бермейтінін күйзеліспен мойындайды. Бірақ ол қызын іздеуге үкіметті міндеттеген Страсбург сотынан үлкен үміт күтетінін айтады.

Қазақшаға аударған Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG