Accessibility links

Skype ең қауіпсіз байланыс құралы болмай қалуы мүмкін


Адам жанарына шағылысқан Skype эмблемасы. Берлин, 11 қаңтар 2011 жыл

Адам жанарына шағылысқан Skype эмблемасы. Берлин, 11 қаңтар 2011 жыл

Washington Post-тың жазуынша, билік орындары «қылмыскерді тез іздеп табу» үшін төрт жылдан бері Skype-пен тарайтын жабық ақпараттарды алу жайында мәселе көтеріп келеді.

WP («Вашингтон пост») басылымы шілденің 27-і күні Skype («Скайп») байланыс жүйесінің болашақта саяси диссиденттер, түрлі қылмыскерлер және тағы басқа үкіметтің аңдуынан қашық жүрген адамдар үшін қолайлы қарым-қатынас құралы болмай қалуы мүмкін екенін жазады. Қауіпсіздік органдары Skype басшылығымен бірлесіп, желідегі құпия әңгімелер мен тағы басқа ақпаратты қалаған уақытта қолға түсіру жайлы мәселе көтеріп жатыр дейді осы өзгерістен хабары бар кейбір мемлекеттік қызметкерлер мен осы саланың мамандары.

«SKYPE АРТЫҚШЫЛЫҒЫНАН АЙРЫЛДЫ»

Мақала авторы Skype арқылы таралатын аудио-видео материалдарды қолға түсірудің әлі де оңай еместігі жайында айта келіп, «алдағы уақытта Skype-тың бұл артықшылықтары жойылуы мүмкін» дейді. Себебі Skype қауіпсіз болғандықтан әлем бойынша оны қолданатындар көбейіп кеткен.
Skype-пен сөйлесіп отырған адам.

Skype-пен сөйлесіп отырған адам.


Басылым Skype жүйесінің артықшылықтарын сипаттай келе оны Microsoft фирмасының сатып алғанын жазады. Мақала авторының пікірінше, АҚШ пен басқа да елдердің қауіпсіздік қызметінің мамандары олардың назарынан тыс таралып жатқан құпия ақпараттарды қолға түсіру үшін бірнеше жылдан бері әрекет жасап келеді.

Оның ойынша, Microsoft фирмасының басшылары бұған қатысты асқан сақтық танытып отыр. Тілшілер осыған орай фирманың бірнеше адамын әңгімеге тартып көргенімен олардың барлығы да бұл мәселені ашық талқылаудан қашқан. Атын айтудан бас тартқан фирманың белгісіз қызметкері «компания құзырлы органдарға құпия ақпараттарды жариялау жайлы келіссөздер жасап жатыр» деп хабарлаған.

«БҰЛ МӘСЕЛЕНІ КЕЙІН SKYPE-ТА ТАЛҚЫЛАЙМЫЗ»

WP-тың жазуынша бұл бастаманы қауіпсіздік саласының мамандары қызу қолдағанымен сарапшылар мен қоғамдық белсенділер қарсы шыққан.

Билік өкілдері төрт жылдан бері Skype-тың ақпаратты кодтап, тым құпия жолмен таратуы қауіпті қылмыскерлерді іздеп табуда қиындық туғызады деп шағымданған. Олардың келтірген уәжі бойынша діни экстремистер тіпті Skype арқылы форумдар өткізе бастаған. Полиция күдіктілердің телефон әңгімелерін тыңдағанда олар: «Бұл мәселені кейін Skype-та талқылайық» дегенді жиі айтады деп мәлімдеген.

Автор бұл мәселеге қатысты жекелеген хакерлер мен мамандардың да пікірін келтірген. Олардың бақылауынша, соңғы бірнеше айда Skype-тың құрылымы үкіметтік органдардың ақпарат алуына ыңғайлы боп өзгерген. Сол үшін де Microsoft фирмасын айыптаушылар саны күрт өскен.

ОНЛАЙН ЧАТТАРДЫ АҢДУ

People for Internet Responsibility фирмасының басшысы Лорен Уейнштейн «Мәселе біздің байланыс құралдарымызды сырттан бақылау үшін барынша оңай етіп жасауда болып тұр. Біз оны оңайлатқан сайын құзырлы органдар қолдана кеткісі кеп тұрады. Олар дайын затқа ие болуға ұста ғой» деп қарсылығын білдірген.

Skype-тың сәл кешігіңкіреп жасаған мәлімдемесінде: «Skype Microsoft-тың иелігіне өткенге шейін де құқық қорғау органдарымен заң талаптары мен техникалық қажеттілігіне қарай әріптес болып келген. Дәл солайша ынтымақтаса береді» деп мәлімдеді.
Skype парақшалары

Skype парақшалары


Компания өкілдерінің бірінің айтуынша, Skype-тағы онлайн чатта жазылатын ақпараттарды бақылау былтырғы жылдың аяғынан басталған. Әдетте компания құқық қорғау органдарына қандай да бір қолданушының соңғы 30 күнде жазған жеке мәліметтерін ғана көруге мүмкіндік береді. Бірақ арнайы орындар бұл тым аз деп санайды.

WP-тың жазуынша, АҚШ-та Skype-тан ақпарат алу үшін сот шешімі керек. Бірақ ол тәртіп басқа елдерде сақталмауы мүмкін. Дүние жүзі бойынша Skype-тың 600 миллион қолданушысы бар. Бұл желі, әсіресе, саяси диссиденттер, адам құқығын қорғаушылар мен журналистер үшін қолайлы қатынас құралына айналған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG