Accessibility links

«Панамагейттегі» Әлиев және «жемқорлыққа төзген» Қазақстан


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев.

Әлемнің әлденеше елінде «Панама құжаттарында» аттары аталған тұлғаларға қарсы наразылық шаралары өтіп жатыр. Қазақстан президентінің жиені де ол тізімнен көрінгенмен, бұл ел үнсіздік танытты.

Панамадағы Mossack Fonseca заң фирмасының әшкере болып кеткен құжаттары жайлы есепте әлемнің бірнеше елінің мемлекет басшылары мен белгілі адамдардың «коррупциялық қылмысқа қатысы» туралы айтылған.

Бұл оқиғадан соң әлемнің түкпір-түкпірінде «Панамагейтте» аттары аталған адамдарға қарсы халық наразылығы өтті. Мәселен, Исландия премьер-министрі «Панама құжаттарында» коррупцияға қатысы бары туралы мәліметтен соң мыңдаған адамның өзіне қарсы шеруінен кейін отставкаға кетуге өтініш білдірді. Нидерланд, Австрия, Австралия, Үндістан, Украина сияқты елдерде «Панама құжаттарында» айтылған деректерге қатысты тексеру басталған.

Ал Ресейде сәуірдің 5-і күні ел президенті Владимир Путинге импичмент жариялаған бір адамдық қарсылық шаралары өтіп, бірнеше адам ұсталды. Ресей бас прокуратурасы шенеуніктердің офшорлары бар-жоғын тексеретінін мәлімдеді.

ТӨЗІМДІЛІК, ЕКІЖҮЗДІ СТАНДАРТ ЖӘНЕ ҚЫСЫМ

«Панама құжаттарында» Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев те аталған. Онда Әлиевтің британдық Виргин аралдарындағы бірнеше фирманың акционері болғаны жайлы, қымбат яхтасы мен Кипрдегі есепшоттары туралы мәліметтер бар.

Бірақ Қазақстанда Нұрәлі Әлиевтің аты-жөні «Панама құжаттарында» айтылғанына байланысты ресми органдардан, саяси не қоғамдық ұйымдардан, азаматтық қоғам өкілдерінен ешқандай реакция болған жоқ. Жергілікті ақпарат құралдарында «Панамагейт» туралы жалпы мағлұмат пен өзге елдерге қатысты ақпараттар берілді, ал Қазақстанға қатысы бар тұсы егжей-тегжейлі айтылмады. Елдегі әлеуметтік желі қолданушылары ғана «Панамагейтті» қызу талқылады.

Сарапшылар «Панамагейтке» байланысты көптеген елдерде тексеру басталып, наразылық шаралары өтіп жатқан тұста Қазақстан қоғамының үнсіз қалуын «елде жемқорлықтың қалыпты құбылысқа айналғанымен» түсіндіреді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

– Соңғы уақытта жиі әшкереленіп жатқан мұндай даулы құжаттар – белгілі бір мемлекеттегі азаматтық қоғамның жетілу деңгейін көрсететін лакмус қағазы сияқты. Жаппай акциялар, митингілер демократияның белгілі бір элементтері бар елдерде өтіп жатыр. Ал Қазақстан қоғамы жемқорлыққа, «көлеңкелі» капиталға өте төзімді қарайды, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Қазақстанда жоғары лауазымды адамдарға немесе бизнес элитаға қатысты мұндай сипаттағы ақпараттар бұрын да шыққанын айтқан саясаттанушы «билік әдетіне басып, өзіне еш қатысы жоқтай «үнсіздік ойынын» ойнап отыр» деп біледі.

– Яғни билік ресми түрде офшорлармен күрес мәселесіне назар аудартқан болады, іс жүзінде мұнысы «екіжүзді стандарт» саясатына келіңкірейді. Біреулерге қатаң шаралар қолданылуы мүмкін екені ескертілсе, ешқандай ереже жүрмейтін элита ішіндегі топтар бар. Олардан ешкім елден шығарылған ақшаларын қайтаруды талап етпейді, – дейді Досым Сәтпаев.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Ал құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Нұрәлі Әлиевтің «Панамагейтте» аталғанына Қазақстанда ешкімнің назар аудармауын «елдегі саяси қуғын-сүргіндердің әсері» деп түсіндіреді.

– Бәріміз Исландиядағы азаматтық қоғамының реакциясына қызғанышпен қарап отырмыз. Өкінішке қарай, Қазақстанда қорқытулар, азаматтық белсенділерге қатысты өткен соңғы сот процестері өз «нәтижесін» көрсетті. «Панамагейтке» байланысты талқылаулар тек әлеуметтік желілерде ғана жүріп жатыр. Екіншіден, елдеқоғамның пікірін жеткізу үшін халықты өзіне жинайтын, [билікке] саяси түрде оппонент болатын саяси күш қалған жоқ, – дейді Бақытжан Төреғожина.

«ӘЛИЕВ – БИЗНЕСМЕН, АЛ ОФШОРЛЫҚ – БИЗНЕС ҚҰРАЛЫ»

Transparency Kazakhstan ұйымы қамқоршылар кеңесінің төрайымы Наталья Малярчуктың айтуынша, «Панама құжаттарында» Қазақстанға қатысты мәліметтер өте аз.

– Онда тек президенттің жиені мен соған қатысты бірқатар азаматтардың аттары аталады. Мұнда өте мұқият болған абзал. Себебі президенттің жиені – бизнесмен, ал офшорлық – қалыпты, стандартты, тиімді бизнес құрал. Ол жерде жемқорлық схемасы мүлдем жоқ болуы да ықтимал, – дейді Наталья Малярчук.

ICIJ сайтындағы "Панама құжаттары" туралы есептің скриншоты.

ICIJ сайтындағы "Панама құжаттары" туралы есептің скриншоты.

Transparency Kazakhstan ұйымы өкілінің сөзінше, «Панамагейтке» байланысты дау жоғары лауазымды саясаткерлер – президенттер мен үкімет басшыларының офшорлық компаниялары табылған елдерде өтіп жатыр.

– Бізге (Қазақстанға – ред.) келетін болсақ, шын мәнінде бұл жерде үкіметке қарсы наразылық шараларын өткізуге негіз жоқ. Себебі «Панама құжаттарында» қазақстандық саясаткерлер мен шенеуніктерге қатысты деректер табылған жоқ, – дейді Наталья Малярчук.

«Панама құжаттарын» сараптай бастағанын, оның нәтижесі екі аптадан кейін дайын болатынын айтқан Transparency Kazakhstan өкілі: «Сараптама Әлиев сияқты жекелеген азаматтардың құжаттары жайлы емес, елдегі офшорлыққа қатысты көзқарас, оның бизнес жүргізу ісіндегі пайдасы туралы болады» дейді.

Сәуірдің 3-і күні коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) медиа тобы мен Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы (ICIJ) және бірнеше әлемдік басылымдар панамалық Mossack Fonseca заң компаниясының әшкере болып кеткен құжаттарын жариялаған. Құпия құжатта 20-дан астам бұрынғы және қазіргі президенттің, 100-ден астам саясаткердің және белгілі адамдардың құпия офшорлық есепшоттары туралы ақпарат бар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG