Accessibility links

Transparency International cоңғы екі жылда жемқорлық дүние жүзі бойынша күшейе түскенін, бірақ халық оған қарсы тұруға болады деп санайтынын жазады. Қазақстанда көпшілік параны «рақмет айту» үшін беретінін айтқан.

Transparency International халықаралық үкіметтік емес ұйымы «Ғаламдық жемқорлық барометрі – 2013» (Global Corruption Barometer 2013) атты жыл сайынғы әлеуметтік зерттеуін жүргізіп, әлемдегі сыбайлас жемқорлықтың даму деңгейін анықтады. Биылғы сауалнамада 107 мемлекет тұрғындары қамтылды.

ХАЛЫҚ ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСУШІ МЕКЕМЕЛЕРГЕ СЕНБЕЙДІ

Ауқымды қоғамдық сауалнаманың нәтижесі бойынша респонденттердің ширек бөлігінен астамы соңғы жылы пара берген болып шықты. Жауап берушілердің жартысынан көбі сыбайлас жемқорлық соңғы екі жылда күшейе түсті деп есептейді. Бірақ «қоғамды кері тартатын жемқорлықтың алдын алуға, оған ықпал етуге болады» деп санайтындар да аз емес.

Әртүрлі елдегі 114 мың тұрғынның пікірі сыбайлас жемқорлықтың жайыла түскенін дәлелдейді. Соңғы 12 жылда респонденттердің 27 пайызы мемлекеттік құрылымдарға жұмысқа кіру үшін пара берген, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен шамалас. Әрбір 10 респонденттің тоғызы «сыбайлас жемқорлықпен күресуге дайынмын» десе, үштен екісі пара беруден бас тартқандарын айтқан.

«Бұның өзі үкімет, азаматтық қоғам және іскер ұйымдар тұрғындарды жемқорлыққа қарсы тұруға шақыру үшін көп тер төгуі керек екенін көрсетеді» деп жазады есебінде Transparency International.
Қызметтік өкілетті асыра пайдалануға, астыртын сатып алу мен пара беруге қарсы тұруға дайын адамдар саны да артқан.

«Сыбайлас жемқорлық деңгейі әлі де өте жоғары, бірақ азаматтар оны тоқтатуға болатынына сенеді. Қызметтік өкілетті асыра пайдалануға, астыртын сатып алу мен пара беруге қарсы тұруға дайын адамдар саны да артқан» дейді Transparency International басқарма төрайымы Угетт Лабелль.

«Ғаламдық жемқорлық барометрі – 2013» деректері көптеген елдегі тұрғындардың жемқорлықпен қарсы күресуге тиіс саналатын ұйымдарға сенбейтінін байқатты» деп жазылған ұйымның баспасөз-хабарламасында. Сауалнама нәтижесі бойынша, 36 елдің тұрғындары полицияны ең жемқор орган деп санайды, 20 елде сот жүйесі осындай атаққа ие.

«Үкімет азаматтардың үніне құлақ асуы керек, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы талабына нақты әрекетпен жауап беруі керек. Әсіресе «Үлкен жиырмалық» тарапынан күшті саяси бастама қажет. Осы ұйымның мүшелігіндегі 17 елдің 59 пайыз респонденттері үкіметтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жеткілікті шара қабылдамай отырғанын айтты» дейді Лабелль.

Көрнекі сурет

Көрнекі сурет

Transparency International ұйымының пікірінше, жағдайды өзгерту үшін саясаткерлер өз жеке шоты, туысқандарының активі туралы деректі жариялап тұруы тиіс. Ал саяси партиялар мен тәуелсіз үміткерлер қаржы көзі туралы нақты дерек беріп отыруы қажет.

Сауалнамаға қатысқандардың барлығы дерлік сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы мемлекеттік институттардың әрекетін 2008 жылғы қаржылық дағдарыс кезіндегіден де әлсіреп кетті деп санайды.

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ КӨПШІЛІГІ ПОЛИЦИЯҒА ПАРА БЕРЕДІ»

«Соңғы екі жылда сіздің елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейі қалай өзгерді?» деген сауалға қазақстандық респонденттердің 22 пайызы «төмендеді» десе, 45 пайызы «өзгеріссіз қалды», ал 34 пайызы керісінше «ұлғайды» деп жауап берген.

«Мемлекеттік ұйымда мәселеңізді шешу үшін сіздің елде жеке бас таныстығы маңызды ма?» деген сауалға сұралған қазақстандықтардың 59 пайызы «маңызды» я «өте маңызды» деп жауап берген. Бұл салыстырмалы түрде тым төмен көрсеткіш емес. Себебі көршілес Қырғызстан (74%), Әзірбайжан (62%) елдерін айтпаған күннің өзінде Ұлыбритания (71%), АҚШ (76%) сияқты дамыған демократиялық елдердің өзінде мемлекеттік қызметтегі жеке таныстық факторы маңызды болып көрінеді. Еуропа Одағының мүшелері Латвия (68%) мен Литвада (77%) да мұндай байланыстардың маңызы ерекше сияқты.
Қазақстандық респонденттер кімге пара берген?

  • 28 пайызы - денсаулық сақтау ұйымдарына
  • 29 пайызы - сот жүйесіне
  • 31 пайызы - білім саласына
  • 36 пайызы - жер телімін алуға қатысты қызметтерге
  • 54 пайызы - полицияға

«Сіздің үкімет сыбайлас жемқорлықпен қаншалықты тиімді күресіп жатыр?» деген сауалға жауап берген қазақстандықтардың 25 пайызы үкіметтің әрекетіне көңілі толатынын, ал 40 пайызы риза еместігін білдіреді. Грузияда 54 пайыз риза, ал Египетте бұл көрсеткіш небәрі 22 пайыз.

Transparency International мемлекеттегі қай қызмет түрінің сыбайлас жемқорлыққа жақын екенін анықтамақ болған. Қазақстандық респонденттердің 28 пайызы денсаулық сақтау саласын, 29 пайызы сот жүйесін, 31 пайызы білім саласын, 36 пайызы жер телімін алуға қатысты қызметтерге, 54 пайызы полицияға пара берген болып шыққан.

Жалпы алғанда Қазақстан атынан сауалнамаға қатысқандардың 34 пайызы мәселесін пара беру арқылы шешкен. Салыстыру үшін Данияда бұл көрсеткіш 1 пайыз болса, Грузияда - 4, Ұлыбританияда - 5, АҚШ-та - 7, Латвияда - 19, Түркияда - 21, Украинада - 37, Египетте - 36, Қырғызстанда – 45 пайыз.

Ақша санап отырған шенеунік. Көрнекі сурет

Ақша санап отырған шенеунік. Көрнекі сурет

«Пара берудегі басты себеп не?» деген сауалға қазақстандық тұрғындардың 8 пайызы «қызмет құнын арзандату үшін», 19 пайызы «мәселені шешудің жалғыз жолы – сол», 33 пайызы «жұмысты тездету үшін», 39 пайызы «сыйлық ретінде, алғысты білдіру» деп жауап берген.

«Сыбайлас жемқорлықпен күреске қарапайым адамдар ықпал ете ала ма?» деген сауалға 44 пайыз қазақстандық «иә» деп келіссе, 56 пайызы «жоқ» деген жауап беріп, сенбестік танытқан. Дәл осы сұраққа оптимистік түрде жауап берген Фиджи аралы тұрғындарының 97 пайызы «иә» деген. Ал украиналық респонденттер жемқорлықпен күреске әсер етуден үмітсіз, 72 пайызы «жоқ» деп жауап берген.

Transparency International – сыбайлас жемқорлықпен күресетін, әлемдегі жемқорлық деңгейін зерттейтін үкіметтік емес халықаралық ұйым. 1993 жылы құрылған бұл ұйымның 100-ден астам елде филиалы бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG