Accessibility links

Түркия Батыстан алшақтай түсті


Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен кейін ұсталғандар отырған автобус. Стамбул, 20 шілде 2016 жыл.

Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен кейін ұсталғандар отырған автобус. Стамбул, 20 шілде 2016 жыл.

Түркияда іске аспай қалған төңкеріс әрекеті Анкара мен Батыстың арасын аша түсті. НАТО-ға мүше елмен қатынастың шиеленісуі Таяу Шығыстағы аймақтық қауіпсіздікке, Сириядағы дағдарысқа, геосаяси тепе-теңдікке салқынын тигізеді.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған шілдедегі мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне бар кінәні қазір АҚШ-та тұрып жатқан діндар Фетхулла Гүленге артады. Болмай қалған төңкеріс әрекетінің салдары Түркияның басты мемлекеттік институттарына әлі әсер етіп жатыр.

Гүлен қозғалысымен байланысы бар деген күдікпен 80 мыңға жуық адам мемлекеттік мекемелердегі жұмыстарынан шығарылған, соның ішінде білім министрлігінде 45 мың адам қызметтен кеткен. 2015 жылы Түркия бұларға «Гүленшіл террористер ұйымы» (FETO) деп ат қойып, террорлық ұйым қатарына қосқан. Әділет министрі Бекир Боздагтың соңғы мәліметі бойынша, 18 мыңға тарта адам ресми түрде тұтқынға алынған, оның үстіне тағы 6 мың адам әлі қамауда отыр.

АҚШ-та тұрып жатқан діни қайраткер Фетхулла Гүлен.

АҚШ-та тұрып жатқан діни қайраткер Фетхулла Гүлен.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Түркияның түрмелері кісіге толып, соттағы істер саны көбейіп кеткен. Биылғы көктемде елде 188 мың адам қамауда жатқан, бұл – түрмелердің қабылдау мүмкіндігінен 8 мыңға көп. Шілдедегі бүліктен соң тағы ондаған мың адам қамалып, абақтылар аузы-мұрнынан шыға толған.

Қамалғандардың 3 мыңы – прокурорлар мен судьялар, яки елдің сот-құқықтық жүйесі қызметкерлерінің 20 пайызы істі болып жатыр, соның кесірінен соттарда әлі қаралмаған істер жиналып қалған. Президент Ердоған мұны тек «мұзтаудың ұшар басы ғана» деп атады, демек күдіктілерді тұтқындау әлі де жалғасуы мүмкін.

ЖАЛПЫЛАМА АЙЫПТАУЛАР

Ердоған елді тұтас бақылауына алуға тырысып жатқан тұста үкіметтің саясатын сынаған кез-келген адам оның құрығына ілінуі мүмкін. Төтенше жағдай туралы ережеге сәйкес (оны тек президент жариялай алады) құқық органдары еш дәлел көрсетіп, айып тақпастан кез-келген адамды 30 күнге дейін қамауда ұстай алады.

Қазіргі уақытта 77 журналист түрмеде отыр, олардың 42-сі болмай қалған төңкеріске қатысы бар деп айыпталған. Қамаудағы журналистер саны бұдан да көп болуы мүмкін, себебі аймақтардағы тілшілердің тұтқындалуы көбіне-көп жария бола бермейді. Куәгерлердің айтуынша, тергеушілер қамалғандардан жазған мақалалары, twitter желісіндегі жазбалары және кітаптары туралы ғана сұраған, бірақ ешқайсысы олардың болмай қалған төңкеріске қатысын дәлелдейтін айғақтар келтірмеген. Оларға «гүленшіл террористерді қолдады» және «төңкеріс әрекетін ақтады» деген сияқты жалпылама айыптар тағылған. Гүленмен ешқандай қарым-қатынасы болмағанына қарамастан, ұлты күрд тілшілер де қамалып жатыр.

Бұл оқиғаға дейін Түркиядағы саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, шенеуніктер Гүленнің «батасын» алуға асығатын. Демек, кез-келген саяси партияның кез-келген мүшесін «гүленшіл террористермен» байланысы бар немесе оның мүшесі болды деп айыптауға болады. Мәселен, 2013 жылы Стамбулдағы Гези бағы мен Таксим алаңындағы үкіметке қарсы наразылықтарды басып-жаншуға атсалысқан Стамбулдың бұрынғы губернаторы Хусейн Авни Мутлу FETO-ның мүшесі деп айыпталып, тұтқынға алынды, тергеу барысында ол өзінің 2012 жылы Гүленмен сөйлескенін айтқан.

Ұсталған сарбаздарды автобустарға тиеп жатыр. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.

Ұсталған сарбаздарды автобустарға тиеп жатыр. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.

Қамалған журналистер мен өзге де кісілер адвокат таба алмай қиналып жатыр, себебі адам құқықтарын қорғайтын заңгерлердің көбі тұтқындалды және біразы қашып жүр. Түркияда адвокаттар өздері қорғаған адамдардың қылмыстары үшін тұтқындалуы мүмкін, ал бұл адам құқықтары қағидасы мен әділет институтының ережелеріне түбірімен қайшы келеді.

Түркияда қоғамның түрлі бөліктерін қамтыған, ішінара тәуелсіз ақпарат құралдары болған. Ердоған билікті қолына шоғырландырып, жеке-дара көшбасшыға айналғалы ақпарат құралдарының еркіндігі шектеліп, пікірлер ауқымы тарыла бастады. «Шекарасыз тілшілер» ұйымының мәліметтеріне қарағанда, Түркия 2015-2016 жылдардағы «Баспасөз еркіндігі» рейтингінде 184 елдің ішінде 151-орын алған. Төңкеріс әрекетінен кейін жағдай тіпті ушықты. 27 шілдеде Ердоған әкімшілігі шығарған жалғыз жарлықтың пәрменімен 130-дан аса ақпарат құралы (телеарналар, журналдар, газеттер, ақпараттық порталдар, т.с.с.) жабылды. Олардың арасында Гүлен қозғалысына қатысы жоқ ұйымдар да бар.

Батыс елдері басшыларының көбі сынға алған бұл саяси қысымның Түркия мен Батыстың арасын алшақтатып жіберетін түрі бар. Төңкеріс әрекеті Ердоған үшін «іздегенге сұраған» болды, соны сылтауратып ол әскерді «банда» мен «вирустан» тазартуға мүмкіндік алды. Алайда, мемлекеттік институттардан тек гүленшілер емес, басқа топтардың өкілдері де аласталып жатқан тәрізді.

СИРИЯ МӘСЕЛЕСІ

Өткенге көз салсақ, Ердоғанның халықаралық аренада «адасуы» 2013 жылдан басталған. Ол кезде премьер-министр қызметін атқарған Ердоғанды 2013 жылдың мамырында АҚШ Ақ үйде сән-салтанатпен қарсы алды. Алайда, Раушан гүл бағында бір-біріне жылы лебіз арнаған басшылар басты мәселе – Сирия дағдарысы бойынша ортақ байламға келе алмады. Сол сапардан екі апта өткеннен соң Стамбулдың Гези бағындағы әйгілі демонстрациялар басталды. Ердоғанның наразы жұртты полиция күшімен басып-жаншуы бүкіл әлемнің, соның ішінде АҚШ-тың және басқа да батыс елдерінің қарсылығын туғызды. Реформашыл болып көрініп, үнемі жымиып жүретін Ердоғанның бет-бейнесі бірден өзгеріп, ол авторитар әрі исламшыл керітартпа басшыға айналып шыға келді. АҚШ президенті Барак Обаманың жүзбе-жүз кездесу кезіндегі сыни пікірін елемеген Ердоған Сирияда президент Башар Асадқа қарсы күштердің барлығын, соның ішінде жиһадшыларды да қолдау саясатын жалғастыра берді.

Сирия дауын реттеу, Асадтың тағдыры, ИМ-ге қарсы әрекет ету, Сириядағы күрд топтарын тыныштандыру мәселелеріне қатысты АҚШ пен Түркия арасындағы араздық күшейе берді. 2015 жылғы 7 маусымдағы сайлауда Ердоғанның Әділет және даму партиясы (АКР) көпшілік дауыс жинай алмағаннан кейін ғана Түркия үкіметі АҚШ бастаған коалицияның ИМ-ге қарсы операция ұйымдастыруына рұқсат беріп, Инжирлик әуе базасын ашты.

Түркия президенті Режеп Ердоған үкіметті қолдау шеруіне қатысушыларға қол бұлғап тұр. 7 тамыз, 2016 жыл.

Түркия президенті Режеп Ердоған үкіметті қолдау шеруіне қатысушыларға қол бұлғап тұр. 7 тамыз, 2016 жыл.

Алайда, бұл татулық ұзаққа созылған жоқ. Анкара Түркия, АҚШ және Еуроодақ террористік ұйым деп таныған «Күрдістан жұмысшылар партиясымен» (РКК) соғысты үдетті. Түркияның Сириядағы күрдтер тобы (PYD) мен оның әскери қанатына (YPG) қатысты қатаң саясаты өзгерген жоқ. Ал АҚШ оларды террорлық ұйым деп есептемейді, тіпті оларды ИМ-ге қарсы күрес стратегиясындағы басты ойыншылар деп санайды. Ердоған «жақсы террорист», «жаман террорист» деген болмайды» деп, PYD мен РКК-ні бөле-жара қарамауды ұсынды. Ердоған АҚШ пен Батыстан қолдау күткен, алайда АҚШ Түркияның әуе базасын пайдалана отырып, Сириядағы күрдтерге көмегін тіпті ұлғайтты.

Ердоғанның Сирияға қатысты саясатын түрік қоғамы ешқашан қолдаған емес. Сириядағы жағдай ушығып, миллиондаған босқын бас сауғалап, Түркия жеріне өткенде Ердоған ұстанымының кемшілігі анық білінді. Сонда да жекеменшігі бар, мемлекеттігі бар барлық ақпарат құралдарын бақылауында ұстаған Ердоғанға қарсы шығушылар табылмады. Ол Түркияның халықаралық қоғамдастықтан біртіндеп оқшауланып келе жатқанына кінәлілер ретінде Сирия президенті Асадты, Египет басшысы әл-Сисиді, Израиль премьері Нетаньяхуды және Иранның Ислам революциясын қорғау корпусының командирі Сүлейманиді айыптап, халықты осыған иландыра білді.

Түркияның өз ішінде билікті тұтастай қолына алса да, әрлі-берлі құбылып, демократияға қарсы саясат жүргізген, Батысқа қарсы мәлімдемелер жасаған Ердоған Батыс пен Шығыстағы одақтастарынан алшақтай бастады. Тіпті кәрі құрлыққа өтетін босқындар тасқынын азайту үшін Еуропа елдерімен келісімге келсе де, оның халықаралық аренадағы беделі айтарлықтай өсе қоймады. Төңкеріс жүзеге аспай, Ердоған орнына қайтып келгелі Батыс елдерінің бірде-бір басшысы Анкараға ат басын бұрған жоқ. Мұны Түркия президентінің өзі де жиі айтады.

ИМ-ГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС

Анкараның ішкі проблемалары аздай, ИМ былтырдан бері Түркия аумағында террорлық шабуылдар жасай бастады. Төңкеріс әрекетінен екі-ақ апта бұрын Стамбулдағы Ататүрік әуежайында жарылыс болды.

15 шілдеден соң Түркияның онсыз да әлсіз саяси жүйесі одан сайын шатқаяқтап қалды. Төңкеріс әрекетінен бері бір ай өтті, енді Ердоғанның ішкі және сыртқы саясатта маңызды шешімдер қабылдайтын кезі келді. Ең алдымен ол демократия институттарын, оппозициялық топтарды, биліктегі тежеу және теңгеру механизмдерін қиратуды доғаруы тиіс. Егер ол сол авторитарлық сүрлеумен кете беретін болса, онда Түркия экономикалық және саяси тұрғыда кері кетіп, мемлекеттік институттар әлсіреп, елді тұрақсыздық жайлауы мүмкін.

Ердоғанның сәтсіз төңкеріс әрекетінен соң өзіне қолдау көрсете қоймаған АҚШ пен Еуроодаққа өкпелі екені анық байқалады. Мемлекеттік ақпарат құралдары мен министрлердің «бұл төңкерістің артында АҚШ тұр» деп ашық мәлімдеуі және осы пікірді әлсін-әлсін қайталауы Түркия мен Батыс арасының өте қатты ушыққанын аңғартады. АҚШ және Еуроодақпен одақтас елдің Америкаға, Батысқа қарсы зілді мәлімдемелері қашанға дейін жалғасатынын тап басып айту қиын. Фетхулла Гүленнің Пенсильванияда тұруы осы текетірестің ең бір түйткілді тұсы болып отыр.

Гүленді елге қайтара алмаса, Ердоған Вашингтон мен Брюссельден сырт айналып, Мәскеу және Тегеранмен достаса ма? Ресей мен Иран Батыстың орнын алмастыра ала ма? Түркия шынымен Батыспен арадағы жүздеген жылдық тығыз байланысты үзіп, НАТО-мен 70 жылдық одақтастықтан бас тартқысы келе ме?

Қазір телеарналар жаңалықтарында да, Түркияның түкпір-түкпіріндегі шайханаларда да осы сұрақтарға жауап іздеп жүргендер көп.

(Илхан Танирдің мақаласы ағылшыннан аударылды.)

XS
SM
MD
LG