Accessibility links

Сарапшылар: «Шахтер» өз тобынан шыға алады»


"Шахтер" футбол командасының ойыншылары. Көрнекі сурет

"Шахтер" футбол командасының ойыншылары. Көрнекі сурет

Футболдан Қарағандының «Шахтер» командасы Еуропа лигасының топтық кезеңінде AZ, PAOK және Maccabi Haifa клубтарымен ойнайтын болды. Сарапшылар «Шахтердің» топтан шығар әлі бар дейді.

Тамыздың 30-ы күні Монакода өткен УЕФА Еуропа лигасының жеребе тарту рәсімі кезінде қарағандылық «Шахтердің» L тобында нидерландтық Az, грекиялық PAOK және израильдік Maccabi Haifa командаларымен бір топта ойнайтыны белгілі болды. «Шахтер» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан алғашқы қазақстандық футбол командасына айналды.

Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған қарағандылық футболшылардың қарсыластары – Еуропаға белгілі клубтар.

  • AZ - Нидерландтың Алкмаар қаласының клубы. Осы елдің екі дүркін чемпионы (1981, 2009 жылдар). 1981 жылы УЕФА кубогының финалына шыққан. Биыл ел кубогын иеленді. УЕФА рейтингінде 60-орында тұр.
  • PAOK – Грекияның Салоники қаласының командасы. 1976 және 1985 жылдары Грекия чемпионы атанған. Биыл екінші орын алды. Төрт мәрте Грекия кубогын иеленді. Еуропа лигасының топтық кезеңіне үшінші рет өтіп отыр. УЕФА рейтингінде 73-орында тұр.
  • Maccabi Haifa – Израильдың Хайфа қаласының клубы. Осы елдің 12 дүркін чемпионы. Соңғы рет ел біріншілігін 2011 жылы жеңіп алған. Биыл екінші орын алды. 2003, 2010 жылдары чемпиондар лигасының, 2012 жылы Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаған. УЕФА рейтингінде – 128-орында.

AZ және Maccabi Haifa қазақстандық жанкүйерлерге таныс. 2010 жылы «Ақтөбе» чемпиондар лигасының іріктеуінде Maccabi Haifa командасымен кездесіп, өз алаңында 0:0 есебімен тең түсіп, Хайфадағы ойында 3:4 есебімен ұтылған.
2011 жылы «Ақтөбе» Еуропа лигасы іріктеуінде AZ командасымен кездесіп, өз алаңында 2:1 есебімен ұтып, сырт алаңда 0:2 есебімен жеңіліп қалған еді.

«ТОПТАҒЫ КОМАНДАЛАР ДЕҢГЕЙЛЕС»

Ардагер футболшы, «Қайрат» клубының бұрынғы қақпашысы Құралбек Ордабаевтың пайымдауынша, «Шахтерге» жеребе жолдас болды.

- «Шахтердің» топтан шығуға мол мүмкіндігі бар. Тобымызға түскен үш командаға «Селтикке» қарсы ойнағандай жігерлік танытса, топтан шығуға болады. Бұл - «Шахтерге» берілген мүмкіндік. Астанада өтетін үш матчта да жеңіске жету керек. Ал сырт алаңда тең ойнаса, топта екінші орын алуға болады. Топтағы үш команда деңгейлес болғандықтан, мынау фаворит деп атап көрсету қиын, - дейді ардагер футболшы.
Бұл - «Шахтерге» берілген мүмкіндік. Астанада өтетін үш матчта да жеңіске жету керек.

«Нұр Астана» газетінің спорт шолушысы Абай Асангелдіұлы ойынша, «Шахтер» үшін ең басты қарсылас – нидерландтық команда.

- Жеребе тастау рәсімінде қарағандылықтардың жолы болды деп есептеймін. Үшеуі де мықты қарсылас емес. Сондықтан, «Шахтер» оларға лайықты қарсылық көрсетеді деп есептеймін. «Шахтерге» қарсылас үш команданың ішіндегі ең қауіптісі – АZ. Жалпы, «Шахтердің» топта екінші орын алуға толық мүмкіндігі бар, - деді ол Азаттық тілшісіне.
Қазақстандық ардагер футболшы Құралбек Ордабаев. Алматы, 10 сәуір 2013 жыл.

Қазақстандық ардагер футболшы Құралбек Ордабаев. Алматы, 10 сәуір 2013 жыл.


Kazsport арнасының комментаторы Ермұхамед Мәулен «Шахтердің» биыл өз алаңындағы ойындарда есе жібермей келе жатқанына назар аударады.

- Биылғы еуромаусымда «Шахтер» өз алаңында қарсыластың барлығын жеңіп келеді. БАТЭ, «Скендербеу» мен Celtic секілді командаларды Астанада ұтты. L тобына түскен әлгі үш команда БАТЭ мен Celtic клубтарынан әлсіз, - дейді ол.

Қарағандылық футболшылар өз стадиондары УЕФА стандарттарына сәйкес келмейтіндіктен топтық кезеңдегі матчтарын «Астана Арена»стадионында өткізуге мәжбүр. Ресми мәлімет бойынша «Шахтер» стадионына күрделі жөндеу келесі жылы жасалмақ.

ҚОСЫМША: Қазақстандағы стадиондар мәселесі туралы арнайы мақаланы оқыңыздар

«Шахтер» Еуропа лигасындағы алғашқы ойынын қыркүйектің 19-ы күні өткізеді.

Еуропа лигасы – УЕФА ұйымдастыратын чемпиондар лигасынан кейінгі деңгейдегі ірі жарыс. Бұл турнирге УЕФА-ға мүше елдердің кубогын иеленген және өз елінің чемпионатында екінші орын алған командалар қатысады. Ал рейтингі жоғары Англия, Испания, Франция мен Германия елдерінің чемпионатында бесінші орын алған клубтар да Еуропа лигасына қатысуға рұқсат алады. Өз елінің чемпионы атанып, чемпиондар лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңіне шыққанымен, топтық кезеңіне өте алмаған командалар да Еуропа лигасына қатыса алады.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG