Accessibility links

БҰҰ 2012 жылды өлеңдетіп бітірді


БҰҰ Бас ассамблеясының отырысынан көрініс

БҰҰ Бас ассамблеясының отырысынан көрініс

Азаттықтың Нью-Йорктегі тілшісі БҰҰ-ның үшінші комитетіндегі отырыстарда өлеңмен баяндама жасау дәстүрінің шығу тегіне үңіліп көрді.

Егер БҰҰ күні бойы өтетін кездесулерде ұзақ-сонар қарарлар қабылдайды деп ойласаңыз, қателеспейсіз. Бірақ БҰҰ штаб пәтеріндегі өмір көңілсіз жиындардан ғана тұрады деуге болмайды. Ұйымның әр жылдың соңында дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан қызықты бір жиыны бар.

Төраға мырза, жұрт тұрмай тұрып,
Есік жаққа ұмтылмай тұрып,
Сөз бердіңіз, рақмет.

Адам құқығын қорғау ісінен бөлек,
Бір көне дәстүрді ойлау ісі бар.

Ұлыбританияны қайтіп төмендетейін,
Дәстүрге сәйкес өлеңдетейін.

Үшінші комитет жиыны тәмам болғаны осы,
Кемшілігін көпшілік кешіре жатар,
Ақындықта шамам келгені - осы.


Бұл БҰҰ-дағы әлеуметтік, гуманитарлық және мәдени мәселелерге жауапты Ұлыбритания делегациясының төрайымы Хелен Уокердің туындысы. Ол 2012 жылдың үшінші комитетінің отырысын қалыптасқан дәстүрге сай осылайша өлеңмен аяқтады.

"Бұл дәстүр соңғы 25 жыл бойы қайталанып келеді. Қашан, қалай басталғаны ешкімнің есінде жоқ. Жаңа Зеландия осы міндетті 1-2 жыл уақытша өзі атқарды. Бірақ үнемі Ұлыбританияның еншісіне тиіп келеді" дейді БҰҰ-дағы Ұлыбритания делегациясының өкілі Дэниел Шеперд.
БҰҰ-дағы отырыстан бір көрініс.

БҰҰ-дағы отырыстан бір көрініс.


Азаттық тілшісіне электрондық пошта арқылы жолдаған хатында ол: «Бұл автордан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол адамдардың көңілін көтеріп, күлдіруге тиіс, бірақ жауапты мәселені талқылаудан жалтаратындай дәрежеде еркінсітпеу керек. Делегаттардың немесе әлдебір үкіметтің шамына тиетіндей артық кетпеуге тиіс. Яғни, дипломатиялық арқанмен жүріп өту сияқты» деп жазады.

Оның айтуынша, Уокер сол арқаннан «басын тік көтеріп, теңселмей өткен».

Соңғы жылдары Египет те әзілге атсалысып жүр. Мысалы, египеттік делегат Монзер Селим биылғы соңғы отырыста оқылатын ұйқасты баяндаманың бастапқы жолдарын былайша оқып берді:

Жауап беру құқығын пайдалануға ұста болған дұрыс,
Мұндай жерде сөзді өте қысқа қайырған дұрыс.
Хеленнің (Уокер) айтқаны біраз ой қозғап тұр,
Екі минуттық лимит әттең тым аз боп тұр.


Селим БҰҰ-дағы әдеби дәстүрдің қашан пайда болғанын білмейтінін айтады. Бірақ Египет өзінің 115 ереже бойынша көңілді «жауап беру құқығын» орындауға 5-6 жыл бұрын кіріскен.
БҰҰ-дағы отырысқа қатысушы делегаттар.

БҰҰ-дағы отырысқа қатысушы делегаттар.


Осы жылғы өлеңдердің бәрінде БҰҰ-дағы өмір сүру салты мен түрлі әрекеттер мысқылға айналып, дипломатиялық әзілдермен тұздықталды.

Мысалы, Уокер комитеттің жұмысына кедергі келтірген биылғы табиғи апаттарды былай сипаттайды:


"Бір айналдырса, шыр айналдырады",
Біздің комитет шынайы қалжырады.
2012 жылы өрт шалып, боранға үсіп,
Қар астында қалдық.
Бірақ алған беттен қайтпау деген ұранға
Жабысып-ақ алдық.


Оның «Сэнди» дауылы (2012 жылғы қазанда АҚШ-ты астаң-кестең етті) туралы құрастырған жыр жолдары да біраз жұртқа езу тартқызды.

Ал египеттік Селим сол арада суырып салып комитет хатшысы Отто Густафиктің көпсөзділікке жол бергеніне шүйлікті.

БҰҰ штаб-пәтері дипломаттардың бір-бірін астарлы әзіл-әжуамен және мысқылмен түйреп отыратын арена ретінде танымал. Бірақ жыл соңында, БҰҰ-ның әлеуметтік, гуманитарлық және мәдени істер жөніндегі комитетіндегі (қысқаша "үшінші комитет" деп аталады) өлең оқу сүйкімді дәстүрге айналып барады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG