Accessibility links

АҚШ-тың кіші Бакиев жайлы шешімі Бішкекке ұнамады


Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиев Лондон соты жанында тұр. 7 желтоқсан 2012 жыл.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиев Лондон соты жанында тұр. 7 желтоқсан 2012 жыл.

АҚШ билігінің Максим Бакиевті Ұлыбританиядан экстрадациялау туралы талабынан бас тартуы стратегиялық әріптестер – Бішкек пен Вашингтон арасында дипломатиялық түсінбестік тудырды.

Қырғыз үкіметі АҚШ әділет органдарының Максим Бакиевке қатысты қылмыстық істі жабу туралы шешімі жөнінде түсінік беруін сұрап, осы аптада америкалық билікке өтініш жолдады.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы, Орталық даму, инновация және инвестициялар агенттігінің бұрынғы төрағасы, 2010 жылғы сәуір оқиғасынан кейін елінен қашқан Максим Бакиевті Қырғызстан қайтарып алу үшін 3 жыл әрекет етті. Ресми Бішкектің көңілінен шықпаған бұл шешімді АҚШ билігінің қабылдауына не түрткі болды?

АҚШ-тың Қырғызстандағы елшісі Памела Спратлен «бұл істі жүргізген прокурорлар нақты дәлелдер жеткіліксіз екенін түсініп, істі тоқтатуға мәжбүр болды» деп мәлімдеді.

Қырғызстан мен АҚШ – ғаламдық терроризмге қарсы күресте 2001 жылдан бергі стратегиялық одақтастар. АҚШ Бішкек түбіндегі әскери базаны жалдап отыр. «Манас» әуежайында орналасқан бұл базаны жалдау ақысы төңірегінде Бішкектің жоғары шенділерінің арасында талай дау-дамай болған.

Азаттық радиосының Қырғыз қызметі осы мәселе жөнінде Джорджтаун университетінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі профессоры Кристофер Свифттен сұхбат алды. Ол Максим Бакиевке байланысты істің жабылу себептері ретінде «АҚШ арнайы қызметінің қолында Максим Бакиевті жауапкершілікке тартуға жеткілікті айғақ болмады немесе оны жауапкершілікке тарту үшін экстрадациялау туралы британдықтармен келісе алмады» деген болжам айтты.

Оның пікірінше, қорғаушы тарап Бакиевтің жазықсыз екенін АҚШ үкіметіне дәлелдегендіктен де іс жабылуы мүмкін. Мұның тағы бір себебі – адвокаттар Ұлыбритания сотына клиентінің қылмысы жоқтығын дәлелдейтін айғақтарды көрсеткен соң, Максим Бакиев істі жабу туралы америкалықтарға өтініш жасаған болуы мүмкін.

Кристофер Свифт Азаттыққа берген сұхбатында «АҚШ әділет министрлігі әлдебір түсінік бермей, нақты бір болжам айту қиын» екенін айтады.

– АҚШ-тың әділет министрлігі мен Ұлыбритания прокуратурасының арасындағы келіссөздер әдетте құпия жүргізіледі. Жұртшылық екі тараптың түпкілікті ұйғарымын ғана естиді, – дейді Кристофер Свифт.
Джорджтаун университетінің профессоры Кристофер Свифт.
Джорджтаун университетінің профессоры Кристофер Свифт.

ҚҰПИЯ КЕЛІССӨЗДЕР

Максим Бакиевті Ұлыбританиядан экстрадациялау туралы тыңдау Вестминстердің магистрлық сотында мамырдың 13-інде өтеді деп белгіленген еді. Алайда қылмыстық істің жабылуына және АҚШ экстрадациялау туралы өтінішін кері қайтарып алуына байланысты сот отырысын өткізу қажет болмай қалды.

Қырғызстан мен АҚШ «ауыр қылмыс жасады» деп айыптаған Максим Бакиев 2012 жылғы қазанның 12-сі күні Лондонда қамауға алынды. Қырғызстан мен Ұлыбритания арасында қылмыскерлерді экстрадациялау туралы келісім болмағандықтан, Лондон кіші Бакиевті экстрадациялау туралы Вашингтоннан түскен өтінішті қарап жатқан.

Құрманбек Бакиев

Құрманбек Бакиев

​2005 жылы Қырғызстанда президент Асқар Ақаевтың билігі құлап, өзі шетелге қашты. Оның орнына келген Құрманбек Бакиев 2005 - 2010 жылдары Қырғызстан президенті қызметін атқарды. 2010 жылы сәуірде елде революция болып, Құрманбек Бакиев те шетелге қашты.

Ресми дерек бойынша төңкеріс кезінде полициямен қақтығыстан 87 адам өлген. Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, зардап шеккен мыңнан астам адам дәрігерге қаралған.


АҚШ бұрынғы қырғыз президентінің ұлына қатысты «құнды қағаздармен алаяқтық әрекет жасады» және «сот төрелігінің жүзеге асуына кедергі келтірді» деген күдікпен қылмыстық іс қозғаған еді. Кепіл ақшаға босатылған Максим Бакиев бұл кезде еркіндікте жүрген.

Қырғызстанның сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаев қылмыстық істің жабылуы көңілінен шықпағанын айтып, сырттай сотталған бұрынғы президент Құрманбек Бакиев пен оның туыстарын елге қайтару үшін барлық күштерін салатынын мәлімдеді.

«Максим Бакиевке қатысты АҚШ-та қылмыстық іс қайта қозғалуы мүмкін бе?» деген сұраққа Кристофер Свифт: «Американың құқық жүйесінің ережелеріне, атап айтқанда осы ережелердің бір айып бойынша бірнеше мәрте жауапкершілікке тартуға жол берілмейтіні туралы тармағына байланысты істің қайта қозғалуы мүмкін емес» деп жауап берді.

– Егер АҚШ үкіметі Максим Бакиевке қарсы қылмыстық іс ашқысы келсе, оған негіз болатын жаңа дәйек табуы тиіс. Бұл басқа қылмыстық іс болады. Ал егер өткен іске қатысты жаңа айғақтар табылып жатса, олар бұлтартпас айғақтар болуы тиіс, – дейді Кристофер Свифт.

БАКИЕВТЕРДІ ЕЛІНДЕ НЕ КҮТІП ТҰР?

Кристофер Свифтің айтуынша, Ұлыбритания соты қазір кіші Бакиевтің саяси баспана сұраған өтінішін қарап жатыр. Бірақ бұл – мүлде басқа іс.

– Оған қарсы бұған дейін қозғалған қылмыстық іс пен оның саяси баспана сұраған арызын қарастыру жөніндегі азаматтық процесс жеке қаралып, екі түрлі бағыт бойынша шешілер еді, – дейді Кристофер Свифт.

Максим Бакиев Қырғызстанда үш жылға дейін белгілі бір лауазымды қызметке тағайындалу құқығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, 25 жылға сырттай сотталған. Ол «жер телімдерін заңсыз сатып алуға байланысты, электр энергиясы компаниясының акцияларын сатып алу жөнінде жүргізілген заңсыз мәміледе делдал болғаны үшін айыпты» деп танылды.

Максим Бакиевтің әкесі Құрманбек Бакиев 2010 жылғы сәуір оқиғасынан кейін елінен қашып, Беларусьті паналаған. Бакиевтер отбасының көптеген қылмысқа байланысты айыпталған басқа мүшелері сияқты Құрманбек Бакиевке де халықаралық іздеу жарияланған.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев (ортада) туыстарымен бірге.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев (ортада) туыстарымен бірге.

Қырғызстанның бас прокуратурасы Бакиевтерді елге қайтару туралы белорус әріптестеріне бірнеше рет өтініш жасады. Алайда ресми Минск «бұрынғы президент пен оның туыстары саяси қудалауға ұшырайды» деген уәж айтып, бұл өтінішті орындаудан бас тартты.

Биыл ақпан айында Бішкек гарнизонының жоғарғы соты саясаткер Медет Садырқұловты өлтіру ісі бойынша Құрманбек Бакиевті мүлкін тәркілеп, 24 жыл түрмеге кесіп, оның інісі, мемлекеттік күзет қызметінің бұрынғы басшысы Жаныш Бакиевті өмір бойы бойы бас еркіндігінен айырып, мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды.

Мақала Азаттықтың Қырғыз қызметі материалы негізінде жазылды.
XS
SM
MD
LG