Accessibility links

Ауған соғысында жоғалған солдат тірі табылды


Бахретдин Хакимов, ауған соғысында жоғалған өзбек солдаты. Герат, 23 ақпан 2013 жыл
Бахретдин Хакимов, ауған соғысында жоғалған өзбек солдаты. Герат, 23 ақпан 2013 жыл

Совет кезеңіндегі «ауған соғысында» өлді деп саналған өзбек солдаты 33 жылдан кейін табылды. Ал Қазақстаннан бұл соғыста 21 солдат із-түзсіз кеткен.

Осы апта бірқатар әлемдік БАҚ-тың назарына ілінген самарқандтық Бахретдин Хакимов 1980 жылы қыркүйекте Герат қаласының маңында ауыр жарақаттанып, қалып қалған. Оны совет әскері өздігінен жүре алмайтындықтан тастап кетуге мәжбүр болған. Қансырап жатқан солдатты Герат қаласының тұрғындары құтқарып қалады. Осы қаладағы шөппен емдейтін емші оның жарасын жазып, кейін оған шөппен емдеу тәсілдерін үйретеді. Бахретдин Герат қаласында қалып, есімін Шейх Абдулла деп өзгертеді.

- Біз Хакимовты бір жылдан бері іздеп келеміз, - деген ТМД үкіметтері басшылары кеңесі жанындағы жауынгер-интернационалистер комитетінің төрағасы Руслан Аушев. – Ауғанстанда іздеу жұмыстары кезінде жергілікті командирлардың бірі ол туралы ақпарат берді. Хакимов орыс тілін ұмытып қалған. Өзінің туысқандары мен жақындарын есіне түсірді. Туысқандарына да хабарладық. Егер ол еліне қайтқысы келсе, оны да ұйымдастырып береміз. Әзірге ол еліне қайту туралы ештеңе айтқан жоқ.
Бахретдин Хакимов (сол жақтан екінші) өзін іздеп тапқандармен бірге тұр. Герат, 23 ақпан 2013 жыл
Бахретдин Хакимов (сол жақтан екінші) өзін іздеп тапқандармен бірге тұр. Герат, 23 ақпан 2013 жыл

Аушевтың айтуынша, Хакимов Ауғанстанда емшілікпен айналысады. Ауған қызына үйленген. Баласы жоқ. Соғыста жарақат түскен қолы мен иығы дірілдеп тұрады.

ЖОҒАЛҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЕКІ СОЛДАТТЫҢ СҮЙЕГІ ТАБЫЛҒАН

Ресми мәліметтер бойынша, Ауғанстандағы соғыс кезінде 264 совет солдаты із-түссіз жоғалып кеткен. Ал ТМД ауған соғысы ардагерлерінің комитеті жүргізген іздестіру жұмыстары кезінде 29 солдат тірі табылған. Оның жетеуі Ауғанстанда қала береміз деп шешкен. Іздестіру жұмыстары 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді.

Ал Қазақстандағы ауған соғысы ардагерлері кеңесінің дерегіне сүйенсек, соғыс кезінде қазақстандық 21 сарбаз хабарсыз жоғалып кеткен. Ал өткен жылы оның екеуінің сүйегі табылып, Қазақстанға жеткізілген.

2012 жылы сәуір айында Ауғанстан соғысына қатысқан Алексей Зуевтің сүйегі табылып, Ақмола облысы Шучье ауданына әкелініп, қайта жерленген.
Ауған соғысының қазақстандық ардагерлері
Ауған соғысының қазақстандық ардагерлері

Қазақстандағы ауған соғысы ардагерлері кеңесінің дерегі бойынша, Зуев тұтқында қайтыс болған. Ол 19 жасында соғысқа аттанады. 466-дербес автокөлік батальонының жүргізушісі болыпты. Соғыс кезінде майданға қару-жарақ пен солдаттар тасыған.

Ауғанстандағы соғыс кезінде жоғалып кеткен оңтүстік қазақстандық Абдулхаким Ергешовтің де сүйегі 2012 жылы қыркүйекте табылды. Оны Түркістанға әкеліп, қайта жерледі.

Қазақстандағы ауған соғысы ардагерлері комитетінің дерегіне сүйенсек, Абдулхаким Ергешов 1982 жылы әскерге аттанады. Сол кезде соғыс басталып, Ауғанстандағы 177-мотоатқыштар полкінің минометшілер ротасына түседі. Елдің солтүстігіндегі Саланг асуында болған кезекті ұрыс кезінде із-түссіз жоғалып кетеді. Жауынгерді іздестіру кезінде Саланг асуы маңында тұратын тұрғындар да біраз мәлімет беріпті. Сол жердегі совет жауынгерлері жерленген зираттан Абдулхаким Ергешовтің сүйегі табылды. ДНК сараптамасы арқылы сүйек Ергешовтікі екені дәлелденген.

Совет әскері Ауғанстанға 1979 жылы кіріп, он жылдан кейін елді тастап шықты. Соғысқа Қазақстаннан 22 мың солдат аттанып, оның 761-і қаза тапқан. Үш мың сарбаз соғыстан мүгедек болып оралған.
XS
SM
MD
LG