Accessibility links

Ислам Каримов - Өзбекстан президенттігіне кандидат


Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Пекин, 19 тамыз 2014 жыл.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Пекин, 19 тамыз 2014 жыл.

Өзбекстанның қазіргі президенті Ислам Каримов биыл 29 наурызда өтетін президент сайлауына кандидатурасын ұсынды.

Қаңтардың 15-інде Өзбекстан либерал-демократиялық партиясы және Кәсіпкерлер мен іскер адамдар қозғалысының бірлескен сессиясында Ислам Каримов президент сайлауына ортақ үміткер ретінде ұсынылды. Қаңтардың 30-ында 77 жасқа толатын Ислам Каримов - биыл наурыздың 29-сында өтетін президент сайлауына ресми тіркелген алғашқы кандидат.

Ислам Каримов 2007 жылы өткен сайлауда жеңіске жетіп, үшінші рет президенттікке сайланған. Алайда бұл сайлауды халықаралық бақылаушылар "демократиялық талаптарға сай келмеді" деп сынаған.

Өзбекстан конституциясында бір адам жеті жылдан үш рет қатарынан президенттікке сайлануға болмайтыны жазылған. Алайда кейін конституцияға өзгерту енгізіліп, президенттің өкілеттілігі жеті жылдан бес жылға қысқартылды. Осыдан кейін Каримовтың сайлаудағы екі жеңісі есептен шығарылып, оған қайта сайлауға түсуге мүмкіндік берілген.

Ислам Каримов 29 миллион халқы бар Өзбекстанды СССР тарар кезден бері басқарып келеді. 1989 жылдан Өзбекстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы болған Каримов 1990 жылы ресми түрде Өзбекстан президенті болып сайланды. Бес жылдан кейін, 1995 жылы Каримовтың президенттік өкілеттілігі 2000 жылға дейін созылды. Ал 2007 жылы өткен сайлауда ол қайтадан президент болып сайланды.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Каримов билігін "адам құқықтарын жиі бұзады" деп айыптайды. Соңғы жылдары оның үлкен қызы Гүлнара Каримованың басы дауға қалып, үйқамаққа алынған. Гүлнара Каримова коррупцияға және басқа да қылмыстық істерге қатысты тергелген.

Өзбекстан президенттігіне жасы отыздан асқан, осы елде 10 жылдан астам уақыт тұрған азаматтар кандидат бола алады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG