Accessibility links

АҚШ-тағы саммитте ядролық контрабанданы талқылайды


Greenpeace белсенділері Бразилияның Гояния қаласында 60-қа жуық адамның қазасына себеп болған 20 жыл бұрынғы радиациялық апат құрбандарын бейнелеп, театр алдындағы баспалдақта жатыр. Сан-Паулу, 11 қыркүйек 2007 жыл.
Greenpeace белсенділері Бразилияның Гояния қаласында 60-қа жуық адамның қазасына себеп болған 20 жыл бұрынғы радиациялық апат құрбандарын бейнелеп, театр алдындағы баспалдақта жатыр. Сан-Паулу, 11 қыркүйек 2007 жыл.

Вашингтонда өтіп жатқан ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің күн тәртібіндегі негізгі мәселе – терроршылар қолына ядролық материалдардың түсуіне жол бермеу.

2014 жылдың соңында Молдовада ұйымдасқан қылмыстық топтың жеті мүшесінің тұтқындалуы құқық органдарының қатардағы операцияларының бірі болып қана қалар еді. Бірақ биліктің ұсталғандардың уран-238 затын заңсыз сатуға қатысы туралы хабары бұл оқиғаға ерекше мән беруге негіз болды.

Химиялық туысы уран-235 тәрізді уран-238 де радиоактивті элементке жатады. Екеуінің айырмасы сол – уран-235 ядролық қару жасауға пайдаланылады. Сарапшылардың көпшілігі уран-238 «лас бомба» дайындауға қажетті негізгі құрамдас зат пайдаланылуы мүмкін деп қауіптенеді. Ондай бомба жарылыса үлкен аумақты радиоактивті материалдармен ластайды.

Террорлық топтардың радиоактивті затты қолға түсіріп, оны өз мақсатына пайдалану қаупі Вашингтонда наурыздың 31-і ашылған ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте қаралатын негізгі тақырыптардың бірі. Әлемнің әр түкпірінен келген ондаған басшылар мен делегация өкілдері терроршылар қолына қатерлі заттың түсуіне жол бермеу жайын талқылайды.

АҚШ президенті Барак Обама (ортада) Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хе (сол жақта) және Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен бірге ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит кезінде. Вашингтон, 31 наурыз 2016 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама (ортада) Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хе (сол жақта) және Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен бірге ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит кезінде. Вашингтон, 31 наурыз 2016 жыл.

Радиоактивті заттар атом электр станциясы мен әскери базаларда ғана емес, сонымен бірге қатерлі ісік ауруларын емдейтін мекемелердегі диагностикалық құралдарда, тау-кен жабдықтарында, тұрмыста қолданылатын түтін сезгіш индикаторларда, тіпті кейде маяктарда да қолданылады. Молдовадағыдай оқиғалар басқа елдерде де жиі кездесіп тұрады.

БҰҰ-ның ядролық сала бойынша тәуелсіз ұйымы – атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) деректері бойынша, 1993 жылдан 2014 жылға дейінгі аралықта әлем бойынша радиоактивті материалдарды жоғалту, ұрлау немесе заңсыз айналымға салуға қатысты 1150-ге жуық оқиға тіркелген. Калифорниядағы Джеймс Мартин атындағы ядролық қаруды таратпау мәселелерін зерттеу орталығы 2013-2014 жылдар аралығында 38 елдегі ядролық және радиоактивті заттардың ұрлануы, жоғалуы немесе оларды заңсыз ұстауға қатысты 325 оқиғаны тіркеген.

Азаттық әлгіндей радиоактивті заттардың қолды болуы немесе қараусыз қалуына байланысты оқиғалардың кейбіріне тоқталады.

ГРУЗИЯДАҒЫ ТЕРГЕУ

2012 жылы Грузия арнайы қызметі Батуми портында радиоактивті зат – цезийді сатып алуға ниет білдірген үш адамды тұтқындады. Цезий мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау кезінде де қолданылады. Цезий сатып алмақ болғандардың бірі уран сатып алуға да ниет білдірген деп хабарланды.

Тергеу барысында сатушының цезий-137 және стронций-90 заттарын сатпақ болғаны анықталған, бірақ олар «лас бомба» жасауға жеткілікті мөлшерде емес екен. Стронций-90 жердің жасанды серігіне қуат көзі ретінде пайдаланылады, ал совет заманында оны тым алыста орналасқандықтан тұрақты техникалық қызмет көрсету қиынға түсетін маяктар жұмысына да қолданған.

Шамамен сонымен бір мезгілде Грузия билігі сепаратистік Абхазия аймағынан бір келіге жуық уран қоспасын (негізінен уран-238 затынан тұратын) алып келе жатқан контрабандашыларды қолға түсірді. Дәл сол қалпында радиоактивті деңгейі шамалы болғанымен, қажетті техникалық құралдардың көмегімен оны байытып, жоғары деңгейдегі радиоактивті зат алуға болады.

Грузияда 2005 жылы радиоактивті заттардың заңсыз саудасына қатысы барларды ұстаумен айналысатын арнайы қызмет құрылғалы бері елде жүргізілген тергеулердің көптігі қылмыстың бұл түріне байланысты алаңдаушылыққа негіз болып отыр.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЦЕЗИЙ

Қазақстан полициясы 2013 жылы кен өндіру компаниясы инженерін және тағы үш адамды құрамында цезий-137 бар затты сатпақ болған деген күдікпен тұтқындады.

Оңтүстік Қазақстанда Тайқоңыр кенті маңындағы уран кеніші шахтасында сары түсті зат құйылған ыдысты тексеріп тұрған мамандар. 5 маусым 2010 жыл.
Оңтүстік Қазақстанда Тайқоңыр кенті маңындағы уран кеніші шахтасында сары түсті зат құйылған ыдысты тексеріп тұрған мамандар. 5 маусым 2010 жыл.

Деректер бойынша, инженер ол затты кен өндіру компаниясының байыту зауыты қоймасынан 1991 жылы ұрлап, жиырма жыл бойы сақтап келген, сосын әлгі үш сыбайласымен бірге 250 мың долларға сатпақшы болған.

Ұсталғандар кейін цезийдің соншама қауіпті зат екенін білмегендерін айтып, тергеушілерді сендіруге тырысқан.

Қазақстан уран кенін өндіру жөнінен әлемдегі ең ірі елдердің бірі, жақын болашақта бүкіл әлем бойынша атом электр станцияларын отынмен қамтамасыз ететін уран байыту зауыттарын салуды жоспарлап отыр.

Оқыңыз: «Жоғалған» радиоактивті затты жаппай іздеу

ГЕРМАНИЯДАҒЫ ШЫТЫРМАН ОҚИҒА

1994 жылы Германия билігі Мюнхен әуежайында Мәскеуден ұшып барған екі испан және бір колумбиялық азаматты ұстады. Олардан тексеру барысында 560 грамм реактор отыны аралас оксидін тапқан, бұл заттың үштен екісін атом бомбасын жасауға қажетті негізгі элемент – плутоний-239 құрайды.

Бұл материалдың Ресейде нақты кімнен алынғаны сол күйі анықталмады.

Бірақ кейін, Германия заң шығарушылары елдің негізгі қауіпсіздік мекемесі ядролық контрабандашыларды қолға түсіру үшін арнайы агенттің қатысуымен заңсыз сауданы қолдан ұйымдастырғанын ашқаннан кейін бұл оқиға Германияда үлкен саяси жанжалға ұласты.

МАС ТЕҢІЗШІНІҢ «ҚҰПИЯСЫ»

1993 жылы Ресей әскери-теңіз күштері офицері мен сүңгуір қайықтар базасы қызметкері Мурманскінің арктикалық портына жақын Севморпуть верфіндегі қойманың дуалын тесіп, жоғары байытылған ураны бар үш отын білігін ұрлап кетеді.

Мурманск облысындағы оқу-жаттығу кешенінде тұрған ресейлік «Карелия» атом сүңгуір қайығы. 14 наурыз 2013 жыл.
Мурманск облысындағы оқу-жаттығу кешенінде тұрған ресейлік «Карелия» атом сүңгуір қайығы. 14 наурыз 2013 жыл.

Олар сәті келгенде әлгі затты 50 мың долларға сату мақсатымен оны жеті ай бойы гаражда сақтайды. Кейін офицер ішімдікке масайып отырғанда басқа офицерлерге ұрлығы жайлы мақтанып айтып қояды, солайша екеуі биліктің қолына түседі.

Олардың ғимаратқа оңай кіруі Ресейде ядролық материалдар сақталатын нысандар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйенің осал екенін көрсетті.

ҚОҚЫСТА ЖАТҚАН ҚАУІПТІ ЗАТ

Бразилиядағы Гояния қаласының медициналық ғылыми-зерттеу зертханасы жаңа ғимаратқа көшкен кезде жабдықтардың бір бөлігі ескі ғимаратта қалып қояды. Солардың арасында сәуле терапиясымен емдеу ісінде қолданылатын медициналық қондырғылар да қалып кетеді. 1987 жылы қоқыс жинаушылар оның кейбір бөлшектерін металл қабылдайтын орынға ақшаға өткізбек болады. Бірақ әлгі бөлшектердің кейбірі қараңғыда жарық шашатынын байқайды. Оның құрамында цезий-137 бар екенін білмеген адамдар әлгі бөлшектерді сол ауданда тұратын басқа адамдарға көрсетеді.

Салдарынан төрт адам радиациялық уланудан дүние салып, мыңдаған адам зардап шегеді. Бразилия билігі радиоактивті заттан уланған топырақтың үстіңгі қабатының көп бөлігін қырып алып, басқа жерге көміп, бірнеше ғимаратты бұзуға мәжбүр болды.

МАГАТЭ баяндамасында Гояниядағы радиациялық ластануды «әлемде осыған дейін болған радиациялық оқиғалардың ішіндегі ең қатерлісі» деп атаған.

(Майк Экельдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG