Accessibility links

«Араб көктемінен» корольдер неге аман қалды?


Бахрейн королі Хамад бин Иса әл-Халифа (оң жақта) Сауд Арабиясының королі Абдулла бин Абдул Әзиз әл-Саудқа қылыш сыйлап тұр. Манама, 18 сәуір 2012 жыл

Бахрейн королі Хамад бин Иса әл-Халифа (оң жақта) Сауд Арабиясының королі Абдулла бин Абдул Әзиз әл-Саудқа қылыш сыйлап тұр. Манама, 18 сәуір 2012 жыл

Foreign Policy журналында жарияланған сараптама авторы араб корольдері байлық пен тәуелді БАҚ-тың арқасында ғана билікте әзер отыр деп түйеді.

FP («Форин Полиси») басылымында тамыздың 31-і күні жарияланған сараптама мақала корольдердің араб әлемінде болған толқу кезінде билік басында аман қалу себептеріне тоқталады. «Араб көктемінде» монархиялық емес билік басшыларының төртеуі де тағынан айырылып, (Бен Али, Мүбәрәк, Каддафи, Салех) бесіншісі елін азаматтық соғысқа ұшыратты. «Араб әлеміндегі монархтарға қатысты ерекше жағдай қалыптасқан ба?» деген сұрақ қояды мақала авторы. Соңғы екі жылда осы мәселе саясаткерлер арасында қызу талас туғызған. Осы тақырыпқа орай Journal of Politics журналында басылған Виктор Меналдоның монархиялық биліктің тиімділігі жайлы мақаласы автордың бұл проблеманы қайта саралауына түрткі болған.

«КОРОЛЬДЕР БІР-БІРІНЕ КӨМЕКТЕСІП ЖАТЫР»

Қазір монархиялық биліктің артықшылығы жайлы пікір елдің арасына кең тарап жүр. Бірақ, автор өзінің бұл пікірмен келіспейтінін айтады. Ол араб корольдерінің тағының шайқалмай қалуына олардың жеке дәулеті мен шетелдегі мүдделестері ықпал етті деп санайды. Сауд Арабиясы, Катар және БАӘ-нің қаржылық қуаты мен шетелдік одақтастарын тиімді пайдалану мүмкіндіктері мол. Экономикалық қуаты мен саяси ахуалы біршама жақсы Саудия мен мен Катар дәл қазір қаржылық қуаты әлсіздеу басқа араб корольдеріне қарасып жатыр. Олар үшін өз еліндегі король тағының ішкі сипатын сақтап қалғаннан көрі, басқа да корольдерді түгелдей тағында ұстап қалу әлдеқайда маңызды боп тұр деп тұжырымдайды ойын автор.

Басылым соңғы 20 жылда монархиялық биліктің саяси тиімділігі жайлы академиялық ортада үлкен талас-тартыс болғанын және соған орай арнайы талдау еңбектер жазылғаны жайлы мәліметтер де келтірген. Автор монархиялық биліктің тиімділігі жөнінде олардың кейбір ой-пікірімен санасатынын білдіре отырып, «Араб көктемінен» олардың аман қалу себебін басқа жақтан іздеуге тырысады. Ол араб монархиясының ел басқаруда саяси жағынан өте пайдалы болғанына зор күмәнмен қарайды.

«МІНСІЗ МОНАРХИЯ ЖАЙЛЫ МИФ»

Автор мақаласында «Араб монархтары заңды корольдіктерінің рақатын көріп отыр деген уәжден қанағат таппаймын. Әлбетте, кейбір корольдер өзінің жеке тұлғасы, жүргізген саясаты, елдің дамуына игі ықпал етуі арқылы танылды. Бірақ заңды монархия идеясын қатаң бақылаудағы БАҚ-пен, жеке басты ұлықтаумен және қатал полиция қызметімен бірге тұтас қарау қиын шаруа» дейді.

Foreign Policy «керемет» деп мақталып жатқан араб монархиясын күні кешеге дейін ұлықталып келіп, толқу басталғанда қирап қалған Башар әл-Асад пен Муаммар Каддафи режиміне теңейді. Мақала авторы осы ойына дәлел ретінде режимдерін қызғыштай қорып отырған араб корольдерінің билікті сынағандарға қарсы қолданған репрессиялық әрекеттері жайлы бірнеше мәлімет келтірген.

Соңғы екі жыл ішінде саяси көзқарасы басқаша топтардың бәрін биліктің күшімен жанши беру әрекеттері «заңды араб монархиясының» тиімділігіне нұқсан келтіріп жатыр. Басылым оған мысал ретінде Кувейттегі саяси шиленісті келтірген. Кувейт тарихындағы ең үлкен саяси қарсылықтың кесірінен билік парламентті таратып жіберді. Елдің тарихында тұңғыш рет корольдің отбасы қоғамдық дауға тікелей араласуға мәжбүр болды.

«АУЫЗБАСТЫРЫҚТЫҢ ҚҰНЫ 130 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР»

Тыныш жатқан Оман халқы да бұрын-соңды болмаған саяси өзгерістер талап ете бастады. Сауд Арабиясының шығыс аймақтарында да режимге қарсы табанды қарсылық көрсеткен топ бой көтерді. Саудия билігі оларды күшпен басып, бұқара халықты тыншыту үшін 130 миллиард доллар жәрдемақы таратуға мәжбүр болды. Бахрейн билігі де қарсы топтарды аяусыз жазалаудың арқасында ғана тағында тұрақтап қалды. Марокко монархы әу бастан саяси өзгерістер жасаймыз деген уәдемен аман отыр. Йордания монархы қарсылығы күшейіп бара жатқан бұқараны тоқтатудың тиімді жолын таппай қиналып жатыр.

Осындай деректер келтіре отырып, Foreign Policy «Араб монархтарының мүмкіндіктері мен қаржылық қуаттары олардың корольдік құрып отырмаған әріптестерімен салыстырып қарағанда әр түрлі болуы мүмкін. Бірақ олардың ұшырасып отырған проблемалары бірдей» деп жазады. Мақала авторы тағы басқа толып жатқан әр түрлі мәліметтерді сараптай келе: «Мен үшін араб монархиясы мен араб автократиялық режимі бірдей нәрсе. Корольдер әзірше байлығымен және өте қуатты тәуелді БАҚ арқылы өздерінің заңды билігі жайлы мифтер таратып, уақытша ғана аман отыр» деп пайымдайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG