Accessibility links

Әлемде жұмыссыз жастар көбейе бастады


Біздің жастар не істеп жүр? Жүктеген адам: Сәрсен. Азаттық архивінен
Біздің жастар не істеп жүр? Жүктеген адам: Сәрсен. Азаттық архивінен

Жұмыссыздықтың ақыры әлеуметтік толқуларға ұласпас үшін шетел үкіметтері жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларын әзірлеп жатыр.

23 жастағы Душанбе тұрғыны Акмаль Дилдорбек университетті осыдан екі жыл бұрын тәмамдапты. Ол диплом алып, бірақ жұмыс таба алмаған елдегі көптеген жастардың бірі.

Жұмыс іздеп табанынан таусылған Дилдорбек енді жалғыз бір ғана амал қалғанын айтады. Бұл – жақындарын тастап, Ресейге барып, еңбекақысы төмен жұмыстарға жалданатын Орталық Азиядан ағылған мигранттар қатарына қосылу.

«Қазір жұмыссыз үйде отырмын. Мамандығым - программист. Бұған дейін программист керек жерлердің бәріне резюмемді беріп қойғанмын. Банк, компания және жекелеген фирмалардың бәріне. Әлі де жұмыс іздестіріп жатырмын. Егер түк табылмаса, Мәскеуге кетуіме тура келеді, басқа не істеймін» дейді Акмал Дилдорбек.

Дилдорбек – әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан экономикасы баяулап, соның әсерінен туындаған жұмыссыздықтың зардабын тартқан, болашаққа артқан үміті жоғалған көп адамның бірі.

«ЖАСТАРДЫҢ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛУЫ ОҢАЙ»

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша, қазіргі кезде әлем бойынша 15-24 жас аралығындағы 75 миллионнан астам жастың жұмысы жоқ. Бұл - 2007 жылы әлемдік қаржы дағдарысы басталған кездегі көрсеткіштен төрт миллионға артық. Ал олардың алты миллионнан астамы жұмыс табудан мүлдем үмітін үзген.
АҚШ жастарының Occupy Wall Street қарсылық акциясы. Мамыр 2012 жыл.
АҚШ жастарының Occupy Wall Street қарсылық акциясы. Мамыр 2012 жыл.

Жастар арасындағы жұмыссыздық жалпы еңбек нарығының әлсіздігін көрсетеді. Алайда халықаралық еңбек ұйымының Бангоктағы бөлімінің маманы Матье Когнактың айтуынша, ересектерге қарағанда жастардың жұмыссыз қалуы үш есе оңайырақ.

- Өзгелерден бұрын бірінші жастар дискриминацияға ұшырайды. Экономика қалыпты болып тұрған кезде әдетте, жастар соңынан жұмысқа қабылданса, дағдарыс кезінде бірінші боп қысқартуға ілінеді, - дейді ол.

Еуропа Одағы аумағында жұмыс іздеген 25 жастағы әрбір бесінші жас жұмыс таба алмайды. Сондықтан олардың көбісі жартылай еңбек күнге жалданады немесе көлеңкелі бизнеске тартылады.

Жұмыссыздық әсіресе, Испания мен Грецияда өршіп тұр. Мұнда орта мектеп пен колледж түлектері жұмыс таба алмай жүр.

Жастар көп шоғырланған Азия-Тынық мұхиты аумағындағы елдердің еңбек нарығының жағдайы да бұлыңғыр. Тайвань мен Филиппинде әрбір алтыншы жас жұмыссыз, Индонезияда - әрбір бесінші жас.

Әлемнің ең кедей аймағы саналатын Таяу Шығыс пен солтүстік Африкада шамамен төрт жастың бірінде жұмыс жоқ.

Халықаралық еңбек ұйымының маманы Матье Когнактың айтуынша, жұмыссыздық кедей дамушы елдер үшін де негізгі проблема.

- Еуропада жаңа жұмыс орындарын ашуға мән беріліп отыр, онда жұмыс орындары аз. Азиядағы дамушы елдерде де бұл негізгі проблема, бірақ мұнда әлеуметтік кепілдік пен әлеуметтік қорғау жүйесі жетілмегендіктен басты назар жұмыс орындарының сапасына аударылады. Жастарда еңбекақысы төмен жұмысқа орналасудан басқа амал жоқ, - дейді ол.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ САЛДАРЫ

Жыл сайын әлемдік еңбек нарығына шамамен 40 миллион жаңа күш қосылады. Еңбек нарығы мамандары мен компания жетекшілерінің ойынша, бүкіл әлем баяу іске қосылатын экономикалық және әлеуметтік "бомба" үстінде отырғандай күй кешіп тұр.

Мысалы, жастар күшінің дұрыс қолданылмауы тұрғындары қартайып бара жатқан елдер үшін шешуші рөл атқарады. Жастардың жұмысқа аз қабылдануы - түсетін салық көлемінің де аздығын көрсетеді.

Бұдан бөлек, ұзақ уақыт жұмыссыз болған азаматтардың жұмыс табу мүмкіндігі барған сайын азая түседі, олардың еңбек жолындағы жалақылары да төмен болады.

Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (Organisation for Economic Co-operation and Development) ұзақ уақыт жұмыссыз қалу ұғымын «кедейлікке ұшырау қаупі, денсаулық пен балалардың оқу үлгерімінің нашарлауы» сияқты ұғымдармен байланыстырады.
Наразы жұрт үкіметтің биліктен кетуін талап етіп тұр. Иордания, 30 қараша 2012 жыл.
Наразы жұрт үкіметтің биліктен кетуін талап етіп тұр. Иордания, 30 қараша 2012 жыл.

Жастар арасындағы жұмыссыздық, болашақтан күдер үзу әлеуметтік толқуларға себеп болуы ықтимал. Өткен жылы Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерін шалып өткен «араб көктеміндегі» толқуларға да осы жағдай себеп болған еді. Таяуда ғана Еуропаның оңтүстік бөлігінде де наразылық шаралары болып өтті.

Халықаралық еңбек ұйымының маманы Матье Когнактың ойынша, қазіргі кезде саясаткерлер қоғамды тұрақсыздандыратын осындай мәселелерді шешуге күш салып отыр.

- Жастарды жұмыспен қамту мәселесі қазіргідей күн тәртібіне бірінші қойылып көрген емес. Көптеген елдерде жастарды жұмыспен қамту бағдарламалары пайда болып жатыр, - дейді Когнак.

Мысалы, Франция үкіметінің үш миллиард долларға есептелген әлеуметтік бағдарламасында алдағы екі жылда 150 мың жаңа орын ашу көзделген.

Халықаралық еңбек ұйымы мен Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы әлем үкіметтерін еңбек саясатын жақсартып, жастарға көңіл бөлуге шақырды.

(Мақала Азаттық тілшілері Энтони Блуа мен Фарангиз Наджибулланың материалдары негізінде дайындалды).
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG