Accessibility links

БСҰ Вашингтонның мақұлдауынсыз Ресейді маңына да жолатпайды


Ресей Бүкіләлемдік сауда ұйымына енуден дәмелі.


БСҰ ҰЙЫМЫНА МҮШЕЛІККЕ ӨТУ ЖОЛЫНДАҒЫ БӨГЕТ


Ресей БСҰ-ға ену үшін аса зор дүниежүзілік нарық қақпасын одан сайын кеңірек ашады. Алайда, кеден одағын құра отырып, Беларуспен бірге БСҰ мүшелігіне өтуге ұмтылу мұндай мүшелікке өтуді кейінге қалдырады. Себебі, Беларустің экономикасында әлі қажетті реформалар жүргізілмеген. БСҰ ұйымына мүшелікке өткен Украинаның сыртқы істер министрі Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында құрылған кеден одағына өз елінің енуінің мүмкін еместігін мәлімдеді. «Эйжа Таймс онлайн» басылымының жазуына қарағанда, Ресей 2009 жылдың маусым айында өзінің БСҰ ұйымына Қазақстан және Беларуспен тізе біріктіре енуге ұмтылатынын жарияласа да, кейінірек Ресей премьер – министрінің орынбасары Игорь Шувалов өз елінің дербес түрде БСҰ мүшелігіне өтуге күш салатынын мәлімдеген болатын. Дегенмен, Кремль Мәскеу ұстанымы кеден одағына кіретін елдер басшыларының шілде айының 5 жұлдызында өтетін жоғары деңгейдегі кездесуінен кейін ғана белгілі болады деп одан кейін тағы бір мәлімдеме жасады. Сонымен қатар, Батыстағы кей бұқаралық ақпарат құралдары Ресей премьер – министрі Владимир Путиннің аталған елдердің БСҰ-ға енуіне қарсы болып отырғандығына назар аударып жатыр, деп түсіндіреді аталған басылым.

Ресейдің БСҰ-ға мүшелікке өтуіне техникалық кедергі қолбайлау болып отыр. Мәселе былай. БСҰ ережелері осы ұйымға енуші елдің өз аумағында ауыл шаруашылығы саласына белгілі бір мөлшерден артық субсидия бөлуіне тыйым салады. Субсидия мөлшері әрқандай бір елдің БСҰ мүшелігіне өтуден бұрын өз аумағында соңғы үш жыл ішінде төлеп келген субсидиясының орта деңгейінен аспауы керек.

Ресейдегі ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарабынан көрсетіліп келген көмек өте төмен деңгейде болды. Мұның төмен деңгейде болғаны сонша – ғаламдық экономикалық дағдарыс басталғанға дейін аталған сала өлдім-талдым күй кешіп, банкрот алдында тұрған еді.

Қазір бөлініп отырған субсидияның тоқтатылуы ресейлік фермерлердің жаппай қаржылық тоқырауына алып келмекші. Ресейдің ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті ұлғайтуға қатысты айрықша құқығы бар болуы керек деп жүрген Мәскеу уәжінің бір көңіл аударар тұсы бар. Мәселен, жоспарланған субсидия көлемін өсіру шарасын қолданғаннан кейін де Ресейдегі субсидия көлемі Еуропа одағы елдеріндегі субсидия деңгейінен әлдеқайда төмен боп қала бермек. Ал Батыс болса, өз айтқанынан қайтпай отыр.

БАТЫСТЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ

Батыс елдері айрықша құқық берген күннің өзінде БСҰ-ның басты ережесін бұзу прецедент болып табылады деп есептейді. Бұл тиісінше азық-түлік тауарларының халықаралық саудасын ырықтандыру жөніндегі АҚШ тарабынан қолдау тауып келген әрі осы мезетке дейін қол жеткізілген барша нәтижені жойып жіберер еді.

Егер мұндай шара қолданылса, БСҰ ұйымын реформалау жөніндегі көптарапты үздіксіз жүргізіліп келе жатқан Доха келісімінің жетістіктері құрдымға кетпекші. Соңғы ондаған жылдар келіссөзде мемлекеттердің ауыл шаруашылығы саласын реттеу жөніндегі белсенділігінің деңгейін төмендетуге басты назар аударылған болатын. БСҰ ұйымы әлем елдері бұл белсенділіктің «нарықтың қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін» саясат деп бағалайды, деп жазады онлайн-басылым.

Мәскеудің бұл тығырыққа жауабы «кедендік одақ айла - шарғысы» болды. Теориялық тұрғыдан алғанда, Қазақстан және Беларусьпен тізе біріктіре отырып, Ресей аталған БСҰ мүшелігіне өтуге кедергі боп отырған бөгетті айналып өте алады. Себебі, ол кеден одағы бойынша аталған серіктестерінің субсидиясы деңгейін өзінің көрсеткіші ретінде алға тарта алар еді. Соңғы жылдар ішінде Беларусьтегі субсидия мөлшері Ресейдегіден екі еседей көп болып келді. Алайда, мұндай «көркем шешімнің» іс жүзіне асуының жолында көлденең жатқан өткел бермес бөгеттер өте көп. БСҰ мүшелігіне бірнеше елдің бір блок түрінде енуі деген – тарихта болмаған нәрсе, демек, мұндай идеяны іс жүзіне асыру жолында сансыз дерлік бюрократиялық бөгет бірінен кейін бірі пайда болып, толассыз туындайды да отырады.

Мұнан да маңыздысы, аталған жобаны іс жүзіне асыру кедендік одақтың өз ішінде үлкен бөгеттерге ұрынар еді. БСҰ талаптарымен Беларусьтің экономикасын сәйкеcтендіру өте күрделі мәселелер тудырмақ, әрі бұл аталған процестің алға жылжуын одан әрмен бөгейді. Себебі, Беларусьтің экономикасы әлі күнге дейін негізінен советтік типтегі экономика болып қалып отыр, деп атап көрсетеді «Эйжа Таймс онлайн».

Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс Ресей үшін БСҰ мүшелігіне өту мәселесін одан әрмен өткір етті. Кремль бөлген Ресейдің экономикасын жандандыру жөніндегі қаржылық қолдау пакеттері, соның ішінде аутомобиль жасайтын алып кәсіпорын «АвтоВаз» үшін бөлінген 2 миллиард долларлық пакет, оң нәтиже бермеді. Мұның басты себебі Ресейдің экономикасының ішкі инновация мен алдыңғы қатарлы технология саласындағы жұтаңдығы болып отыр, деп жазады аталған басылым.

Банкрот кәсіпорындар мен жұмыссыздар санының мұнан әрмен өсуі Ресей басшылығы үшін айтарлықтай саяси және экономикалық қауіп туғызады.

МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІ АҚ ҮЙДІҢ АУАНЫНДА БОЛЫП ОТЫР

Іс жүзінде АҚШ ауыл шаруашылығына субсидия бөлу саласының түбірлі түрде реформалануын жақтаушы бірден бір ел болып қалып отыр. Осыдан бірер күн ғана бұрын жарияланған өз мәлімдемесінде Вашингтон Мәскеудің БСҰ мүшелігіне өтуге қатысты берік ұстанымына тағы да қолдау білдірді. Алайда, Ақ үй егер Ресей БСҰ мүшелігіне өтпек ниеті болса, аталған ұйымның барлық талабы мен ережесін орындауы тиіс дегенді тілге тиек ете кетуді де ұмытпады.

Соңғы айлар ішінде Ресей Вашингтонмен арадағы қарым-қатынасын алға жылжыта түсу үшін тұрақты түрде жанталаса белсенділік танытып келеді. Ақ үй Ауғаныстанға Ресейдің әуе кеңістігі арқылы әскери жүкті тасымалдау мүмкіндігіне ие болды. Кремль Таяу Шығыстағы Ресейдің ең сенімді одақтасы Иранға қарсы бағытталған халықаралық қосымша санкциялар қолдану жөніндегі американ бастамасын қолдауға өзінің де қосылатыны туралы ишара жасап отыр. Мәскеу, АҚШ пен Ресей арасындағы қазіргі қарым-қатынастар жылынуы тереңірек деңгейдегі серіктес бағытында бұдан да әрмен дами түсе алады деген мағынадағы меңзеуді әлсін – әлсін беруден дамыл табар емес.

Мәскеу ендігі сөз Вашингтонда деп, Кремль ұсынып отырған Ресейдің БСҰ мүшелігіне өтуі жөніндегі екі жоспардың бірін АҚШ – тың қабылдауы үшін американ президенті Барак Обамаға ықпал етуге тырысып отыр. Егер Вашингтон мұндай жоспарды қабыл алмаса, онда алдағы екі жыл ішінде Ресейдің БСҰ мүшелігіне өтуіне еш мүмкіндік болмайды. Енді Барак Обама қандай шешім қабылдар екен, деген сауалмен «Эйжа Таймс онлайн» өзінің мақаласын аяқтапты.

Кедендік одақты дамыту мен ары қарай кеңейту Кремльдің басымдық беріп отырған мұраты екені белгілі. Дегенмен, Украинаның бұған қосылуы неғайбыл болып отыр. «Синьхуа» агентігінің хабарлауына қарағанда, Қазақстан, Ресей мен Беларусь тізе біріктіре құрған кедендік одаққа Украинаның қосылуы екіталай, деп мәлімдепті Украина сыртқы істер министрі Константин Грищенко өткен жұма, мамырдың 14 жұлдызында. «Біз – БСҰ мүшесіміз, демек, Украинаның кедендік одаққа енуі біздің БСҰ мүшесі ретіндегі міндеткерліктерімізді бұзу болып табылар еді», деп мәлімдеген Константин Грищенко өзінің «Koммерсант-Украина» газетіне берген сұхбатында. Киев Еуропа одағымен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келісім - шартқа қол қоюға ұмтылып отыр, ал бұл Ресей мемлекеті көсемі боп отырған кеден одағына енуге тікелей қайшы нәрсе, деп атап көрсетеді «Синьхуа».
XS
SM
MD
LG