Accessibility links

«Бұрғылау» басшылығы ереуілшілер талабын орындауға келісті


"Бұрғылау" кәсіпорны жұмысшылар талаптарын орындауды талап етіп отыр. Жаңаөзен, 4 қазан 2016 жыл.

"Бұрғылау" кәсіпорны жұмысшылар талаптарын орындауды талап етіп отыр. Жаңаөзен, 4 қазан 2016 жыл.

Жаңаөзендегі «Бұрғылау» жұмысшылары өз талаптарын орындауға жұмыс беруші мен билік өкілдері уәде берген соң ереуілді тоқтатты.

Жаңаөзенде жұмыс берушіге жалақыны көтеру, еңбек жағдайын жақсарту және кәсіподаққа қысымды тоқтату туралы талап қойып, бір апта бойы ереуіл өткізген «Бұрғылау» кәсіпорны жұмысшылары наразылығын тоқтатып, бүгіннен бастап жұмысқа шықты. Кәсіпорын басшылығы Азаттыққа жұмыстың штаттық режимде жалғасып жатқанын айтты.

Қазанның 5-і түс ауа басталып кешкі сағат онға дейін жалғасқан жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы келіссөзге Маңғыстау облысы әкімі, ішкі істер департаменті мен прокуратура өкілдері де қатысты. Келіссөздер нәтижесінде ереуілшілердің талаптарын орындау туралы уағдаластық хаттамаға түсіріліп, оған жауапты тараптардың қолы мен мөрі қойылды. Жұмыс беруші және жергілікті билік органдары өкілдерімен бірге сәрсенбіде қас қарая наразылар тұрған жерге келген кәсіподақ жетекшісі Сәдуақас Бекқалиев талаптары орындалатыны туралы хабарлады.

Бұрғылау жұмысшылары жұмыс берушіге талаптарын айтып тұр. Жаңаөзен, 2 қазан 2016 жыл.

Бұрғылау жұмысшылары жұмыс берушіге талаптарын айтып тұр. Жаңаөзен, 2 қазан 2016 жыл.

– Талабымыз орындалды. Бізге түсіністікпен қараған жұмыс берушіге, облыс билігіне ризашылығымызды білдіреміз. Ертеңнен бастап жұмысқа шығайық, жігіттер, - деді ол.

Бір-бірін «жеңісімен» құттықтаған жұмысшылар бұдан соң үйді-үйлеріне тарқады.

Жұмысшылардың кейбірі өз талаптарының шешілуіне Маңғыстау өңіріне келесі аптаның басына жоспарланып отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарымен байланыстырады.

– Талабымыз президенттің арқасында шешілген болар деп санаймыз. Өзі тікелей араласпаса да елбасы келгенде біздің ереуілдеп тұрғанымыз кімге болса да жақсылық әкелмес, - деді жұмысшылардың бірі Азаттыққа.

ЕҢБЕКАҚЫ ТӨЛЕУДІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ

Сәрсенбіде кәсіпорын кеңсесінде Маңғыстау облыс әкімі Алик Айдарбаев, облыстық ішкі істер департаменті бастығы Қайрат Дәлбеков, облыс прокуроры орынбасары Ержан Бердібеков пен еңбек басқармасы өкілдерінің қатысуымен өткен келіссөздер барысында жұмыс беруші жұмысшылардың еңбекақы төлеміне қатысты талабын орындауға келіскен. Жұмысшылар жалақыны мұнай-газ секторларына төленіп жатқан бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкестендіруді жұмыс берушіден талап еткен болатын.

– Біз сұрап отырған еңбекақы төлеу жүйесі «Бұрғылау бірыңғай ақы төлеу жүйесі» (БЕСОТ) деген атпен жасалады. Оған көшкенде біздің жұмыс сағатымыз «Өзенмұнайгаздағыдай» 2,5 мың теңгеден төленетін болады, - дейді жұмысшылар белсендісі Бекарыс Төлесинов.

Бұрғылау жұмысшысы Бекарыс Төлесинов жұмысшылар талабын айтып тұр. Жаңаөзен, 2 казан 2016 жыл.

Бұрғылау жұмысшысы Бекарыс Төлесинов жұмысшылар талабын айтып тұр. Жаңаөзен, 2 казан 2016 жыл.

«Бұрғылау» кәсіподағы төрағасы Сәдуақас Бекқалиевтің Азаттыққа айтуынша, берілмеген еңбекақы мен төленбей қалған артық жұмыс сағаттары жұмыс тәртібімен төленбек.

– «Бұрғылау бірыңғай еңбекақы жүйесіне» қарашадан бастап көшетін болдық. Ал сыйақымызды есептеуге жедел кірісетін болды, - деді ол.

Облысы әкімі Алик Айдарбаевтың айтуынша, «Өзенмұнайгаз» бен «Бұрғылау» кәсіпорындар арасында жаңа келісім жасалып, тағы 34 ұңғыма бұрғылауға берілмекші.

– Бұл - 6 миллиард теңге. Жыл соңына дейін жетеді. Ал жұмысшылар сұрап отырған бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне өткізу – «Қазмұнайгаздың» ішкі мәселесі. Жұмыс көлеміне қоса тариф те көтеріледі. Оны есептеуге екі апта уақыт керек. Осыдан соң «Бұрғылау» өз еңбекақы жүйесін қайта есептейді, - деді Айдарбаев.

КӘСІПОДАҚ ЖАЙЛЫ ТАЛАП

Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаев жұмысшылар сайлаған кәсіподақ төрағасы Сәдуақас Бекқалиевке қатысты шартты түрдегі сот жазасы мен оның қозғалысын шектеу жұмыс беруішімен бейбіт келісім негізінде реттеледі деп мәлімдеді. Қыркүйек айында Сәдуақас Бекқалиев «жұмыс орнында ұрлық жасаған» деген айыппен бір жарым жылға шартты мерзімге сотталған. Оған кешкі сағат 8-ден кейін үйінен шығуға, Жаңаөзен қаласы аумағынан кетуге және көпшілік жиындарға қатысуға тыйым салынған. Бекқалиев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Бұған дейін ол «рұқсат етілмеген жиын ұйымдастырғаны үшін» әкімшілік жазаға тартылған.

– Жұмысшылар кәсіподақ төрағасын барлық процедураларды сақтамай сайлағанын өздері де түсінеді. Бірақ маған маңыздысы: олар кімді көргісі келеді, Бекқалиевті ме? Онда болсын сол төраға, - деді Айдарбаев.

Сәдуақас Бекқалиев «Бұрғылау» жұмысшылары алдында сөйлеп тұр. Жаңаөзен, 29 шілде 2016 жыл.

Сәдуақас Бекқалиев «Бұрғылау» жұмысшылары алдында сөйлеп тұр. Жаңаөзен, 29 шілде 2016 жыл.

Сәдуақас Бекқалиев Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына өзіне қойылған шектеу туралы арыз түсіргенін айтты.

– Маған қатысты пробациялық бақылау облыс аймағында алынып тасталды. Шартты түрде тағайындалған сот жазасына байланысты кассациялық сот алқасында арызым қаралған соң жұмыс берушімен бейбіт келісімінің нәтижесінде ол мәселе де шешілетін болды, - деді ол.

Оның айтуынша, ауызша жасалған уағдаластыққа сәйкес, қазанның 6-сынан бастап бұған дейін жауып тасталған кәсіподақ шоты мен жұмыс кабинеті қайта ашылады.

Сәдуақас Бекқалиев өзін кәсіподақ төрағасы етіп сайлау процедурасы заңға сай өтпеді деп наразылық танытқан бұрынғы кәсіподақ ұйымының бес мүшесімен ынтымақтасып жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

Қазанның 5-і күні денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова үкіметтің Жаңаөзендегі «Бұрғылау» кәсіпорнының жұмысшылары мен басшылығына еңбек дауын қосымша салалық келісім жасау арқылы шешу туралы ұсыныс жасағаны туралы хабарлаған.

Қыркүйектің 30-ы күні «Бұрғылау» кәсіпорнының жүздеген жұмысшысы жалақыны жалақыны мұнай-газ секторларына төленіп жатқан бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкестендіру, 2014-2016 жылдардағы бонустарды төлеу, биылғы берілмеген еңбек демалысы мен артық жұмыс сағатын төлеу, өздері сайлаған кәсіподаққа қысымды тоқтату туралы талаппен жұмысты тоқтатып, ереуіл бастайтындарын мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG