Accessibility links

Украинадан 40 кісінің сүйегі Голландияға жеткізілді


Әскерилер Украинадан жеткізілген ұшақ апаты құрбандарының сүйектері салынған табытты көліктен түсіріп жатыр. Эйндховен, Нидерлад, 23 шілде 2014 жыл.
Әскерилер Украинадан жеткізілген ұшақ апаты құрбандарының сүйектері салынған табытты көліктен түсіріп жатыр. Эйндховен, Нидерлад, 23 шілде 2014 жыл.

Украинаның шығысында малайзиялық жолаушылар ұшағында құлап опат болған адамдардың сүйектері салынған 40 табыт сәрсенбі күні Голландияның Эйндховен қаласына екі әскери ұшақпен жеткізілді.

Қаралы жүкті әуежайда қарсы алғандар арасында Нидерланд королі Виллем Александр мен жұбайы Максима, Голландия премьер-министрі Марк Рютте болды. Ұшақ апатында 193 азаматы қаза тапқан Голландияда 23 шілде аза тұту күні болып жарияланған.

Құрбан болғандардың денелерін ұшақпен Голландияға аттандырар алдында Харьков әуежайында өткен азалы шарада Украина вице-премьері, ұшақ апатын зерттеу жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Владимир Гройсман апатты «адамгершілікке жатпайтын теракт» деп атады.

17 шілде күні Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшып шыққан Boeing 777 жолаушылар ұшағы Украинаның Донецк облысында құлап, ұшақта отырған 298 адам түгел опат болды. Украина мен Батыстың бірқатар елдерінде ұшақты жерден ресейшіл сепаратистер әскери зымыранмен атып түсірген болуы мүмкін деген болжам айтады. Мәскеу бұл оқиғаға Киевті кінәлап отыр.

Ұшақтың жазба жүргізетін екі құрылғысы («қара жәшіктер») сәрсенбі күні Ұлыбританияға жеткізілді. Ондағы деректерді Фарнборо қаласындағы арнайы орталықта мамандар анықтайды.

XS
SM
MD
LG