Accessibility links

Астанада Нидерланд елшілігіне көңіл айтты


Нидерланд елшілігіне көңіл айтуға келген азаматтық белсенділер. Астана, 24 шілде 2014 жыл.
Нидерланд елшілігіне көңіл айтуға келген азаматтық белсенділер. Астана, 24 шілде 2014 жыл.

Бүгін Астанада «Антигептил» қозғалысы мен «Желтоқсан» ұйымы белсенділері және өзге азаматтар – барлығы оннан аса адам Нидерланд елшілігіне келіп, Украинадағы жолаушылар ұшағы апатында қаза болғандарға байланысты көңіл айтты деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Оларға елшілік қызметкері елшінің орнында жоқ екенін, бірақ әкелген гүл шоғын елшілік ішіндегі арнайы бұрышқа қалдыруларына болатынын жеткізді. Астаналық белсенділер малайзиялық ұшақ апатында 193 азаматы опат болған Голландия халқына көңіл айтып, арнайы кітапқа қазақ және орыс тілдерінде жазба қалдырды. «Бұл апатқа қатысты болжамдар расқа шығып, ұшақтың атып түсірілгені дәлелденсе, кінәлілер халықаралық сотқа тартылуы тиіс» деді олар.

Бірнеше күннен бері Астана мен Алматыдағы Нидерланд елінің дипломатиялық өкілдіктеріне қазақстандықтар ұшақ апатына байланысты көңіл айтып келіп жатыр.

17 шілде күні Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшып шыққан Boeing 777 жолаушылар ұшағы Украинаның Донецк облысында құлап, ұшақта отырған 298 адам түгел опат болды. Украина мен Батыстың бірқатар елдерінде ұшақты жерден ресейшіл сепаратистер әскери зымыранмен атып түсірген болуы мүмкін деген болжам айтады. Мәскеу бұл оқиғаға Киевті кінәлап отыр.

Украинадағы апатта қаза тапқан 40 адамның денелері сәрсенбі күні Голландияның Эйндховен қаласына екі әскери ұшақпен жеткізілген. Бүгін Нидерландқа Украинадан 74 адамның сүйектері жеткізілмек.

XS
SM
MD
LG