Accessibility links

AI: Украин әскері мен сепаратистер азаптауды қолданады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Украинаның шығысындағы қақтығысушы ресейшіл сепаратистер де, украин әскері де азаптауды қолданады деп мәлімдеді халықаралық Amnesty International ұйымы 11 шілдеде таратқан "Украинаның шығысындағы адам ұрлау мен азаптау" деп аталатын есебінде.

Құқық қорғаушылардың дерегінше, екі жақ та "адамдарды ұрлап, соққыға жығу әдісін қолданады". Бірақ жәбір көрген адамдардың нақты саны туралы толық және бұлтартпас дерек жоқ.

Ұйым сепаратистер мен украин әскерилері тұтқынға алған 100 бейбіт тұрғынның тізімін жасаған. Ал БҰҰ соңғы үш айда Украина территориясында адамдардың үрлаудың 22 оқиғасы тіркелгенін хабарлайды. Украинаның ішкі істер министрлігі 500 адам ұрлау фактісі барын айтады.

Amnesty International-дың Еуропа және Орталық Азия бойынша директорының орынбасары Денис Кривошеевтің айтуынша, жоғалғандардың көпшілігін қарулы сепаратистер ұрлаған.

Ұйымның есебінде Украинаның шығысында белсенділердің, наразылық акциясына қатысушылар мен журналистердің аяусыз азапталып, жәбірленгенін дәлелдейтін құжаттар келтірілген. Адамдар көбінесе саяси себептермен ұрланады. Бірақ қарулы топтардың жергілікті тұрғындарды қорқыту немесе құн төлету мақсатында да адамдарды ұрлап, азаптағанын айғақтайтын деректер де бар.

Amnesty International қақтығысушы жақтарды адамдарды ұрлап, азаптауды тоқтатуға, ал Украина үкіметін мұндай оқиғаларды тіркейтін біртұтас орталық құруға және оның әрқайсысын мұқият тексеруге шақырады.

XS
SM
MD
LG