Accessibility links

Тәжаяқов Царнаевтың "қауіпті дағдысы" туралы айтты


Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқов федеральдық сотта тұр. Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.
Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқов федеральдық сотта тұр. Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.

АҚШ-та Бостон марафонындағы жарылысқа қатысты ісі қаралып жатқан қазақстандық бұрынғы студент Азамат Тәжаяқов тергеушілерге жарылыс жасады деп айыпталған Джохар Царнаевтың "қауіпті әдеттері" туралы айтты.

Бұл туралы 11 шілдеде Boston Globe басылымы хабарлады.

Азамат Тәжаяқов Федералдық тергеу бюросының (FBI) агенттеріне Царнаев өзінің "қатерлі бейімділігі барын" байқатқанын айтқан. Құқық қорғау орындарының дерегінше, Царнаев Тәжаяқовқа "бомба жасай алатынын, газбен атылатын қаруды қолдана алатынын және ағасы Тамерлан Царнаевпен бірге адамдарды атуды жақсы көретінін" айтқан.

Басылымның хабарлауынша, АҚШ құқық қорғау органдары Тәжаяқов 2013 жылдың 19 сәуірінде жазысқан хаттарында FBI-дың Джохар Царнаевты теракті жасады деп күдіктеніп отырғанына таңданыс білдіргенін анықтаған. Бірақ Тяжаяқовтың кіммен хат алмасқаны айтылмайды. "Тәжаяқов хаттарында Джохарға ағасы Тамерлан ықпал етті деп санайтынын білдірген" деп жазады басылым.

Азамат Тәжаяқовқа байланысты сот процесі – 2013 жылы сәуірдің 15-інде Бостон марафоны кезінде болған, үш адамды мерт етіп, 260-тай адамды жаралаған жарылысқа қатысты істердің бірі. Терактіні ұйымдастырды деген басты күдік Қырғызстанда туып, АҚШ-та өскен Джохар Царнаевқа таңылған.

Диас Қадырбаевтың соты қыркүйекте басталады. Егер кінәлі деп танылса, Қадырбаев пен Тәжаяқов 25 жылға дейін сотталуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG