Accessibility links

Меркель Грекияның қарызын кешуге негіз жоғын айтты


Германия канцлері Ангела Меркель.
Германия канцлері Ангела Меркель.

Германия канцлері Ангела Меркель Грекияның қарызын тағы да кешуге мүмкіндік жоқ деп мәлімдеді. Hamburger Abendblatt газетіне берген сұхбатында канцлер бұған дейін жеке инвесторлардың кредиттерінің бір бөлігінен өз еріктерімен бас тартқанын, банктер Грекияның миллиардтаған қарызын кешіргенін еске салған.

Сонымен бірге Меркель егер Грекия үкіметі реформаларды жалғастыратын болса ол елге қаржылай жәрдем берілетінін айтқан. Грекия және дағдарыстан қатты зардап шеккен өзге мемлекеттер реформаларды жалғастырса, Берлин олармен алдағы уақытта да ынтымақтастықта жұмыс істейтін болады, бірақ әуелі грек үкіметінің іс-қимыл концепциясымен танысуымыз керек дейді канцлер.

Меркельдің сөзіне Германия қаржы министрі Вольфганг Шойбле де қосылған. Welt газетіне берген сұхбатында ол қазіргі уақытта «қарызды кешу туралы сөз қозғамағанды» жөн көретінін айтқан.

Грекияда қаңтардың 25-і күні өткен кезектен тыс сайлауда солшыл СИРИЗА партиясы парламенттегі көпшілік орынға ие болған еді. Партия жетекшісі Алексис Ципрас бұған дейін Грекияның 318 миллиард еуроны құрайтын сыртқы қарызына қатысты келіссөздерді қайта бастауға және халықаралық несие берушілердің талабына сай енгізілген қатаң экономикалық саясаттан бас тартуға ниетті екенін бірнеше рет мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG