Accessibility links

Савченконың адвокаттары сот орнын ауыстыруды сұрады


Украиналық ұшқыш Надежда Савченко Мәскеу сотында. 3 наурыз 2015 жыл.
Украиналық ұшқыш Надежда Савченко Мәскеу сотында. 3 наурыз 2015 жыл.

Ресейдің Ростов облысының Донецк қалалық соты украиналық ұшқыш Надежда Савченко адвокатының Савченкоға қатысты алда сот өтетін орынды анықтау үшін сот материалдарын облыстық сот қарауына жіберу туралы өтінішін қанағаттандырды. Бұл жайлы Twitter-де Савченконың адвокаттары Николай Полозов пен Марк Фейгин хабарлады. Адвокаттар "Донецк қаласында сотты шынайы қарауға жағдай жасалмаған" деп сот отырысын Мәскеуде өткізуді сұрап өтініш берген.

Бүгін басталған Савченко соты жабық түрде өтіп, процесті бақыламақ болған батыс елдерінің дипломаттары сотқа кіргізілмеді.

Ресей тергеу орындары 34 жастағы Савченкоға Донецк облысында ресейлік екі журналистің қазасына қатысы бар және шекарадан заңсыз өткен деген айыптар таққан. Ол айыпты деп танылса, 25 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Савченко осы айдын басында Мәскеудегі тергеу абақтысынан Ростов облысы Шахта қаласындағы түрмеге ауыстырылған. Ресей билігі «Савченко Ростов облысындағы шекараны бұзып өткендіктен сот та осы аймақта өтуі керек» деген шешім шығарған.

Надежда Савченко өзіне тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG