Accessibility links

Австриядағы мигранттар қазасына бесінші күдікті ұсталған


Австрияда заңсыз мигранттардың жансыз денелері табылған жүк көлігі маңында тұрған полиция қызметкері. 27 тамыз 2015 жыл.
Австрияда заңсыз мигранттардың жансыз денелері табылған жүк көлігі маңында тұрған полиция қызметкері. 27 тамыз 2015 жыл.

Венгрия полициясы Австрияда бейсенбі күні жол бойында қалдырылған жүк көлігінен жансыз денелері табылған 71 заңсыз мигранттың өліміне күдікті бесінші адамды ұстаған. Заңсыз адам тасымалына қатысы бар деген күдікпен ұсталған ол адам – Болгария азаматы екені хабарланды. Оған дейін осы іс бойынша үш болгар және бір ауған азаматтары қамауға алынған еді.

Жұма күні Австрия мемлекеттік прокуроры ұсталған адамдарды Австрияға экстрадициялау туралы сұрау салатын болады деп мәлімдеген. Оларға 71 адамның қазасына байланысты айыптар тағылуы мүмкін. Алдын-ала жорамал бойынша, көліктегі заңсыз мигранттар тұншығып өлгенге ұқсайды. Опат болғандардың көпшілігі Сирия азаматтары болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.

Жексенбі күні Франция сыртқы істер министрі Лоран Фабиус Шығыс Еуропа елдерін, соның ішінде бірінші кезекте Венгрияны, босқындарға қатысты «масқара» саясат ұстанып отыр деп айыптап, ондай саясат Еуропа Одағы құндылықтарына қайшы келетінін мәлімдеген. Ал Ұлыбритания ішкі істер министрі Тереза Мэй Еуропадағы ашық шекара жүйесі мигранттарға қатысты дағдарысты күшейтетінін айтып, Еуропа Одағы аумағында жүріп-тұру еркіндігін шектейтін шаралар қабылдауға шақырған.

Еуропа Одағының деректері бойынша, биыл ЕО елдері шекараларынан 340 мыңдай заңсыз мигрант өткен. Соғыс болып жатқан аймақтардан бассауғалаған миллиондаған өзге босқындар Ливан, Түркия мен Иорданияға паналауға барған.

XS
SM
MD
LG