Accessibility links

Отбасындағы зорлық-зомбылық көрсеткендерге заң жауапкершілігі қаталдана түсуі мүмкін


Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін заң өзгертулері енгізілуі мүмкін. Бұл туралы наурыздың 6-күні Астанада Қазақстан президентінің жанындағы отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында хабарланды. Комиссия мүшелерінің айтуынша, отбасының бір мүшесі екінші мүшесіне зорлық-зомбылық көрсетсе ол бұрынғыдай әкімшілік жауапкершілікке тартылып қана қоймай, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастыратын қылмыстық жауапкершілік қолданысқа кіруі мүмкін. Бірақ бұл ұсынысқа қарсы болып отырғандар да бар.

Астана тұрғыны Нұргүл Ахметова отбасында жұмыс істемей тек күнделікті үйдегі шаруаны атқарып келеді. Бұған дейін ол күйеуінен бірнеше рет соққы алған. Бірақ, кейін жұбайым ішуді қойып үлгілі азамат болды, дейді Нұргүл. Оның пікірінше отбасындағы жанжалдарда кейде әйел, кейде еркек қателік жасайды. Бірақ, сол ұсақ жанжалдан жақыныңды сотқа беріп, адамның тағдырын бұзып, бала-шағаның тауқіметін одан сайын көбейтуге болмайды, дейді ол. Отбасындағы зорлық-зомбылық жөніндегі заң қаталдана түсетіндігін естіген Нұргұл Ахметова бұған қарсы екендігін білдірді:

- Меніңше ол заңды өзгерткеннен еш пайда жоқ. Одан да әйел менталитетін көтеру керек. Қазақтың заңдары бойынша отбасында болып жатқан нәрсені сыртқа шығармайды, сосын әйелдер баласының әкесін сотқа бермейді.

Үкіметтік емес ұйымдар жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек оған қатысқан әйлдердің 44 пайызы отбасындағы жанжалдар экономикалық ахуалға байланысты туындайды деп жауап берген. Ал 41 пайызы отбасы мүшесінің ішімдікке салынғанынан көріп отыр. Әйелдердің көбісі отбасын бұзбас үшін зорлық-зомбылыққа шыдадық десе, сауалнамаға қатысқан әйелдердің 43 пайызы перзенттерімізді жетім қылғымыз келмейді деп жауап берген.

Қазақстан президентінің жанындағы отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Айткүл Самақованың айтуынша, дамыған мемлекеттерде баяғыдан бар заң нормасын олар тұңғыш рет Қазақстан заңнамасына енгізбекші:

- Заң өте қиын. Өткізейік десек үкіметке өткізе алмай жатырмыз, себебі, бірінші рет қарап жатырмыз өзіміздің мемлекетте. Еуропада ол заң бар. Онда әйелді жолдасы болсын, туысы болсын қинаса, ер азамат әйелге дұрыс қарамаса, сот соны дұрыс десе, онда 8 жылға дейін соттайды деген бап бар. Сол норманы енгізу үшін біз қазір парламенттегі отбасы ісімен айналысатын топпен жұмыс жасап жатырмыз.

Кейбір сарапшылардың пікірінше отбасындағы зорлық-зомбылыққа мәдениет төмендігі және патриархалдық дәстүр себеп. Бірақ, дінтанушылар, керісінше, ислам дінінде де, христиан дінінде де әйелге қол көтермеу керек деген қағидалар барын айтады. Қазақстан парламентінің сенат депутаты Светлана Жалмағанбетованың айтуынша аталмыш заңның басты мақсаты әйел мен еркекке тең жағдай жасау:

- Жалпы, бұл тек еркек жағынан ғана қорлық-зомбылық емес, өйткені әйел жағынан да болады. Сондықтан отбасында бір-біріне қорлық көрсетілмеу керек, бұл гендерлік теңдік. Ал бір жағынан қорлық көрсетілсе, ол қандай теңдік? Бұл заң 3-4 жыл бойы қаралды, бірнеше варианты талқыланды, қазір бұл өңделген түрі. Егер қорлық көрсетсе, заң алдында жауап береді.

Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметі бойынша қазір Қазақстан түрмелерінде күйеуінің зорлық-зомбылығына шыдамай, оларды өлтірген 3 мыңға жуық әйел сот жазасын өтеп жатыр. Қазақстан парламентінің сенатындағы отбасы істері жөніндегі топ мүшесі Бексұлтан Тұтқышевтің айтуынша, қазір көп жағдайда әйелдерге жағдай жасау мәселесі көтеріледі, ал еркектерге деген көңіл аз:

- Отбасындағы зорлық-зомбылықтың әр түрі болады. Қылмыстық, азаматтық, әкімшілік кодексінде ол бар. Бірақ, нарық заманына кірдік, бұрынғы Кеңес үкіметінің менталитеті болды, ол заң басқаша болды. Мысалы, 2004 жылы Қазақстанда 2 мыңнан астам адам өлтірілген. Өзіне қол салғандар 4 жарым мың адам. Соның 80 пайызы - әйелдер. Қазір дағдарыс орталығы жайлы айтылады, әйелдер мен балалар үшін деп, ал, мүмкін сондай орталық еркектерге де керек шығар.

Дәрігерлердің пайымдауынша әдетте отбасындағы әкесінің қылығын көрген ер бала өскенде сол қылықтарды өз отбасында қайталайды. Қазақстан парламентінің сенатындағы отбасы ісі жөніндегі топтың мүшесі Бексұлтан Тұтқышевтің айтуынша, заңның басты мақсаты біреуді жазалау емес отбасындағы қылмыстың алдын алу:

- Осындай заңға 8 жыл десек ол еркек ойлау керек. Қол жұмсамас үшін ойланып көр - 8 жыл сонда жүргенде балаң не болады!? Әйеліңді мүгедек қылсаң не өлтірсең - өзің де кетесің, балаң қаңғырып кетеді, сонда ол кімге керек болады? Ой туғызу керек, бұл - қылмыстың алдын алу.

Жоспар бойынша отбасындағы зорлық-зомбылық жөніндегі заң 2006 жылы қабылдануға тиіс.
XS
SM
MD
LG