Accessibility links

Алматыда Бейжің-2008 жазғы олимпиадасы алауының эстафетасы өтті


Сәуірдің 2-сі күні Алматыдағы, Медеу шатқалында орналасқан әйгілі мұз айдыны стадионында Бейжің-2008 жазғы олимпиадасы алауының эстафетасы басталды. Бейжіңде алдағы тамыз айының басында өтетін 29-шы жазғы олимпиада алауы әуелі олимпиада отаны саналатын Грекияда өткен наурыздың 24-і күні тұтатылған болатын. Содан олимпиада алауы наурыздың 30-і күні Қытай астанасы Бейжің қаласына жеткізіліп, арада бір күн өткенде әлем қалалары арасынан алғашқы болып Алматыға арнайы ұшақпен жеткізілді. Алматы көшелерімен олимпиада алауын алып жүгіретін 80-дей алау ұстаушылардың арасында Қазақстанның белгілі спортшылары, мәдениет және өнер қайраткерлері сондай-ақ саясаткерлер мен кәсіпкерлерде болды.

Олимпиада алауы 130 күн бойы әлемдегі бес құрлықтың 22 қаласын шарлағалы отыр. Алғашқы қала ретінде олимпиада эстафетасын қабылдау Алматы қаласының еншісіне бұйырыпты.

Сәуірдің 2-сі күні таңертеңмен қала тұрғындары, көбісі жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары Медеу шатқалына қарай ағылды. Эстафета жүретін қала ішінің көшелері мен жол бойындағы қозғалыстар тоқтатылды. 4,5 мыңдай тәртіп сақшылары олимпиада алауы эстафетасының кедергі бөгетсіз жүруін қамтамасыз ету жұмысына жегіліпті.

Медеу мұз айдыны орналасқан стадион ішіне кіру қауіпсіздік мәселесіне байланысты қатаң жағдайға көшіпті. Тұрғындардың қол сөмкелері, денелері арнайы құралдардың көмегімен тексеріліп, өткізіліп жатты. Түскі сағат 12-лер кезінде әуелі Қазақстанның әнұраны ойналып, одан соң осы салтанатты іс-шараға қатысу үшін Астанадан әдейі келген Қазақстан президенті Н.Назарбаев жиналған жұртшылық алдында сөз сөйледі.

Ол әсем Алматы қаласына осылай олимпиада алауы эстафетасын қабылдаудың ерекше мән-маңызы бар екендігіне тоқтала келе, Алматы қаласының 2011 жылы Азияның қысқы ойындарын өткізуге қызу дайындалып жатқанын жеткізді. Қазақстанды әлем енді өзінің спортшылары арқылы да тани бастады, сондықтан Қазақстан спортшыларының алдағы тамыз айында өтетін Бейжің-2008 Жазғы олимпиадасында үлкен табыстарға жетуіне тілектес екендігін білдірді.

Бұдан соң Медеу стадионында олимпиада алауы отын тұтандыру рәсімі өтті. Тұтанған олимпиада алауын Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше әрі өкілетті елшісі Чжан Сиюнь Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың қолына табыс етті. Президент Н.Назарбаев «Бейжің-2008» олимпиадасы алауының шырағын бірінші болып алып жүгірді. Шамасы 200 метрдей жүгірген президент алауды 2004-жылғы Афины олимпиадасының жеңімпазы, боксшы Бахтияр Артаевға табыс етті.

Алматыда өткен олимпиада алауы эстафетасы екі кезеңмен өтті. Алғашқы кезең Медеуде басталып, шатқалдың төменгі жағындағы «Беладжио» мейманханасы алдында аяқталса, екінші кезең Республика сарайы алдында басталып, Алматының орталық көшелерімен жүріліп, «Астана» алаңында аяқталды. Алматыда олимпиада алауының эстафетасын өткізуге қала басшылығы 400 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған.

29-шы Жазғы олимпиада ойындары Бейжіңде 2008-жылдың тамыз айының 8-і күні басталады. «Бейжің-2008» олимпиадасына дайындық орталығының директоры, 2000-шы жылы бокстан олимпиада чемпионы атанған Ермұқан Ыбырайымов «Азаттық» радиосына берген сұқбатында биылғы жазғы олимпиададан Қазақстан спортшылары барлығы 11 медаль алады, соның 3-уі алтын медаль болады деген үмітте екенін жеткізді.
XS
SM
MD
LG