Accessibility links

Астананы басып қалған полиция студенттер жатақханасына жайғасты


Бақытжан Әбдірайым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры. Астана, 9 қараша 2010 жыл
Бақытжан Әбдірайым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры. Астана, 9 қараша 2010 жыл

Желтоқсанның алғашқы күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне дайындық басталып кетті. Қалаға Қазақстанның басқа облыстарынан полицейлер келіп қоныстанып жатыр. Қонақ үйлерде орын болмағандықтан, полицейлер студенттердің жатақханаларына орналастырылды.


Сейсенбі, қарашаның 9-ы күні шет елдік журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайым өзі басқаратын оқу орнының студенттерінің жатақханадан шығарылмайтынын айтты.

ШЕТ ЕЛДІК БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ

Саммитке дайындық шаралары қарсаңында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайым, шет елдік БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Оған Түркия газетінен, Әзербайжанның телеарнасынан тілшілер қатысты. Азаттық радиосы мен Ресейлік ЛТВ интернет порталының журналистері шақырылды.

Университет ректоры Бақытжан Әбдірайым өзі басқаратын оқу орнының студенттері жатақханадан шығарылмайтынын айтады. Ол, тіпті, каникул кезінде ешқайда кетпей, қосымша білім алам деген студенттер де жатақханада қала береді дейді. ЕҚЫҰ-ның саммитіне байланысты Астана қаласында оқитын студенттер мерзімінен бұрын қысқы каникулға жіберіледі. Яғни оларға қарашаның 29-ы мен желтоқсанның 5-і аралығында демалыс берілді.

- Біздің университетте ондай жоқ және ондай болуы да мүмкін емес. Біздің студенттер демалысқа кетеді, келген соң өз орындарына орналасады. Басқа ешкімді, ана мемлекеттік органдардан құқықтық органдардан ешкімді ол жерге орналастыруды біз жоспарлап отырған жоқпыз. Ондай әңгіме көтерілген жоқ. Демалысқа барамын дегендерді жіберіп жатырмыз. Ал енді «жоқ, демалысқа бармаймын, осында қалам, қосымша сабақ аламын, өзімнің жеке шаруам бар» дегендерге де біз жағдай жасап, жатақханада қалдырдық, - дейді Бақытжан Әбдірайым.

МЕДИЦИНА КОЛЛЕДЖІНІҢ ЖАТАҚХАНАСЫНДА ПОЛИЦЕЙЛЕР ТҰРЫП ЖАТЫР

Бейресми дерек бойынша саммит кезінде қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Астанаға Қазақстанның басқа қалаларынан бес мың полиция келмекші. Тәртіп сақшыларының алды қарашадан бастап Астанаға қоныстанып жатыр. Оларға колледж жатақханалары босатылып берілген.

Астанадағы медицина колледжінің жатақханасына екі облыстың полицейлері жайғасыпты. Оқу орнының басшысы жатақханадан уақытша шығарылған студенттер туған-туыстарының үйінде тұрып жатыр дейді.
Полицейлер уақытша қоныстандырылған медицина колледжі жатақханасының алды әкімшілік көліктеріне толы. Астана, 9 қараша 2010 жыл

- Жалпы жатақханада 220 студент тұратын. Олардың 80-і жатақханада қалды. Олар - тұл жетімдер, ата-анасының қамқорлығынан айырылғандар, мүгедектер және де тұрмысы төмен отбасының балалары. Қалған 140 орынды ішкі істер департаментіне бердік. Яғни екі облыстың полицейлеріне. Ал жатақханадан уақытша шығарылған студенттердің 90 пайызы туыстарының үйіне кетті. Олардың қайда кіммен тұрып жатқанын білеміз, кураторларымыз анықтаған, - дейді медицина колледжінің директоры Ақбала Саржанова Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшісіне аты-жөнін толық айтудан бас тартып, өзін тек Назым деп таныстырған медицина колледжінің бірінші курс студенті қарашадан бастап жатақханадан шығарылып, қазір құрбыларымен бірге пәтер жалдап тұрғанын айтады. «Он мың теңгемді пәтер жалдауға бердім» дейді ол.

АСТАНАДА ТІРКЕЛМЕГЕН КӨЛІКТЕРДІ ҚАЛАҒА ЖОЛАТПАЙДЫ

Астана қалалық әкімдігінің сайтында ресми түрде қарашаның 26-сы мен желтоқсанның 3-і аралығында көшедегі көлік қозғалысы шектеледі делінген. Әйткенмен қазірдің өзінде Астана қаласында тіркелмеген көліктер мен номері астаналық емес көліктердің жол полицейлері жиі тоқтатады.
Астаналық жол полициясы басқа қалада тіркелген көлікті тоқтатып тұр. Астана, 9 қараша 2010 жыл

Өзін таныстырудан бас тартқан бір жол сақшысы қазірдің өзінде өзге облыстың нөмірімен жүрген көліктерге шектеу қойып жатқанын жасырмады.

ЕЫҚҰ саммитіне орай қарашаның 26-сы мен желтоқсанның 3-і арасында Астанаға басқа облыстардың көліктері кіргізілмейді. Есіл өзенінің сол жағалауындағы көптеген көшелер «қызыл сызыққа» жатқызылып, ол ауданда тұратын тұрғындар да арнайы рұқсат қағазбен жүріп тұрмақшы.
XS
SM
MD
LG