Бейсенбі, 9 ақпан 2012, Алматы 15:30

ҚАЗАҚСТАН

Фараһ Пандит: "Исламның алуан түрлілігіне куә болдым"

АҚШ мемлекеттік хатшысының мұсылман қауымдастығымен байланыс жөніндегі арнайы өкілі Анвар Фараһ Пандит Қазақстанға сапарлап келді. Қазақстанға үшінші сапары кезінде Пандит ханым Азаттық радиосына арнайы сұқбат берді. АҚШ өкілі мұсылман әлемімен қарым-қатынас мәселесі туралы ойларын айтты.

Мәтін көлемі - +


«ЯССАУИДІҢ ҒАЛАМАТ КЕСЕНЕСІН КӨРГЕН СӘТТЕ ЕРЕКШЕ СЕЗІМДЕ БОЛДЫМ»

– Сіздің тағайындалғаныңызға бір жылдан аса уақыт өтті. Өткен жылы Орталық Азияға сапарыңызды Қазақстаннан бастадыңыз. Осы аралықта есіңізде қалған қызықты жайттар болды ма?

– Алдымен, сұрағыңызға көп рахмет. Қазақстан деген ғажап ел, қонақжайлығы да ғаламат. Мұнда қайта жолым түскеніне сондай қуанып отырмын. Атап өтерліктей екі жағдай бар. Біріншісі – ислам дінінің алуан түрлілігі. Соған көз жеткіздік. Екіншісі – жастармен кездесуім болды. Сербияға барсам да, Индонезияны көрсем де, Қазақстанның Шымкент. Түркістан өңіріне барсам да, Исламның алуан түрлілігіне куә болдым.

Есімде қалған ерекше оқиғалар дегенде мынаны айтар едім. Африкадағы Мали елінде, Тимбукту жерінде жетінші ғасырда жазылған Құранды қолыма ұстап тұрған сәтімде бір ерекше сезімде болдым.

Сонымен қатар Түркістанда, кең байтақ даладағы Қожа Ахмет Яссауидің 700 жыл бұрын салынған ғаламат кесенесін көрген сәтте де осындай айрықша сезімді бастан кешірдім.

Осы жолғы сапарымда жастармен кездестім. Олар сөйлескен де бір ғанибет. Неге десеңіз, олар бір-бірімен араласып, жаһандық желі арқылы ислам жайлы пікірлесіп, жақсы ойларымен бөлісіп жатыр.

– Сонда мемлекеттік хатшының мұсылман қауымдастығымен байланыс жөніндегі арнайы өкілін тағайындау тиімді болғаны ғой?

– Биыл айтарлықтай айрықша жыл болды. Әрине, мен өз міндетімді шамам келгенше атқарып отырмын. Өткен он айдан бері 25 елді аралап шықтым. Қай елге барсам да, біздің президенттің жолдауын анық жеткіздім. Мемлекеттік хатшы маған «қарапайым адамдармен күнде көріп жүрген ескі таныстары, құрбылары сияқты сөйлес» деген еді. Сол жолдауды анық жеткіздік, қалың көпшілік те хош көрді.
Фараһ Пандит қазақ журналистерімен әңгімелесіп отыр. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл

Тағы бір атап өтерім – жер бетіндегі халықтың ширек бөлігін мұсылмандар құрайды. Оның көбі – жастар. Сол жастармен сұхбаттасып, дидарласқаныма қатты қуанамын. Соған риза болып отырмын.

«АМЕРИКАДАҒЫ МҰСЫЛМАНДАР ТУРАЛЫ СҰРАЙТЫНДАР КӨП»

– Осындай сапарлар барысында мұсылман әлеміндегі Американың беделі қандай екенін көрдіңіз? Әрқандай бір ерекше тенденция байқалды ма? Американы жақтырмайтын аймақтар да бар ғой. Сол жердегі көзқарасты өзгертуге деген қадам жасалды ма?

– Президент Обаманың мұсылман мемлекеттеріне байланысты тұғырнамасын әр елдегі елшіліктер арқылы іске асыруға тырыстық. Тұғырнаманың өзі сыйластық пен мүдделестікке негізделген. Сол сыйластық пен мүдделестікке сүйене отырып қарым-қатынас орнатуға тырыстық. Оған қоса технология, білім, басқа да салаларға өзгеріс енгізіп, соған септігімізді тигізуге бар пәрменімізше еңбек еттік.

Біз серіктестікті ұзақ мерзімге жоспарлап отырмыз. Оны баянды қылу үшін уақыт керек, ынтымақтастық керек. бір-бірімізге деген сенім, сыйластық керек.

– Осы шараларға мұсылман әлемі жауап қайырды ма?

– Біз мұсылман әлемімен сұқбат, қарым-қатынас жасағанда онлайн құралдарын белсене қолданып отырмыз. Жаңа технологияларға сүйенеміз. Мысалы, Facebook тұтынушыларын көбейтуге тырысып жатырмыз. Кіммен кездессек те, қандай іске кіріссек те – бәрі жария, ештеңені жасырмаймыз. Бар мәліметті жеткіземіз.

– Бірақ Facebook-ке тыйым салған елдер бар ғой. Мысалы, Пәкістан өткенде біршама уақыт тыйым салды. Иранда да бір шектеулер бар...

– Мен тек Facebook-ты ғана айтып отырған жоқпын. Әрбір технологиялық мүмкіндікті қолдана отырып, өз ойымызды, тұғырнамамызды жеткізейін деп отырмыз. Алайда Америка Facebook-ты жапқан әрекеттерге қарсы болады. Одан басқа да онлайн мүмкіндіктерді, бетпе-бет кездесулерде дәстүрлі байланыс құралдарын қолданамыз. Қай елге барсақ та, сол елдің жергілікті жағдайын ескеруге тура келеді. Мысалы, бір елде жақтырмай сөйлесуі мүмкін. Енді бір ел жылы сөйлеседі. Бірақ бір ортақ нәрсе – диалог құруға бәрі де бейім, бәрі ынталы.

– Мұсылман әлемінде Америкаға бағытталған қандай тенденцияларды байқадыңыз?

– Біріншіден, қазір әлемде Америкадағы Исламға деген қызығушылық бар. Бұл күндері «Америкада мұсылман болу» туралы білгісі келеді. Бұдан бөлек қай елге барсам да, жастардың бәрі «Мен кіммін?» деген сауалға жауап іздейді екен. Өзінің болмысын, даралығын анықтау бәріне ортақ мәселе екенін аңғардым. «Тарих пен діннің, мәдениеттің арасында қандай байланыс бар?» деген сауал барлық елге, жалпы әлемге ортақ екен.

«АЗШЫЛЫҚ ҚАУЫМДАРДЫ ДА ЕСКЕРУ КЕРЕК»

– Ресей мен Орталық Азия елдерінде діни ұйымдар мемлекет пен дін өкілдерінің арасында араағайындық қызмет атқарғысы келеді. Мұндай ұйымдар дін мәселелерін жеке билеп-төстеп, «монополия» орнатқысы келеді. Басқа діни азшылық топтар солардың көлеңкесінде қалады. Сондай елдегі мұсылман азшылық топтарына қатысты не айтар едіңіз?

– Өзімнің осы қызметке тағайындалғандағы мақсатымды ашып айттым. Қай елге барсақ та (мұсылмандар көпшілік болсын, азшылық болсын), сол елдермен жан-жақты қарым-қатынас жасаймыз.

Азшылық қауымдарды да ескеру керек. Өйткені олар да – сол мемлекеттің ажырамас бөлігі. Мысалы, Батыс Еуропада 30 миллиондай мұсылман бар. Азшылық болса да қарасы әжептәуір қалың. Біздің еліміз кез-келген елмен серіктестік орнатқанда, мұсылман саны аз болса да, көп болса да, діннің алуан түрлілігіне ерекше мән береді.

– Уақытыңызды бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
05.08.2010 10:15
+0 / -0
Иә осы жастардың Ислам дініне бет алу Еуропадада байқалуда, бұл Ислам діні ең таза Алланың жолындағы дін екеніне көз жеткізіп қабылдап жатыр. Мұсылман бауырлар көбейе берсін.

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
05.08.2010 13:24
+0 / -0
әдемі келіншек екен, бірақ америкалық кейіпке енгісі келсе де ене алмайтынын түсінеді ме екен әлде біздің мәңгүрттер секілді америкалық кейпті жөн көреді ме екен? анау кашмирлік бауырларын ойлап соларға жаны ашиды ма екен әлде жоқ па? сол жағы көбірек қызықты

Кімнен: қажы мұқамбет қаракедей Қайдан: иран.горган
07.08.2010 00:20
+0 / -0
Менің де неше сауалым бар еді . Фараһ Пандит ханым : " Исламгың алуан түрлілігіне куа болдым " десе , АҚШ олармен қалай шығысып жатқанын да аңғарған болса , бұл дәудің өкілі болып не істемек ойы бар ? Құдай тағала елшілерін қай елге жолдаса өздерінен сайлапты . Бірақ ол пенделер нағыз Құдайға берілген жандар болыпты . Ал АҚШтай алпауыттарға қызмет етпек ойы барлар әрісі Ұсама бен Ладен , берісі Фараһ пандит болмай ма ? Әл - Қаиданы кеңес одағына қарсы қол шоқпар қылғаны айдан анық қой . Басындағы орамалдарын шешіндіргенде бұл қатындарды қол жаулық етпегеніне кім кепіл ? АҚШтарға керегі Палестинаны басып алғандармен мәмілеге келгіш қуыршақ мемлекеттер ғана . ЗИОНИСТ террорист жүһиттермен дос итаршылар ұнайды бұларға . Ерусалим ( бейбітшілік қаласын ) нәсілшіл залымдардан құтқару керек дегендерді үрейшіл деп жамандап жүргені әлемге әшкер қитұрқылық емес пе ? Бүйткеше мұндай қара албастылардан аулақ жүру абзал .

Кімнен: Ереке Қайдан: Жүрген жері береке
07.08.2010 17:20
+0 / -0
П(б)андит ханым"діннің алуан түрлілігін" айта берді ғой. Батыс елдерінің мақсаты да сол, исламды бөлшектеу емес пе... Қулықтары төсек астына тығылған баланың бақайы құсап жылтыңдап тұр.

Кімнен: караша Қайдан: алматы
09.08.2010 00:35
+0 / -0
Казахстандағы ислам алуан турлі. Муны баримиз билемиз. Буған КНБ мен Муфтиат жауап берсин.Бул аиел дурыс аитады.

Кімнен: Маке Қайдан: Түркістан
11.08.2010 13:53
+0 / -0
Қазақстандағы көптеген секталардың, исламның атын жамылған дін бұзарлардың барлығын қойнына кіргізіп, асырап-бағып отырған мына Қазақстанның жоғарғы жақтағы көкелер оңбаған. Бұл көп дінді болу бақыт емес, 50 жылдан кейін қасірет болып келеді. Көп ұлттылықта бізді оңдырмайды. Біз көп ұлттарға мемлекеттік тілді мойындатпай, қазақ деген дархан қалықты мойындата алмаймыз. Бұрындары қайран ата-бабамыз жауға Дінім - Ислам, тегім - Қазақ, тілім - қазақ тілі деп шапса, қазіргі басшылар - Дінім - алуан, тегім - атала, тілім - аралас деп ұрандап жүр. Қәзіргі жастарды адастырмай, тек Исламның турасын насихаттау керек. Басқа ағымдардың таралуын тоқтату керек, тамырына балта шабу керек. Бұл билікте ұлттық рухты, намысты қолдап шығар бір басшы бар ма? Қазағымның бетке ұстар басшылары қашанғы ақшаның құлы боласыңдар, бұл жалғанда дүниеге тойған адам бар ма? Егер арғы дүниедегі ата - бабаларымыз еститін болса, адасқан ұрпағын көріп арғы дүниені көз жастарына толтырған шығар-ау. Оян, қайран дархан қазағым.

Назарға көп іліккен