Accessibility links

«Жаңалықты кеш ашудан қорықпау керек»


Қазақ блогшысы, әрі веб-дизайнері Ерлан Оспан
Қазақ блогшысы, әрі веб-дизайнері Ерлан Оспан

Жуырда Алматыда «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы ұйымдастырған журналистерді жаңа медиа технологияларының қыр-сырына үйрету бойынша семинар-тренинг өткен еді. Бұл жиында Астанадан арнайы келген белгілі блогшы, әрі сайт көркемдеуші Ерлан Оспанмен сұхбаттасудың сәті түсті.


– Жақында ғана Мұқағали Мақатаев журнал сайтының дизайнын жасап шығардыңыз. Көпшілік жаман бағаламаған сияқты...

– Мұнда бір бұрмалаушылық көзқарас бар. Мен сайттың авторы емеспін. Ол сайтты жасаған топтың ішінде дизайн үшін ғана жауап бердім. Сұраған екенсіз айтайын. Жалпы ол сайттың контенті өзімнің көңілімнен шықпайды. Оның ішінде Мұқағалидың өлеңдері емес, біреулердің ол туралы не ойлайтыны туралы жазылған материалдар.

Ал жалпы Мұқағалиды білмейтін қазақ жоқ. Сәйкесінше, бұл бізге өзінше бір жауапкершілік жүктегені рас. Шаруаға кіріспес бұрын, осы салалас шетелдік белгілі ақын-жазушылардың сайттарын қарап, сараптама жасап алдық.

Жалпы бізде шетелдік нұсқаларды қарап, солардың жетегінде кету сияқты әлі күнге дейін қыр соңымыздан қалмай келе жатқан жаман әдет бар. Материалды зерттемей, дизайнды қоя салады. Біздегілер компьютерлік дүкенге немесе әсемдік салонына сайт жасаса не істейді? Алдымен шетелде қандай сайттар бар екенін қарайды. Сосын соған ұқсас дүниелер жасай бастайды. Ал дәл сол ұсынып отырған өнімдер Қазақстандағы оқырманға жарай ма, жарамай ма, Қазақстандағы аудиторияның ерекшелігін ескермейді.

Ал негізі форманы анықтайтын мазмұн ғой. Философиялық тұрғыдан алсақ та, солай. Мазмұнсыз ешқандай дизайн болмайды. Бізде ешқандай графика қолданбау керек деп есептейтін диссидент дизайнерлер бар. Сондықтан өкінішке қарай, қазіргі таңда біз біртекті сайттардың куәсі болып отырмыз.

Яғни, біздегі қазақша сайттар әлі ұлттық бейнесін таба алған жоқ дегіңіз келеді ғой?

– Өз биігінен қарап айтып отыр екен демесін, ешқандай ұлттық нақыштағы сайт жоқ. Осыған дейін бұл ұғым қалай түсініліп келді? Ою-өрнек салып қояды. Соны «қазақша сайт» дейді. Ою-өрнек бұл сайттың қазақы шығуына кепілдік бере алмайды. Мейлі, бүкіл мұражайдағы қазақтың аспаптарының барлығын салып қойып, қазақшаға татымайтын, қазақша деп айтуға келмейтін сайт жасауға болады. Тіпті бірде-бір ою-өрнек, киіз үй, аса таяқ салмай-ақ, қазақтың иісі аңқып тұратын сайт жасауға болады. Ол үшін контенттің өзі қазақша ойланып, қазақша жазылуы керек.

Сіз бағана презентация жасау барысында айтып қалдыңыз: «Мақалада мейлі Кеннедиді кім өлтіргені туралы жазылсын, егер сайттың дизайны тартымды болмаса, кез келген оқырман мұндай сайттан кетуге асығады» деп. Күнделікті мыңдаған мен мұндалап тұрған сайттардың арасында қазақ тілді оқырманның қазақша сайттарға жарты секунд уақыты бар екенін де айттыңыз. Сайтқа оқырман тартуда дизайн қаншалықты маңызды орын алады?

– Сіз бұл сұраққа өзіңіз-ақ жауап берген сияқтысыз. Айтарым, бізде еңбек бөлінісі жоқ. Өз басым дизайнер мамандығын тағдырдың тәлкегімен мойныма алып қалған адаммын. Өзімнің тура мамандығым Windows жүйесіне кәдімгі күнделікті қолданылатын бағдарламалар жазу. 15 жылдық жұмыс тәжірибемнің 12 жылы толығымен ІТ саласында өтті. Соңғы үш жылда ғана дизайнерлікке кездейсоқ тап болдым. Ең әуелі тест жасайтын бағдарлама жасап, оны бір колледжде енгізіп, жұмысқа алындым. Үш айдың ішінде мен принтерлерге, келе-келе оргтехникаға тіпті бір күндері мобильдік телефондарға жауап беретін болдым. Ақыр аяғында еңбек бөлінісінің жоқтығы нәтижесінде мен бір уақыттары өзім «сүйіп қосылған» мамандығым - программа жасау, программа жазуды еміс-еміс ұмыта бастадым. Бұл да болса, еңбек бөлінісі жоқтығының «жемісі».
Қазақ блогшысы Ерлан Оспан

Газет сайттарының ішкі асханасындағы жағдаймен таныспын. Компьютерге ең жақын журналистке сайтты толтыру міндетін жүктейді де, ол сайтқа материалдарды толтырып отырады. Осымен дизайн мәселесі шешіледі. 5-6 жыл бойы дизайн түгілі бір түстің элементі өзгермей, шырша құсап тұрған сайттар бар. Әйтеуір, сайт бар деген атақ үшін. Дизайнер программист, мақала жазушымен қатар бірдей жүк арқалауы керек. Идеал нұсқа - әрбір сайттың жеке-жеке дизайнері болғаны абзал.

Бұл үрдістің айталық, зардабын оқырманмен қатар тағы кімдер тартып отыр?

– Бізде кейбір тапсырыс берушілердің ресейлік веб-студияларға кетіп қалуының да себебі сол. Өкінішке қарай, мұндай жаман тенденция бізде бар. Әрбір басылым аудандық болсын, облыстық болсын, «Нью-Йорк таймс» газеті сияқты әдемі болғысы келеді. Сайтты өз мамандығының иелері жасамағандықтан шала жасалады. Бұл тапсырыс берушіге ұнамайды. Ақшасы төленіп қойды. Бір жыл жүре тұрады. Сонан кейін мәскеулік студияларға кетіп қалады.

Қазір газеттердің wap-нұсқалары пайда болып жатыр. Ал оларға сұраныс бар ма?

– Мен газетте істегесін бар деп айтқым келеді. Әдетте, ұсынысты сұраныс тудыртады. Экономиканың классикалық теориясы. Бірақ мен сізге бір қызық айтайын. Менің Сэй заңы туралы қызық мақала оқығаным бар. Оған сәйкес, кейде ұсыныс та сұранысты тудырта алады деген. Яғни, бұрын ешкім іздемеген нәрсені көрсетіп, сәйкесінше соған сұраныс тудыртуға болады. Манағы wap-нұсқалар жөнінде осыны айтуға болады. Оны біз жасап қойдық, оны қажет деген адамдарға көрсеткеннен кейін пайдалана бастады. Қазір wap-нұсқаны сайт генераторларының барлығы ұсына алады. Ол бұрынғыға қарағанда оп-оңай.

Тұрақты интернет оқырмандары сіздің кішігірім әңгімелеріңізбен де таныс. Қазір жазып жүрсіз бе?

– Бір шимайлар болған. Бала кезден журналист болсам деген арман болған. Бірақ белгілі себептермен оны іске асыра алмай қалдым. Сол кезде байқаудан өтпей қалып, үш жыл жұмыс істеп, программистке тапсырғаным қандай бақыт болған деп ойлаймын қазір. Жазып жүрген кезде бірден интернет-нұсқаның ерекшелігін түсіндім. Қазір біреулердің өтініші бойынша немесе жай жұртқа айтқым келіп кетеді. Енді кез келген қатардағы адам сияқты жазып жүрмін.
Ерлан Оспанның Азаттықтың Блогстанындағы логосы

Блогыңызды не үшін жауып тастадыңыз?

– Блогымды арнаған тақырыпта өзімді сарқып біттім деп ойлап қалып, жауып тастадым және уақыт болмады. Әрі осылайша Интернетті құрсаулауға қарсы кішігірім протест көрсетпек болдым.

Қазіргі таңда блогшылар өз ойларын қаншалықты еркін білдіріп жатыр?

– Блогшылар о баста ешқандай кәсіби міндеттемелерсіз келгендіктен, еркін сөйледі және сөйлеп жүр. Енді журналист-блоггерлердің тобы қалыптасып келе жатыр, енді олардыкін көреміз.

Блог жүргізуде қатып қалған ереже жоқ қой. Дегенмен жазба жазу машығыңыздан бірді-екілі тәжірибеңізбен бөліссеңіз.

– Бәрі адамның талғамына байланысты. Әуелі өзіңнің алдында адал болу. Ешқашан жазу үшін жазбаңыз. Керемет өлеңдері бар ақындар бар. Мұндай адамдарға ұсынысты өзіміз жібереміз. «Сізге тегін сайт жасап берейікші, аға! Сайт жүргізіңізші» деп. Бұлар өз алдында, жұрт алдында да адал адамдар. Жазу үшін жазатындар да бар. Ол өтірік емес.

Тіпті «сәрсенбі мен жұмада мен осыны жазам» деп жоспар қойып алып, жазатындар да бар. Бірақ кешіріңіз, сіз сәрсенбі мен жұма күні музамен келісіп қойған жоқсың ғой. Ол мүмкін емес қой. Кейде адам графоман болып кетеді. Кейде тоқырау болады. Дәл сол рухани күйіңізді блогқа адал жеткізіп тұрсаңыз болғаны. Басқа ештеңе керек емес. Бәрін өмірлік тәжірибеден алу керек.

Қазір интернетте пікірлер жеке жанр сияқты көпшілікті өзіне қаратарлық пәрменге ие болып жатыр. Осы турасында не айтар едіңіз?

– Пікірлерден жанрдан гөрі, белгілі бір образ туындайтын шығар. Иә, кейбір сайттарға мақаласынан гөрі, кейбір сөзуарлардың оларға жазған пікірін оқу үшін баратынымыз рас.

Қазақ тілді оқырман орыс, ағылшын тілдерін меңгергендіктен, бұл қазақ интернетінің бағы деп те, соры деп те бағаланып жүр. Яғни, қазақ тілді сайттар оқырман тарту үшін орыс тілді, ағылшын тілді сайттармен бәсекелесуге тура келеді. Осы тұрғыдан алғанда қазақ интернетінің болашағына сенесіз бе?

– Мысалы, 2001 жылы 2010 жыл болашақ болған. Сол кезде бірдеңеге сендік, бірдеңеге сенбедік. Былайша айтқанда біз қазір болашақта отырмыз. Мысалы программалау саласынан біреу қазақы бірдеңе шығарса, онда болашағына сенуге болады.

Мен сізге бір мысал айтайын. Nokia телефондарына Symbian операциялық жүйесіне программаларды орнату жолын біреу қазақ тілінде жариялапты. Кешіріңіз, мен оны өліп бара жатсам да оқымаймын, көшірме екені ап-анық көрініп тұр. Екіншіден, сапасыз аударма. Үшіншіден, орысшасының өзі ағылшынның тек жүгірме аудармасы. Кішкене аналитикалық қабілеті бар адам оны түсінеді. Сізге ағылшын тілінен екі рет трансформация болып жеткенде қанша мағына жоғалып жатыр.

Ешкімнен көшірмей, өзі тауып алып, жаңалықты кеш ашу деген фактор бар. Мысалы, геометриядада болды ондай жағдай. Орыс ғалымы Лобачевский параллель түзулердің қиылысатынын анықтады. Дәл сол жаңалықты Бойяи деген венгр ашты. Екеуі жаңалықты бірінен кейін бірі жариялады. Екеуінің ашып тұрғаны бір жаңалық болса да, математикалық қауымдастық екеуінің де нұсқасын қабылдады. Венгр кеш ашса да, оныкы бәрібір жаңалық боп тұр. Неге? Себебі, ол мәселені ұлттық сипатта өзінше ойлап, ешкімнің жетегінде кетпей жазды. Бізде де солай. Бізде бір жаман нәрсе бар. «Ой, оны баяғыдан бері шығарып қойған. Ол кімге қызықты болады?» деп ойлаймыз. Өзіңнің ішіңнен өткізіп барып, біздің қоғамға келетіндей нақышпен әрлеп жасасаңыз, қатып кетеді.

Әңгімеңізге рақмет.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG