Accessibility links

Болат Атабаев: «Қазақ журналистері тар шеңберден шыға алмай жүр»


«Ақсарай» театрының жетекшісі, режиссері Болат Атабаев. Алматы, 5 қараша 2010 жыл.
«Ақсарай» театрының жетекшісі, режиссері Болат Атабаев. Алматы, 5 қараша 2010 жыл.

Қазақ режиссері Болат Атабаев қазақ журналистерін тым қарабайыр, үстірт жазады деп кінәлайды. Совет заманының сарқыншағынан арыла алмай келе жатқан Қазақстан өнерінде сан алуандық жоқ деп өкінеді режиссер.


«НЕ ЖАҚСЫ, НЕ ЖАМАН?»

Қарашаның 5-і күні жаңадан ашылған қазақ журналистерінің пікірталас клубы алғашқы жиынына қонақ ретінде белгілі режиссер Болат Атабаевты шақырыпты. Жиында сан алуан тақырып: өнерден бастап, қоғамдық-саяси проблемаға дейін қозғалды.

Жиын барысында клуб қонағы Болат Атабаев қазақ журналистерін «мәселенің түп-төркініне бармай, тым қарабайыр, үстірт жазады» деп кінәлады. Сауатты журналистің сауатты оқырман дайындайтынын ескерткен қонақ бүгінгі таңда қазақ журналистерінің моральдық деңгейден аса алмай отырғанына кейіді.

– «Қазақтың жастары басқа дінге кетіп жатыр, ол – жаман» дейді. Ал басқа ұлттың жастары исламға келсе «ол – жақсы» дейді. Қызық екен дедім. Сонда не ол? Бұл бір тараптың ғана сөзін сөйлеу ме? Мәселенің түбіне үңілмей ме? Өзге дінге неге кетіп жатыр? Аналар неге исламға келіп жатыр? – деді Болат Атабаев.

Бұл тұрғыдан алғанда ол орыстілді журналистердің көш ілгері алда екенін айтады. Мәселенің «этимологиясына» үңілген режиссердің пікірінше, бар проблеманың төркіні – болашақ журналистерді «жалпы» дайындап, нәтижесінде «нақты ештеңеге баулымайтын» оқу орындарында жатыр.

Тиісінше, мұндай оқу орындарында журналистерді белгілі бір салаларға мамандандыру қажеттігін алға тартқан режиссер сауатты көрермен қалыптастыру үшін тіпті журналистерді өнертану курсы бойынша тегін оқытуға даяр екенін де жеткізді.


«БІРЖАҚТЫ ОЙЛАУ – МӘДЕНИЕТСІЗДІКТІҢ БЕЛГІСІ»


– Мәселен, семинар жүргізсем, «қазақ театрлары неге бір бірінен аумайды?» деген проблема тусын. Шымкенттің театрын көрсең, тура сондай спектакль Алматыда да, Атырауда да жүр. Аралары мыңдаған шақырым. Бұл бейшаралардың бәріне не болған? «Біржақты ойлау – мәдениетсіздіктің белгісі» дейді. Сахнада сөйлегенде неге барлығының дауыстары қойылған, бірдей «сыңғырлап» шыға береді. Бұл қайдан пайда болған? Алматыда да сол. Атырауда да сол. Мұндай дауыстар қайдан келген? Қайдан келген міндет бұл? Сөйтсек, бәріміз Станиславский түсінігіндегі театрдан ажырап кеткенімізді білмей қалыппыз. Өйткені, кезінде сондай бес-алты актер болды. Сахнада «сыңғырлап» сөйлеп жүріп, халық әртіс атағын алды. Сосын барып: бәрі «ойбай, ана кісі сияқты сөйлесек, біз де халық әртісі атағын аламыз» деп соған еліктеді. Ал бүкіл Қазақстанның актерлары жат кеп соған еліктесін. Содан штамптың көкесі... Осыны зерттеген журналист сөйтіп, оның түбіне жетеді, тексерген сайын көрерменнің көзін ашады ғой. «Әй, сорлы көрермен неменеге мәз боп отырсың?» деп жазса, міне интеллект қайда жатыр?! – деді Болат Атабаев.

Режиссердың пікірінше, қазіргі өнерде жаңалықтан гөрі, қайталау басым. Ал өнер қайталанса, штампке айналады. «Әрбір қойылым – кандидаттық диссертация болуы керек, әрбір мақала да сондай деңгейде болуы керек» деп түйеді Болат Атабаев.


«ҚАЗІРГІ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ – КОРРУПЦИЯ»

Журналистердің сұрақтарына берген жауабында режиссер ұлттық идеология мен ұлттық идеяға қатысты көзқарасын да жеткізді. Ол «идеологияға» мүлде қарсы екенін айтты. Себебі, «идеология дегеніміз бір ғана идеяға құрылған махаббат, бұл көшедегі біржақты қозғалыс сияқты – қарсы біреу келді ме қағып өтем».

– Ұлттық идеология дегенді естігенде шошимын. Мен үшін ол жоқ. Ал ұлттық идея мемлекеттік бағдарламада болуы керек, – дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда қазіргі таңда Қазақстанда жемқорлықтан басқа ұлттық идеяға негіз болатындай нәрсе қалмаған.

– Ұлттық идея бар. Ол – коррупция. Ұлттық идея деген не? «Барлығына жағымды идея». Балабақшадан бастап, зейнетақы жүйесіне дейін коррупция жайлаған. Бүкіл Қазақстан коррупция. Ал басқа қандай идеяң бар? Тілден идея жасайық деді. Шықпады. «Ұлт көшбасшысынан» жасайық деді. Не болғанын көріп отырсыңдар. Жоқ қой. Жоқ, – деді Болат Атабаев.


ҚҰР АЙҚАЙ ӘН БЕ ЕКЕН?

Болат Атабаевтың айтуынша, өнер екі бағытта дамиды. Бірі – қорғау-консервативтік (айтыс, жыр, дәстүрлі музыка, т.б.) мазмұнда, екіншісі – тәжірибелік-іздеу. Ол өзінің соңғы топқа жататынын айта келе, елде бұл екі бағытты бір-біріне жау көрушілер бар деп тұжырымдайды. Советтік дәуірдің сарқыншақтарын «дәстүрге телитін» әртістер қойылымды айқай-шумен толтырып жүргенін айтады.

– «Не болды соншама сахнада өтірік сөйлеп» деп айтамын ғой. «Сөз! Сөз – ол!» дейді олар. «Әй, сөз екенін біліп тұрмын. Бірақ жалған сөз болмау керек қой. Сенің сөзің жалған ғой». Немесе айқайлайды. Бүкіл сахна айқай-шу. Кішкене интеллект болмай ма. Әртістеріміз байбалам салу мен эмоцияны шатыстырып алған. Қайғы шегу мен алаңдауды шатыстырып алған. Бұлай ойнау дәстүр емес екенін әртіске енді қалай түсіндіруге болады? Ал олар мұны дәстүр деп миларына сіңдіріп алған. Өкініштісі, бәріміз бір-бірімізден аумаймыз, – деді Болат Атабаев.


«ҚАЗАҚСТАН – ТАЛАНТТАР ҚАСІРЕТІ»

Болат Атабаевтың пікірінше, Қазақстанда таланттар көп болғанмен, нағыз кәсіпқой маман аз. Қазақстанды «таланттар қасіретіне» теліген клуб қонағы жиын барысында жастарды талант деңгейінде қалып қалмауға, өз ісінің майын ішкен маман болуға шақырды.

– Талай жерде айтып жүрмін. Талант деген не? Құдайдың бергені ғана. Кәсібиліктің негізі, шарты. Қазір профессология деген ілім бар. Қазақстанға әлі келе қойған жоқ. Сонда айтады. Кәсіпқой деп кімді айтамыз? «Ынтызармын, білемін, қолымнан келеді». Алғашқысы – мотивация, ішкі қажеттілік. Екіншісі – білім. Үшіншісі – дағды, операция. Осы үшеу менде кездесті ме, мен профессионалмын, – дейді режиссер.

Ал егер талант сарқылса, дейді Болат Атабаев, адамға шабыт жуымайды, сол себепті талант бар кезде кәсіпқой маманға айналып үлгеру керек.

Қазақ журналистерінің пікірталас клубы Алматыда қарашаның 2-сі күні ашылған. Клубты ашқан белсенді жастар тобының айтуынша, клубтың мақсаты – елде еркін пікірсайыс алаңын жасақтау. Қоғамдағы, елдегі өткір мәселелерді, проблемаларды, өзекті тақырыптарды талқыға салу көрінеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG