Сенбі, 26 мамыр 2012, Алматы 06:15

МӘДЕНИЕТ

Арсен Ералы: Атақты адамның баласы болудың мақтаныштан гөрі жауапкершілігі басым

«Ән әлемінің Ақбаяны» атанған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиева осыдан тоғыз жыл бұрын көлік апатынан қапияда көз жұмды. «Айқарагөз», «Ақбаян», «Сағым жылдар» сияқты әсерлі әндерімен тербеткен әнші тірі болғанда биылғы тамыз айында 55 жасқа толған болар еді. Күміс көмей әнші туралы ұлы Арсеннің естелігінен оқисыздар.

Әнші Мәдина Ералиева ұлы Арсенмен, 1999 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
x
Әнші Мәдина Ералиева ұлы Арсенмен, 1999 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Мәтін көлемі - +

СҮЙІКТІ АҚБАЯНЫН ХАЛҚЫ
ҰМЫТҚАН ЖОҚ

Анаңыздың өмірден өткеніне тоғыз жыл болып қалды, Мәдина Ералиеваның есімін ел есінен өшірмеу мақсатында қандай шаралар жасалуда?

Анам 2000 жылдың 27-ші қарашасында қайтыс болды, 2002 жылы еске алу кеші өткізіліп, еліміздің барлық телеарналарына көрсетілді, одан кейін Алматыдағы «Таугүл-3» ықшамауданында ол кісінің атына көше берілді.

Мәдина Ералиева атындағы көше Қызылорда қаласында да бар, сол қаладағы «Бумажник» деген жарамсыз, жұмысы тоқтап тұрған театрды мемлекет жөндетіп, Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйі етіп ашты, ол ғимаратта анамның атындағы мұражай да бар. Онда анамның сахналық киімдері, суреттері мен ән жинақтары және тұтынған заттары тұр. Анам туралы орыс тілінде Роза Ақболатованың лирикалық кітабы жарыққа шықты, енді қазақ тілінде де кітап шығару ойымызда бар, бірнеше СD, DVD күйтабақтары жарыққа шықты.

Астанадағы Конгресс-холда, Алматыдағы Қазақконцерт залында еске алу концерттері өтті, енді биылғы жылдың қазан айында Республика сарайында анамның өнердегі құрбысы Майра Ілиясованың ұйымдастыруымен тағы бір еске алу кеші өтеді деп жоспарлануда.

Әзірге атқарылған шаралар осындай, ал ол кісінің атында қор құру сияқты үлкен жұмыстармен айналысу үшін дәл қазір мүмкіндік жоқ, жұмыстан да уақыт аса бермейді, ондай маңызды шаруаға атүсті қарай алмайсың, бел шешіп, белсене кірісу керек қой.

«АНАМ МЕНІҢ ӘНШІ БОЛҒАНЫМДЫ ҚАЛАМАДЫ»

Азаттықтың оқырмандары Ақбаян әншінің ізінде қалған жалғыз ұлының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы білгісі келеді. Өзіңіздің жұмысыңыз, отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

Мен Алматыдағы №131 мектепті оқып бітірдім, анамның 1-2 сыныпта «Әліппе» танытқаны болмаса, әрі қарайғы сабақты өзім еш қиындықсыз алып кеттім. Сабақтан қалсам да, бағдарламаны қуып жетіп алатынмын. Сабаққа қатысы болмаса да ғылыми кітаптарды көп оқитынмын.

Арсен анасының сіңілісі Сағирамен, 1987 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Мектепті бітірген соң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетіне түсіп, оны халықаралық құқық мамандығы бойынша тәмамдадым, яғни заңгермін. Бұл мамандықты анамның ақыл-кеңесімен емес, өзім таңдадым. Ол кісі мамандық таңдауыма қатты араласқан жоқ, бірақ, өзі секілді өнер жолын қуып, әнші болғанымды да қаламады, басқа мамандықтың кез келгенін таңдауыма рұқсат еткен.

Кішкентай кезімнен көп ойнамай, ұзақ уақытымды кітап оқуға жұмсайтындықтан, мамам маған ғалым болар ма екенсің дейтін. Анам «оқу бітіргенде кім боласың?» деп сұрайтын, бірақ мен ұзақ уақыт бойы бір шешімге келе алмай жүрдім. Мектепті бітірген соң аяқ астынан осы мамандықты таңдауға бел будым және ол үшін өкінбеймін де, мамандығым өзіме ұнайды.

Қазір «Ақсарай» мюзикл театрында продюсер болып жұмыс істеймін. Қазір театрымыз қаржы тапшылығынан біраз қиналып қалды. Тендерлерге қатысудамыз, мемлекет те жәрдемін беріп тұрады. Ал отбасыма келетін болсам, Жанна есімді жұбайым, Әлішер, Ілияс деген екі ұлым бар, үлкеніміздің жасы 4-те, кішісі 1,5 жаста. Екеуінің де аттарын жеребе тастау арқылы келіншегім екеуміз қойдық.

Жігіттер жар таңдауда бойжеткеннің бойынан анасына ұқсастық іздейді деген бар ғой, сізде осындай «ұстаным» болды ма?

Жоқ, мен бұл «шартқа» мүмкін мән бермеген болармын, әлде байқамадым ба екен, Жаннамен танысқан кезде анама ұқсайды деп қарамаппын. Қазір екі баланың анасы болды ғой, енді-енді анамның жас кезіндегі бейнесіне ұқсата бастадым. Анамның жас кезіндегі түрі қазаққа онша ұқсамайтын еді ғой, ол кісі татарларға ма, әйтеуір басқа халықтарға біршама ұқсайтын. Дегенмен, әр бала үшін өзінің анасы идеал, үлгі тұтатын адам ғой, жігіттер жар таңдағанда анасына ұқсайтын қызды біліп іздемейді, ол ақылдан тыс, түйсік арқылы берілетін ақпарат шығар, бірақ жарым анама ұқсаса, оған тек қана қуанамын.

Үлкен ұлыңыз сөз түсінетін жасқа жетіп қалыпты. Сіз оған әжесі жайлы айтасыз ба, жалпы ол әжесінің кім екенін тани ма?

Әрине, айтамын. Үйдегі қонақ бөлмеде анамның үлкен суреті ілуі тұр, жанында роялі бар, сол суретті көрген кезде «апа, апа» деп қуанып кетеді. Үлкен ұлымның музыкалық қабілеті жақсы ғой деймін, көлікте келе жатқанда радиодан анамның әндерін беріп жатқанда, алғашқы ноталарынан-ақ «мынау апам ғой» деп танып қояды. Ал кіші ұлымызға әжесімен «танысуға» әлі кішкентай, ол енді ғана сөйлеуге талпынып жүр.

«ОНЫҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫН ЕНДІ ТҮСІНГЕНДЕЙМІН»

Анам қайтыс болғанда мен бар болғаны 19 жаста болатынмын. 2-ші курстың студентімін, еш алаңсыз өмір сүріп үйреніп қалған маған анамның қапияда болған қазасының қандай соққы болғанын айтып жеткізе алмаспын, өкініштің ащы өксігі әлі күнге дейін сезіледі. Кейде
Әнші Мәдина Ералиева, 1985 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
қатты қиналғанда, ол кісіні сағынғанда анамның үнтаспасын қосып тыңдаймын, оның орындауындағы әндер маған ерекше күш бергендей болады.

Бұрын мен анамның әндерін көп тыңдамайтынмын, жастау кезде көбіне Батыстың әндерін тыңдап өстік қой. Қазір өзім «Ақсарай» театрында жұмыс істегелі және анам жанымда жоқ болғаннан бері ойлап отырсам, анамның фольклорлық-этнографиялық сарында ән салатындардың арасында ерекше әнші екенін түсіндім.

Қазір де осы стильде ән айтатындар бар ғой, бірақ жеткілікті тұрғыда насихатталмайтындықтан болар, халық көп біле бермейтін әншілер де кездеседі. Қазақ «алтынның қолда барда қадірі жоқ» дейді ғой, анам тірі болғанда былай етер едім, әндерін әрлеу барысында мынадай кеңес берер едім деп ойға бататын кездерім де болады.

Қазір ойлап отырсам, менің анам өз саласының шебері, ән әлемінің «маңмаңгері» болған екен. Өнерге деген сүйіспеншілігі мен өзінің бойына біткен еңбекқорлығы мен қайсарлығының арқасында халқының сүйікті әншісі болды. Анам өмірден өткенде қоштасуға келген халықтың көптігінен жер қайысты, сонда жиналғандардың аузынан мұнша көп адам Дінмұхаммед Қонаев қайтыс болғанда ғана болып еді дегенді естіп қалдым.

Мәдина Ералиева халық үшін қайталанбас әнші, елдің ерке «Ақбаяны» еді, ал отбасында ол кісінің қандай адам екенін ұлынан артық ешкім біле қоймас?

Анам тазалықты қатты сүйетін. Ешқашан тыным таппайтын, үнемі тіршілік істеп жүретін, өте еңбекқор адам еді. Сондай-ақ жауапкершілігі өте жоғары, мені де әр ісіме жауапты болуға, тиянақты болуға үйрететін. Жылы жүзінен мейірімі төгіліп тұратын, өзі
Әнші Мәдина Ералиева өзін елге әйгілі еткен «Ақбаян» әнін шырқап тұр, 1978 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
қиналып тұрса да, ешқашан ешкімнен қолынан келген көмегін аямайтын, достыққа да өте берік әрі өте адал жан еді.

Анам маған және өзінің сіңлісі Сағира тәтеме қатты қамқорлық жасап, еркелететін, ол екеумізге «мен өліп қалсам, бұл заманның қасқырларына жем болып кетесіңдер ғой» дегенді жиі айтатын. Қазір осы сөздердің қаншалықты рас әрі жанды екендігін түсініп жүрмін. Пысықтау, ширақтау, заманға сай болыңдар деген мақсатпен айтқаны екен ғой.

Анам сахнада қандай үлбіреп тұрған нәзік болғанымен, үйде әйел ретінде де, ер азамат ретінде де кез-келген жұмысты атқара беретін, тіпті құрылыс жұмыстарына да белсене кірісіп кететін. Өзі жастайынан жетім қалып, қиындықты өте көп көрген адам ғой. Сол себептен де барлық шаруаға ебі бар болатын.

Ал тігіншілік өнерін нағашы атамнан дарыды дейтін. Анамның нағашы атасы кезінде аты біраз жерге тараған керемет тігінші әрі ұста болған екен. Әлі күнге дейін сол атамыздың нағашы әжемнің жасауына берген «Зингер» деген өте ескі тігін машинасы бар үйде.

ОЛ ТАБИҒАТ-АНАМЕН СЫРЛАСЫП, ДАЛАДА СЕРУЕН ҚҰРҒАНДЫ ҰНАТАТЫН

Халыққа Мәдина Ералиеваның тек әнші ретінде ғана емес, жақсы тігіншілігі де мәлім, ол кісі қолы қалт еткенде немен айналысушы еді?

Өнер адамдарының аса көп бос уақыты бола бермейтіні белгілі ғой, дегенмен гастрольдік сапарлардан, концерттерден сәл қолы босай қалса, анам табиғат-анамен сырласып, далада серуен құрғанды ұнататын. Анам табиғатты керемет жақсы көретін, кейде жұмыстан шаршап келе салып, мені ертіп «Медеуге» баратын.

Мұндай кезде мен оны оңаша қалдырып, өзім көлікте отырып күтетінмін, ол өзі жалғыз өзеннің жағасында отырып, судың аққанын тыңдайтын. Өзі Сырдың тумасы болғандықтан шығар, концерттік сапарларға шыққанда, Сырдың суын «туған жердің суы тірі болады» деп ыдысқа құйып сіміретін. Сондай-ақ өте ырымшыл адам еді.
Мәдина Ералиева Каспий теңізінің жағасында, Ақтау қаласы, 1997 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.


Өнерде жүрген қыз-келіншектердің арасында алғашқы болып, 90-жылдардың басында көлік жүргізді. Көлік жүргізгенді жаны сүйетін, «машина айдасам демалып қаламын» дейтін. Тумысынан алғыр, қабілеттілігінің арқасында көлік жүргізудің өзін 3-4 сағатта-ақ үйреніп алды.

Қаламыздағы Жансүгіров даңғылында орналасқан автодромда 3 сағаттан астам уақыт нұсқаушымен бірге отырып үйреніп, содан шығып үйге дейін көлікті өзі жүргізіп келді. Мен де көлік жүргізуді сол мектепте үйрендім, сонда бұл іске кем дегенде 4-5 күннің керек екенін байқадым. Анамның алғырлығы мен зеректігі болашақта менің балаларыма дарыса екен деп тілеймін.

Мәдина апай жайлы естеліктерде ол кісіні ерке де нәзік болумен бірге өр мінезді өжет болатын деген сөздер айтылады, анаңыз осы мінезін сізге байқататын ба еді?

Иә, ондай мінезі де бар еді. Дегенмен, анам маған көбіне мейірімділікпен қарап, еркелетуге тырысатын. Сол кезде мен анамның өзге кісілердің көзінше еркелеткенінен қатты ұялатынмын. Соншалықты аналық көл-көсір мейірімін танытатын, бірақ кей-кейде жауапсыз, тиянақсыз істерімді көргенде, жақсылап тұрып сазайымды тарттыратын. Қазір өзім де балаларыма тек мейіріммен қарап, еркелетіп қана өсірудемін, кейде сол үшін келіншегіммен келіспей қалатын кездеріміз де болады.

Анаңыздың сізге немесе сіздің оған жасаған ерекше сыйыңыз есіңізде ме?

Анам гастролдік сапарлармен шетелдерге жиі барып тұратын еді ғой, сол сапарларынан маған түрлі сыйлықтар әкелетін, оның көп бөлігі кітаптар болатын. Кітаптың ішіне «Арсенге мамасынан» деп жазып, қолтаңбасы мен сатып алынған күнін белгілеп қоятын, сол сыйға тартылған кітаптарды әлі күнге дейін оқып жүрмін.

Ал өзім анама өмірімде бір ғана сыйлық жасаппын. Қателеспесем 18 жасымда шығар. Анамның туған күніне үлкен гүл шоғын сыйға тартқанмын. Ең бірінші әрі ең соңғы сыйым сол еді.

«ӨМІРІНІҢ СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ИСЛАМҒА ДЕН ҚОЙДЫ»

Анаңыз қайтыс болғанда халық арасында жол апатына байланысты көптеген әңгімелер болып жатты. Сіздің бұл жайлы пікіріңіз қалай?

Әрине, түрлі сөздер болды. Ол сөздердің болатынын білгем де, себебі менің анам жәй адам болған жоқ, халқының белгілі перзенті, ерке қызы болды. Танымал адамдардың артынан міндетті түрде неше түрлі сөздер ереді ғой. Бірақ сайып келгенде, ол Алланың жазған
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиева, 1999 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
ғұмыры, пенденің Жаратқанның берген өлшеулі өмірінен артық жасамасы ақиқат қой, апат айтып келмейді.

Оның үстіне қараша айында жол тайғақ, анам апатқа ұшыраған көліктің ішінде өзімнің жездем де болған. Жол үстінде күтпеген жағдайлар туындап жатады. Мысалы, менің көлік жүргізгеніме 10 жыл болды. Осы уақыттың ішінде қанша жолдастарымыз жол апатынан қаза болды. Яғни, анамның қазасына тағдырдың жазғаны, айтып келмейтін ажалдың құрығы жеткен кез деп қараймын.

Пендеге Алла-тағала бақилық боларын сездіреді екен дегенді көп естиміз, ал сіз анаңыздан осындай жағдайды байқамадыңыз ба, әрине, дәл сол кезде болмаса да, кейіннен еске алғанда?

Мен пәлендей қатты сездім деп айта алмаймын, бірақ анамның соңғы уақыттардағы тым діншіл боп кеткендігі ойлантатын. Анам жалпы Аллаға сенетін адам еді ғой, бірақ ешқашан Құран сүрелерін жаттап, оқып жүргенін бұрын-соңды көрген жоқпын, әлде балалықпен байқамадым ба екен.

Ал қайтыс болуына бір жыл қалғанда анам кенеттен Исламға бет бұрып, Құран оқитын, имамдармен, шариғатты жақсы білетін адамдармен уақытын көп өткізетін болды. Тағы бір ескеретін жай, анам қазасының алдында берген сұхбаттарында «түсімде Арыстан бап сені күтіп отырмын ғой, қашан келесің?» деп айтты депті.

Әрине, ол кезде анам ол түсін басқаша жорып, сол әулиеге зиярат етіп те бірнеше рет барып қайтты. Бірақ ол кісінің тағы бір қасиеті - өте сезімтал адам болатын, содан да өзінің қазасын алдын ала сезген шығар деп ойлаймын.

«АНАМ ДҮНИЕДЕН ОЗҒАН СОҢ ӘКЕММЕН АРАЛАСА БАСТАДЫМ»

Мәдина Ералиеваның халыққа сыйлы адам болғаны баршаға мәлім, сол себепті де аралас-құралас жандар көп болған шығар, ал күнделікті өмірде кімдермен жақын дос болды?

Әрине, елдің алдында жүрген азамат ретінде көптеген жақсы-жайсаңдармен дастархандас, дәмдес болды ғой, бірақ сахнадан, қоғамнан тыс тіршілікте ол кісінің қатты жақын араласатын адамдары көп болған жоқ. Қазір есіме түсіп отырғандарды атасам, «Адырна» ансамбліндегі конферансье Гүлзия Байбосынова, Ақтау қаласындағы құрбысы Ұлбосын Ахметова, ал әншілерден Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Майра Ілиясовамен және сазгер Қалдыбек Құрманәлімен жақсы араласты, қалғандары өзінің туыстары болатын.

– Адам нағашы жұртқа екі дүниеде қарыздар дейді ғой, сіз анаңыздың туған жері Қазалымен қарым-қатынастасыз ба?

– Анам ата-анасынан ерте айырылған, жалғыз сіңлісі Сағира тәтемнен басқа бірге туған бауыры жоқ. Дегенмен ол жақта анамның төркін жұрты, ол кісінің нағашыларының балалары бар. Бірақ қонысымыз басқа болғандықтан, жиі барып тұрамын деп айта алмаймын. Жұмыс бабымен немесе той-жиындарға жалпы сәті түскен кезде барып тұрамын.

– Сіз әкеңізбен тек анаңыз дүниеден озғаннан кейін ғана араласа бастадыңыз ба?

– Иә, анам өмірден кеткесін, жаныма жақын адамның өте керек екенін түсіне бастадым. Сөйтіп, 2003 жылдан бастап әкеммен жақсы араласып тұрамын. Қазір бір шаңырақта, бірге қызмет істейміз. Қарым-қатынасымыз жақсы. Мен негізі ол кісімен ертерек бала кезімде араласқым келген еді, бірақ балалықпен ол мақсатқа қарай еш қадам жасамаппын, кеш аралассақ та әкем екеуіміздің арамызда ешқандай қиындық туындаған жоқ.

– Ұлдарыңыздың бойынан, қылықтарынан әке-шешеңізге ұқсастық байқалмай ма, жалпы олар кімге тартқан?

– Енді ол жайлы әлі айтуға ертерек болар. Дегенмен, үлкен ұлымның көптеген қылықтары мен түр-әлпеті әкеме ұқсайды. Ал кіші ұлымызды достарымыз бен туыстарымыз, тіпті алғаш көрген адамдардың өзі менің анама ұқсатып жатады.

«ТАНЫМАЛ АДАМДАРДЫҢ БАЛАСЫ БОЛУ – ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ»

– Баланың бәрі кішкене күнінде мақтануға бейім болады. Сіз бала кезіңізде Мәдина Ералиеваның ұлымын деп мақтанушы ма едіңіз?

– Әрине, еш мақтанбадым десем өтірікші болар едім, менде ондай сезімнің болғаны рас, анамның аз ғұмырында ел сыйлайтын дәрежеге көтерілгеніне, халықтың сүйікті қызы болғанына қазір де мақтанамын. Бірақ, мен осы мақтаныш сезімімді сыртқа шығаруға қазірге дейін ұяламын.

Мектепте жүргенде де оны айтып ерекшеленгім келмейтін. Қарапайымдылықты ұнатамын. Бір кісілер «Мынау Мәдинаның ұлы» дегенде қатты қобалжимын, себебі мен үшін ол үлкен жұмыс болып көрінетін. Атақты адамның баласы болу деген үлкен жауапкершілік жүктейді ғой.

Қазақтың өнеріне менің анамның қалдырған қолтаңбасы қандай болса, әкемнің де сіңірген еңбегі жеткілікті, оның бәрі халықтың көз алдында. Бірақ Мәдина Ералиева мен Болат Атабаевтың баласы болу іштей жүрегіме мақтаныш сезімін ұялатқанымен, сыртыма шығармайтын себебім: сондай адамдардың баласы деген атаққа ылғи барлық жағынан лайық болып жүру дегеннің оңай еместігін бала кезімнен-ақ түсіндім.

Мектепте де сабағымды жақсы оқып, қолымнан келгенше анамның атына кір келтірмеуге тырысып бақтым, ұстаздардың да, құрбыластарымның да мені анамның атағы үшін ерекшелеуіне жол бермеуге ұмтылатынмын. Жалпы айтсам, бұл маған мақтаныштан гөрі артар жүгі ауыр жауапкершілік деп қабылдаймын.

– Асыл анаңызды тудырған, оның сыңғырлаған дауысын құрметтеген елге деген тілегіңіз қандай?

– Талай дарын мен талантты дүниеге әкелген қазақ деген халыққа, анамның тыңдарманы мен көрермендеріне деген құрметім шексіз. Елі сыйламаған адам өнердің көгінде қалықтамаған болар еді, сондықтан да анамның әнін сыйлап, «Ақбаян» деп ат берген жұртқа айтарым тек қана алғыс, өнер адамдарының әр қадамын насихаттап жүретін журналистер қауымына да көп рахмет!

Ал өзім жұмысқа келе салып қарайтын интернет парақтардың ішіндегі шоқтығы биік, таразының басын тең ұстауды мақсат еткен Азаттыққа шығармашылық табыс тілеймін. Қаламдарыңыз мұқалмасын, өшпес өнерді дәріптеудегі жұмыстарыңыз жемісті болсын!

– Сұхбатыңызға рахмет!



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Асия Қайдан: Алматы
27.08.2009 20:44
+0 / -0
Сұхбатты оқып отырып, көзіме жас алдым. Қандай ақылды ұл қалған артында. Мәдина апайдың жаны жаннатта болсын. Қазасын естігінде қатты өайғырып едім, енді ұлының мазмұнды да мағыналы сұхбатын оқып, іштей риза болып отырмын. Әрбір сөзі салиқалы да, салмақты екен. Жаны таза екені көрініп тұр. Алла жар болсын!!!

Кімнен: marat Қайдан: oral
27.08.2009 22:40
+0 / -0
Арсен бауырымыз тектінің тұяғы!Тіл көзден сақтасын.Лайім қазақтың дарынды жұлдызы Мәдина апамыздың аруағын асқақтата берсін! Қандай өкінішті өлім, ех....

Кімнен: Алтын Қайдан: Алматы
28.08.2009 02:25
+0 / -0
Мәдинаны да,Болатты да жақсы білемін.Сағирамен де араластым. Әрине бала үшін ана мәңгі биіктен көрінеді.Солай болуы да керек. Бірақ, Болаттай жігіттің жары болу бақыты ұзаққа созылмауы тек Мәдинаның өз күнәсі! Оны өзі де кеш түсінді. Арсенге бақыт тілеймін. Сенің табиғатың, ақылың әкеңнен. Қара жер хабар бермесін.

Кімнен: Қазақ қызы Қайдан: Астана
28.08.2009 12:34
+0 / -0
Алтынға, марқұм Мадина апамыз жайлы бұлай деуге қасиетті Рамазан айында қалай ғана дәтіңіз барады?! Анасы кінәлауға (күнә емес) тым болмаса, Арсеннен тартынсаңыз етті. Бала Арсенді Болат тәрбиелеген жоқ қой. Ұрпақ тәрбиесі қашанда анаға байланысты. Қанына тартуы мүмкін. Бірақ бәрі де отбасындағы тәрбиеден. Ал, Болат 19 жасқа дейін Арсенмен араласпаған болса... Онда не айтып отырсыз?...

Кімнен: Қазақ қызына
28.08.2009 15:37
+0 / -0
Әйелдердің осындай әдеті жаман енді. Жоқ жерден дау шығаруға құмар. Ораза айында біреуге сын айтып, албаты сөйлеуге өзіңе ұят емес пе?! Өнер адамдарынің жеке өмірі туралы мақала жазып батыс үрдісін қайталағаннан Якия қарындасымыз не ұпай жинады екен? Бірақ Азаттық батыстың жобасы ғой. Ералиеваның әндерін тыңдаймыз. Атабаевтың ұшқыр ойына, батылдығына,шыншылдығына, біліміне тәнтіміз. Баласы өзіне тартсын.

Кімнен: Жанарбек Қайдан: Баян-өлгий
29.08.2009 08:58
+0 / -0
Біз бала кезімізден бастап Мәдиненың әнін естіп өстік қайдан алғанын білмеймін біздегі қазақ радио қорында Мәдинаның бірнеше әндер бар еді кез клгенін айтылғанда жым болып тыңдауыш едік....қайран Ақбаян сағындық сені !топырағың торқа иманың жолдас болсын!!!Арсен бауырымыз бір балаңды апасына еліктетіп өсірерсің деп ойлаймын!!!

Кімнен: Сагира Қайдан: Алматы
29.08.2009 14:39
+0 / -0
Алтын апай салеметсiз бе?!Ия,созiнiздiн жаны бар, балага тарбие бер,берме ол канмен келетiн нарсе.Оган менiн толык козiм жеттi...Ал егерде Мадина омiрге кайта келетiн болса,Арсенмен А.Болаттын басын косканым ушiн, олiп турып таяк жер едiм!Кудайга шукiр,Арсен жаман жiгiт емес!Мадина,рухы куштi адамдардын бiрi...!!!

Кімнен: Алтынға Қайдан: Астана
29.08.2009 18:55
+0 / -0
Мен оразамын. Басқа айтарым жоқ. Аллаһ сізге сабыр берсін! Рамазан айында Аллаһ жүрегіңізді тек ғана иманға толтырып, нұрландырсын!

Кімнен: Әділжан Қайдан: Алматы
29.08.2009 21:27
+0 / -0
Сағираға.
Сонда Мәдина Ералиева ақмақ адам болғаны ма? Баласын әкесінен айырып қайда апармақ?

Кімнен: шынар Қайдан: ақш
30.08.2009 04:04
+0 / -0
Қазақтың маңдайына жазған екі асылдың баласы неге жаман болсын!

Кімнен: Мұхтар Қайдан: Алматы
30.08.2009 10:43
+0 / -0
Қойыңдар, қазақтар! Аруқты мазалап қайтесіңдер. Болар іс болды. Ералиеваны әнші ретінде қабылдау керек, марқұмның басқа тірліктерін ұрпақтары үшін ұмытыңдар! Сүхбат жақсы екен.Әрсен түйсікті жігіт екен!

Кімнен: Алмаш Қайдан: Қ-Орда
30.08.2009 12:24
+0 / -0
Жас Мәдина, соңғы кездердегі Мәдина /суреттерді қараңдар/айырмасы жер мен көктей. Болат аға сол жас кезіндегі Мәдинаға ғашық болған шығар.

Кімнен: Сырлы Қайдан: Қызылорда
30.08.2009 21:06
+0 / -0
Арсен ойы бар жігіт екен. Мадина Ералиеваны сүйіп тыңдаймыз. Болат Атабаевтың қазіргі жұбайы Жеңіс Ысқақова да тамаша әнші. Бақыт тілеймін!

Кімнен: Апатай Қайдан: Жайык бойы
01.09.2009 11:49
+0 / -0
Жеңіс Ысқақова Болат Атабаевтың жары ма?
Мен қарсы емеспін, бірақ бұрын білмеген соң сұрағаным.
Білетіндеріңіз, айтыңыздаршы.

Кімнен: Апатай Қайдан: Жайык бойы
01.09.2009 11:51
+0 / -0
Ал, Арсен тамаша азамат.
Жас болса да салиқалы сойлейді екен.
Осының бәрі тал бесік-тәрбиенің арқасы.
Қазақтың ерке қызы Мадина иманды болсын.
Әкең екеуің және сендерден тараған ұрпақ бақытты болсын!

Кімнен: Айша Қайдан: алматы
01.09.2009 12:37
+0 / -0
Ж.Ысқақова Атабаевтың жары емес.Әрсен,анаңыз ер мінезді,қолы ашық,жаны таза адам болатын.Анаңыздың әруағы қолдасын сізді.Өмірде жолыңыз ашық болсын!Мәдина апайымыздың немерелерін жақсы азамат етіп тәрбиелеңіз.

Кімнен: Сырлы
01.09.2009 22:05
+0 / -0
Болат Атабаевтың жары Жеңіс Ысқақова. Екеуі қазір концерттік бағдарлама дайындап жатыр. Менің жақын ағайым тойларында тамада болған.

Кімнен: Болат
01.09.2009 22:16
+0 / -0
Айналайын,қазағым! Өзі үйлендіреді, өзі ажыратады, өзі өлтіреді, өзі тірілтеді! Бәрі өз қолында. Тек Жеңістен ұят болды. Аман болайық. Ораза құтты болсын ұстаған жан!

Кімнен: Айгүл Абдрахманова Қайдан: Алматы қаласы
05.09.2009 19:49
+0 / -0
"Место того жаловаться шипы у розы, я радуюсь тому, что среди шипов растет роза" деген екен бір данышпан. Шынымен, өз өмірінде қиындықты да (Алматы әркімге есігін айқара ашып, құшағына алатын қала емес, қалалық тіркеу, баспана тауқыметі сияқты кедергіні бастан өткермеген қазақ кемде-кем)басынан өткерген Мәдина әншіні көзі жоқта сан-саққа жүгірткенше, еңбекқорлығын, әншілігін, суреткерлігін әңгіме қылуға болмас па?! Жастық шығар, балалық аңғалдық тіпті пенделік болар - екі адамға ғана қатысты түсінбестікке "бас ауыртқандарыңызға" жол болсын! "Жақсының артынан сөз ереді" деген де бар, аңыз-адамның соңынан айтылар сөздерді айтпас бұрын ойланғанымыз дұрыс болар. Бала үшін ата-ана жауапты болғанмен, ата-ана үшін баладан "түсініктеме" күткендей, сұхбатты талқыға салғандарыңыз да біртүрлі екен... Ендігі жерде ұсақ-түйек әңгімеден гөрі, сахнаның аққуы ән-Мәдинаның күміс үнін, Айқаракөз әншінің сахналық костюмдерін (не ұзын етекке, не өңірін жабаркеудешеге жарымай жүрген жалаңаштарды көрген соң айтуға тиіспіз ғой)насихаттасақ, сонымыз адамшылық болар... Адамның алдында, аруақтың алдында... Ойланайықшы! Арсен, айналайын, "если собаки лают, то ты на коне" деген екен, адамдардың төмен ойларына мән бермегейсің! Анаңның атына ешқашан кір келтірмей, балапандарыңды жақсылап тәрбиеле! Анаңның көзіндей болған Сағира апаңды құрметте!