Accessibility links

Қазақстанда халық санағының түпкілікті қорытындысы әлі шыққан жоқ


Қазақстанда 2009 жылғы ұлттық санаққа дерек жинаған санақшының портфелі.
Қазақстанда 2009 жылғы ұлттық санаққа дерек жинаған санақшының портфелі.

Өткен жылғы ұлттық халық санағының ресми қортындысы таяуда жарияланбақшы. Бұл санақтың өзіндік қайшылығы көп болды. Санақ қортындысының ресми түрде енді жариялануының мәнісі неде болуы мүмкін.


Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы 2009 жылы 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында өтті. Ел тәуелсіздік алғалы бері екінші рет өткізіліп отырған ұлттық халық санағы Қазақстан тұрғындарының саны – 16 миллион 4 мың 800 адам болғандығын көрсетті.

Бұл - 2009 жылғы ақпанның 24-інен 25-не қараған түнгі cағат 12-дегі есептеу сәтіндегі жағдай. Яғни, осыған дейінгі өткен (1999 жылы ақпанның 24-інен 25-іне қараған түнгі сағат 12-дегі) санақпен салыстырғанда Қазақстанда халық саны 6,8% -ға өскен.

Алайда көп ұзамай, статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов, 2010 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан халқының саны 16 миллион 196 мың 800 адамды құрағандығын хабарлады. Оның сөзінше, бұл – халық санағы нәтижелерін ескере отырып, нақтыланған дерек.


ҚАЗАҚТЫҢ САНЫ ҚАНША?

Қазақстанда өткен санақ елдегі барлық тұрғындардың санын ғана емес, оның ішінде қазақтың және өзге де ұлттардың нақты санын көрсетуі тиіс еді. Алайда санақтың қортындысының әрқалай құбылуы және оның нақты жарияланбай келе жатуы қоғамда алаңдау туғызды.

Мәселен, алдын-ала қортындылар бойынша елдегі қазақтар саны 67 % деп айтылды. Одан кейін 63,1% делінсе, 2010 жылдың 1 қаңтарына жедел ақпараттар бойынша республикада қазақтардың үлесі 63,6%-ды құрағандығын хабарланды. Экономист Мұхтар Тайжан санақ барысында тек қазақтардың үлес пайызы өзгеріп отырғандығына назар аударады.

– Санақтың алдын ала мәліметін жариялаған кезде қазақ санының 67 пайыздан асқандығы айтылды. Одан біраз уақыт өткенде 64 пайызға жуықтағандығы айтылды. Мамандар оны санаққшылар қателесті деп жылы жауып қойды. Дегенмен, санақшылар қателессе – ол жалпы санға әсер етуі тиіс емес пе? Ал қортынды бойынша тек қазақтардың саны ғана кеміп отыр? – дейді экономист Мұхтар Тайжан.

Одан өзге, ол он жылда бір өткізілетін санақты өткізудегі жемқорлық дауын санамағанның өзінде, санақ қортындысына күмәнмен қарайтындығын айтады.

– Не маған, не менің отбасыма, тіпті менің көптеген достарыма санақшылар келген жоқ. Бұл - Алматының ортасында болған жайт. Ал алыстағы ауылда санақ қалай өтті десеңізші? – дейді Мұхтар Тайжан.

Дегенмен, Қазақстан статистика агенттігінің ұлттық санақ қортындысы бойынша жасаған таныстырылымында, қазақтар саны 1999 жылғы санақпен салыстырғанда 26,1%- ға өскендігі айтылған. Сондай-ақ көбейгендер қатарында өзбектер – 23,3% және ұйғырлар 6%-ға өскен.


СЫРТ КӨЗ - СЫНШЫ

Санақтың алдын ала қортындыларында қазақ ұлтының саны кеміп жатқандығы Қазақстан парламентаризмін дамыту қорының төрайымы Зәуреш Батталоваға да ұнамайды. Оның сөзінше, бұл билік тарапынан әдейі жасалынып отырған қадам болуы мүмкін.

– Билік саммиттің алдында өзге ұлттарға көбірек көңіл бөліп. Ассамблеяға мол мүмкіншілік беріп жатыр. Меніңше қазақтардың саны азайса, Ассамблеяның негізгі шешімдері, өзге ұлттардың президентті қолдауы – біздің қоғамның негізгі пікірі деп қабылданады. Ал қазақтардың пікірі тыс қалып қоймақ, – дейді Зәуреш Батталова.

Ол сондай-ақ санақтың ресми қортындысын Астанада жоспарланып отырған үкіметтік емес ұйымдар мен ЕҚЫҰ саммиттерінің алдында жариялауының өзін қоғам назарын аулау деп бағалайды.

Дегенмен экономист Мұхтар Тайжан санақ пен саммиттің арасында ешқандай байланыс болуы мүмкін емес деген ойда.

– Өкінішке қарай, мемлекеттік органдарда қызметкерлердің біліктілігі төмендеп барады. Санақты екі жылға жуық уақыт созып, енді ғана жариялауға дайындауы - осының кесірінен. Меніңше, оның саммитпен еш қатысы жоқ. Оның үстіне самитте Қазақстанның ішкі саясаты емес, халықаралық мәселелер сөз болады. Сондықтан ел ішіндегі санақ – ел ішіндегі ұлттық саясат пен экономикалық саясат үшін маңызды, – дейді Мұхтар Тайжан.

Сондай-ақ ол санақтың ресми қортындысы шыққан күннің өзінде оған сенудің қажеті жоқ деп санайды.

Ал экономист Қанат Берентаев, қазақ санының құбылуына тереңірек үңілу қажет деген пікірде.

– Санақтың қортындысындағы қазақтар санының көбейгендігіне ғана емес, оның қалай көбейгендігіне назар аудару қажет. Бұл өте маңызды. Экономика үшін өзіндік мәнге ие. Себебі, қазақтардың саны соңғы жылдары елге келіп жатқан оралмандар мен ауыл тұрғындарының арқасында артып отыр. Ал қала мен ауылдың айырмашылығы жер мен көктей. Қорыта келгенде қазір қазақтардың арасында білімі төмендердің білімділерге қарағанда тезірек көбейіп жатқандығы байқалады, – дейді экономист.

Оның пікірінше саны көп ал сапасы нашар кадрлер ел экономикасына айтарлықтай әсер етеді.


ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ САНАҒЫ

Соңғы өткен санақ өзінің атышулы қаржылық істерімен есте қалды. Агенттік мамандары халықтың санын қайта-қайта санап жатқан тұста, елдің қаржы полциясы санаққа жұмсалған қаржыны санаудан жалықпады.

Ресми мәліметке сүйенсек, 2009 жылғы халық санағына республикалық бюджеттен 1 миллиард 144 миллион теңге бөлінген. Соның тек 379 миллион теңгесі ғана (2,5 миллион доллар шамасында) белгіленген мақсатқа жұмсалған.

Қаржы полициясының ендігі бір ресми мәліметі бойынша, осы соманың 764,8 миллионы (5,1 миллион доллар) талан-таражға түскен.

Қаржы полициясы қаржыны жымқыру фактісі бойынша бірқатар жауапты азаматтарды, оның ішінде сол кездегі статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаеваға, оның орынбасарлары – Нұрман Баянов пен Бiрлiк Меңдiбаевқа және кәсіпкер Серік Тұржановқа қатысты қылмыстық іс қозғады.

2010 жылдың шілде айында Астананың Есіл аудандық №2 сотында кәсіпкер Серік Тұржановты тоғыз жылға бас бостандығынан айырып, жеті жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салу туралы үкім шығарды.

Ал статистика агенттiгi басшысының бұрынғы орынбасарлары – Нұрман Баянов алты жылға, ал Бiрлiк Меңдiбаев бес жылға бас бостандығынан айрылды.

Ал шет елге кетіп қалған Анар Мешімбаеваға халықаралық іздеу жарияланды.
XS
SM
MD
LG